11.12.2019, 15:48
Оқылды: 204

Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – мерейлі міндет

 

Мемлекеттік рәміздердің белгіленген стандарттарға сай келуі мен орналасуы жөнінде Қазталов аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Самал Жангереевамен сұқбаттастық.

??????????

– Аудан бойынша мемлекеттік рәміздерді пайдалану қалай жүзеге асуда?

 Мемлекеттік рәміздер – кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырамас атрибуттарының бірі. Қазақстан Республикасында Мемлекеттік Ту, мемлекеттік Елтаңба, мемлекеттік Гимн мемлекеттік нышандар болып табылады. Қазталов ауданы бойынша мемлекеттік рәміздерді кеңінен насихаттау мен дұрыс қолдану жөнінен мемлекеттік саясатты жүзеге асыру барысында жоспарлы жұмыстар атқарылуда.

Осы күнге дейін мекемелер мемлекеттік рәміздерді «Геральдика», «ЭКСПО» ЖШС сынды өндіріс орындарынан алып келді. Күні кеше облыста мемлекеттік рәміздерді шығаратын «Қазақ гербы» ЖШС ашылды.

Мемлекеттік рәміздердің қолданылу стандарты қандай? Елтаңбаға қандай өзгерістер енгізілуде?

ҚР мемлекеттік рәміздерінің белгіленген стандарттары бар. Ғимараттың ішінде рәміздерді өзіндік қолдануы бар. Мектептерде, мемлекеттік мекемелердің үлкен фойелерінде орналастырылады. Лауазымды тұлғалардың кабинеттерінде 1,2 метр өлшеммен мемлекеттік Елтаңбаның сол жағында тігіледі. Ал Елтаңба диаметрі 500 мм лауазымды тұлғаның жұмыс орнының артқы жағына орнатылады.

qaztalov (2)

Мемлекеттік Елтаңбаға байланысты белгіленген техникалық шартқа 2018 жылы өзгерістер енгізілді. 2018 жылдың 1 қарашасынан бастап енгізілген өзгерістер ҚР СТ-989 2014 стандарты бойынша дайындалған. Бұл өзгеріс нені білдіреді? Елтаңбадағы «Қазақстан» жазуының латын графикасына көшуімізге байланысты «Qazaqstan» болып өзгертілуде. Өзгеріс 2022 жылдың 1 қаңтарына дейін жүреді. Мемлекетік органдар 2022 жылға дейін Елтаңбаны латын графикасына ауыстыруға болады. Дегенмен Елтаңбадағы кириллицамен жазылған «Қазақстан» жазуы әлі де өз күшінде.

Ауданда мемлекеттік рәміздерді қадағалайтын комиссия бар ма? Қадағалау кезінде стандартқа сәйкес келмеген рәміздерді пайдаланған жағдайда қандай шаралар қолданылады?

Қазақстан Республикасы мемлекеттік рәміздер жөніндегі ауданда комиссия жұмыс жасауда. Комиссия құрамына мемлекеттік ұйымдар, БАҚ өкілдері, жастар қоғамдық бірлестігі, үкіметтік емес ұйымдар кіреді. Комиссия отырыстары бекітілген жоспарға сәйкес тоқсан сайын өтеді. Аудандық ішкі саясат  бөлімі тарапынан әр тоқсан сайын мониторинг жұмыстарымен қатар «Сенбілік түнгі рейд», «Мемлекеттік рәміздердің жарығы» рейдтері тоқсанына бір рет ұйымдастырылады. Рейд барысында мемлекеттік рәміздердің түнгі жарықтандырылуына, жыртылу, бүлінуіне байланысты арнайы мониторинг жүргізіліп, тиісті ескертулер беріліп, түзету шаралары алынады.

Техникалық реттеу және метрология комитетінің БҚО бойынша департаменті және БҚО ішкі саясат басқармасымен біріге отырып жыл сайын мемлекеттік рәміздердің стандартқа сай қолданылуының мониторингі жүргізіледі. 2019 жылдың маусым-шілде айларында ауданға келіп, мемлекеттік рәміздерге мониторинг жүргізді. Тиісті ескертпелер айтылып, әдістемелік көмек берілді. Барлық 54 мекеме, 6 ауылдық округ тексерілді.

Мемлекеттік Тудың ластануы, Мемлекеттік Елтаңбалардың түстерінің қараюы, мекеме қолданысындағы фирмалық бланкілердегі Елтаңбаның бейнесі ескі үлгіде екені анықталды. Аталмыш мәселелер қолға алынып, тиісті ескертпелер мемлекеттік органдарға, ауылдық округтерге жіберілді. Қазіргі күні түзету жұмыстары жүргізілуде.

Өкінішке орай рейд кезінде мемлекеттік Тудың жыртылуы, Елтаңбаның бүлінуі сынды жәйттерді анықтаймыз. Көктем, күз, қыс мезгілдеріндегі ауа райының қолайсыздығы себеп болып отыр. Бұл уақытта жауын-шашын көп болып, қатты жел де әсер етеді. Мекемелердің сыртына ілінетін Тулар сыртқы Тудың сапасына сәйкес келмейді. Сыртқа ілінетін Ту мен ішкі ілінетін Тудың сапасы екі бөлек. Соған байланысты бағасы да қымбат болып келеді. Сәйкес келмеген Тулар тез бүлініп, жыртылып жатады.

Рейд кезінде стандартқа сәйкес келмейтін рәміздерді анықтап, жоямыз. Мемлекеттік Ту стандартқа сәйкес келмесе 2,5 шаршы сантимертден аспайтындай ұсақтап, Елтаңбаны уатып, өртеген соң акт толтырылады.

Ескерту бергеннен кейін 1 күн уақыт береміз. Егер орындалмаған жағдайда хаттама толтырып, сотқа жіберіледі. Соттың шешіміне сәйкес айыппұл төлейді. Мемлекеттік рәміздер пайдалану міндетті жағдайда оны пайдаланбау лауамызды адамдарға 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, ҚР Туын, Елтаңбасын және олардың бейнелерін заңсыз пайдаланған жағдайда 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Ал ұлттық стандартқа сәйкес келмейтін рәміздерді пайдаланған кезде жеке тұлғаларға 50 айлық есептік көрсеткіш, дара кәсіпкерлер не шағын, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 150 айлық есептік көрсеткіш, ірі кәсіпорындарға 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Айыппұлдар салынғаннан кейін тағы да құқықбұзушылық әрекеттер анықталса жеке тұлғаларға 80 айлық есептік көрсеткіш, дара кәсіпкерлер не шағын, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 200 айлық есептік көрсеткіш, ірі кәсіпорындарға 500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлейді. Әрине, біз бұл жағдайға жеткізбеуге тырысамыз. Дегенмен осыны ескерген жөн.

Ауданда мемлекеттік рәміздерге қатысты қандай шаралар өтеді?

Аудандық білім беру ұйымдарында, кітапханаларда мемлекеттік рәміздерге арнап бұрыштар жасақталып, ашық сабақтар, түрлі шаралар өткізіліп келеді. Мемлекеттік мейрамдар мен атаулы күндерде өткізілген шараларда, автошеруде, велошеруде, экспедицияларда, флешмобтарда, мерекелік шерулерде пайдаланылады. Аудандық газетке, әлеуметтік желіге мақалалар мен сұқбаттар жарияланып, «Менің  Туым, менің Елтаңбам» акциясы өткізіліп келеді.

Аудандық экономика және қаржы бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы Жадыра Сүндетовадан мемлекеттік рәміздерге аудандық бюджеттен бөлінетін қаржы туралы сұрадық.
– Өткен жылы 904 мың теңге қаражат мемлекеттік Туға бөлінсе, 2019 жылы мемлекеттік Елтаңбаға 2 млн. 640 мың теңге, ал Туға 800 мың теңге бөлінді. 2020 жылға қаражат қаралып, нақтылануда. Мекеменің іші-сыртына ілінген мемлекеттік нышандарды тексеріп, қадағалап отырамыз. Сыртта ілінген Туды айына кем дегенде үш рет ауыстырып тұрамыз, - деді.

Әр мекеме басшысы ғимараттың іші-сыртындағы рәміздерге жауапты болуы тиіс. Ғимаратқа кірерде бір көз салып, жауапкершілікпен қараса, бұндай жағдайлар болмас еді.

сұхбаттасқан Гауһар Әділжан

Қазталов ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале