Зеленов ауданының жұртшылығы Орал қаласынан келген делегацияны Переметный ауылының кіреберісінен қарсылап алып, қонақжайлылықтың үлгісін көрсетті. Ынтымақ пен бірлікті ту еткен делегация мүшелері алдымен Қ. Аманжолов атындағы орта мектепте болып, Орал қаласындағы №37 орта мектебімен бірлесіп онлайн режимінде өтіп жатқан «Тәуелсіздік тарту еткен татулық» атты ашық тәрбие сағатына қатысты. Әлем тілдерінде сөздерін түйіндеген 11-сынып оқушылары «көпұлтты еліміздің басты құн-дылығы - татулық» екенін тілге тиек етті. Содан кейін білім ошағын аралаған қонақтар мектеп мұражайы, «Парасат» достық клубында болып, оқушылардың өнерін тамашалады. Өз өнерлерін ортаға салған бүлдіршіндер қонақтарға, хатқа түйіп жазылып, ақ көгершін қанатына ілінген әдемі тілектерін тарту етті. Қолдарына бір-бір ақ көгершіннен тиген қонақтар «періште тілек жазылған хаттарды үйде оқимыз» деп мәре-сәре болысты. 350 балаға арналған білім ошағында орыс, татар және өзге де ұлттың балалары білім алып жүр.
«Достық» үйінде болған «Бейбітшілік пен келісім – мәңгілік елдің тұтқасы» атты дөңгелек үстелде Зеленов аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Талшынай Жүсіпова ауданда 55 мыңнан астам тұрғын өмір сүріп жатса, соның ішінде 40-тан астамы өзге ұлт өкілдері екендігін атап өтті. «Достық» үйінде жиырмадан астам этномәдени бірлестіктер жұмыс жасайды.
Қала әкімі Алтай Көлгінов пен аудан әкімі Кәрім Жақыпов аудандағы Ұлы Отан соғысының ардагерлері Қабисат Ізбасов, Макар Дорошенко, Акум Жукин сынды ақсақалдармен кездесіп, оларға сый-сияпат жасады. Орал қаласы көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасында сөз алған қала әкімі Алтай Көлгінов жиылған жұртшылыққа ақ тілегін арнады.
- Біз - көпұлтты елміз. Бір шаңырақтың астында 100-ден астам ұлттың өкілдері тату-тәтті тұрып жатырмыз. Қазақстан халқы ассамблеясы 20 жылдың ішінде бірліктің алаңына айналды. Бүгін біз - жері қазыналы, халқы қонақжай Зеленов ауданына «Бейбітшілік пен келісімінің жол картасы» эстафетасын арнайы табыстағалы келдік. Мәңгілік еліміз жасай берсін! - деген қала әкімі Алтай Сейдірұлы эстафетаны Зеленов ауданының әкімі Кәрім Жақыповқа табыстады. Бұдан кейін Орал қаласы өнер-паздарының өнерін тамашалған жұртшылық Құрманғазы атындағы саз колледжінің студенттер тобы орындаған «күйтартысқа», «Сударушка» халықтық ұжымына және татардың халық әнін орындаған Юлия Кеңесханованың өнеріне ұзақ қол соқты. Ауыл-аймақтың жарасымды тыныс-тіршілігі қала қонақтарына да жақсы әсер еткені анық. Тағаттылық пен қоғамдық келісімді нығайту, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында өтетін мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек. Зеленов ауданы «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» эстафетасын Тасқала ауданына 24 ақпанда табыстайтын болады.