«Nur Otan» партиясы Қазталов аудандық филиалының мәжіліс залында аудандық жастармен жұмыс жөніндегі кеңестің отырысы өтті.
Отырысқа жастар қоғамдық бірлестіктері, қоғамдық ұйымдар, ауылдық округтің жастар жетекшілері қатысты. Кеңесте аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Ерхат Бекмулдин 2017-2020 жылдарға арналған жол картасының орындалуы туралы хабарлама жасап, кино көрсетілім көрсетілді.
«ZhasProjest» жобасына 50 жас қатысып, соның 17-сі жеңімпаз атанды.
Естеріңізге сала кетейік, жоба жеңімпаздарының әрқайсысына 1 миллион теңге қайтарымсыз қаражат бөлінді. Басты талап жастар өз кәсібін дөңгелетіп әкетуі тиіс. Бүгінде 17 жоба қаржылай қолдау тауып, жас кәсіпкерлер жер-жерде кәсіптерін жүзеге асыруда. Ауылдағы құс шаруашылығы, тігін цехы және шаштараз сынды кенжелеп қалған кәсіптің тынысы қайта ашылғандай. Мәселен, Қайыңды ауылдық округінде тігін цехы іске қосылса, Жалпақталда құс шаруашылығы кеңінен қанат жайды. Бостандық ауылының жастары да қайтарымсыз гранттан құр қалмады.
Жас кәсіпкерлер алты ай әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға тегін қызмет көрсетіп, болашақта кәсіптерінің ауқымын кеңейту жоспарда бар екенін тілге тиек етті.
Кеңесте сөз алған аудан әкімі Альберт Есалиев жастарға қоғамға қажетті жобаларды жүзеге асырып, жүйелі жұмыстарды атқару қажеттігін айтты.
Кездесуде жастарға қатысты мәселелер жан-жақты айтылып, пікірлер тыңдалды.
Жұлдыз Асқар
Қазталов ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagr am-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер