27.12.2019, 10:01
Оқылды: 142

Тайпақ кітапханасында коворкинг ашылды

Ақжайық ауданының Тайпақ ауылында кітапхана ішілік коворкинг ашылды.

aqjaiyq kov (1)

Шараның ашылу салтанатына аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов, «Ақжайық ауданының құрметті азаматы» Ғазиз Хаймулдин, Х.Есенжанов атындағы Батыс Қазақстан облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының директоры Збайда Өтешева, көршілес аудандар кітапханаларының директорлары мен оқырмандар қатысты.

Алдымен келген қонақтарға облыстық, республикалық айтыстардың жүлдегері Мейірман Шәкенов Тайпақ өңірін таныстырып, арнау жолдады. Сонан соң аудан әкімі Қалияр Шадиярұлы ауыл тұрғындарын құттықтап, шалғайдан арнайы келген қонақтарға алғысын білдірді.

– Бүгінгі таңда қай саланы алсақ та, жаңашылдықты талап етеді. Соның ішінде мәдениет саласының заман ағымына сай жаңғырып отыруын уақыт талабы деп білемін. Осыған дейін 2 кітапханада коворкинг болса, міне үшіншісі ашылып жатыр. Коворкинг сөзі ағылшын тілінен аударғанда бірігіп жұмыс жасау дегенді білдіреді. Біздің орталықтар да зияткерлік демалыс пен коммуникативтік алаңға айналуы қажет. Қалың бұқараға тегін қызмет көрсетіп, оқырман өз керегін осы жерден табуы тиіс. Жаңа стильдегі кітапхананың негізгі мақсаты да жалпы халықты кітап оқуға тарту болып табылады, - деді аудан әкімі.

Сонымен қатар ардагер  ұстаз Болат Душаев та жерлестерін қуанышымен құттықтап, көңілдегі тілегін жыр жолдарымен жеткізді. Жаңа коворкингтің лентасын еңбек ардагерлері Ғазиз Хаймулдин мен Ғайнолла Садыров қиды. Сонан соң келген қонақтар ішін аралап, түрлі залдардың жұмысымен танысты. Айта кетер болсақ, Relax алаңында орталық волонтерлары Аружан Демеуова мен Рамиль Серизиденов оқырмандарды тың идеяларымен таныстырды. Мерзімді басылым бөлмесі болып аталатын бұл залда жас еріктілер бұқаралық ақпарат құралдарын насихаттап қана қоймай, ескі газеттерге екінші ғұмыр сыйлап, қиындыларынан түрлі ғимараттардың макеттерін жасайды екен. Осы жерде Әсия Темірова қызыушылық танытқан бойжеткендерді ұлттық қолөнерге баулыса, «Сырласу» клубының жұмысына ауылдағы қыз-келіншектер ортақтаса алады.

aqjaiyq kov (2)

Абономент залында «Маған - 28» челенджін басқа өңірлердегі әріптестерінен қабылдап алған тәуелсіздік құрдасы Бейбіт Асылан жиналғандарға Дәулеткерейдің «Көроғлы» күйін орындап берді.

Ашық кеңістік алаңында аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Роза Мусағалиева мен жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Жандос Сұңғатов өзара қарым-қатынасты нығайту мақсатында «Кітапхана және жастар» меморандумына қол қойды. Бұл алаңның өзіне тән ерекшелігі – келген оқырмандар осы жерден еgov электронды порталы арқылы 12 қызмет түрін еркін ала алады. Сондай-ақ аудио, 3D оқу орындары, «Өлке әдебиеттері ғаламшарда», мобильді кітапхана және жастарға арналған («WEB 55», «Түнгі рандеву», «READx») түрлі жобалар да осы жерде екен.

«Kids coworking» алаңында компьютерлік, үстелдік және ұлттық ойындар, балаларға арналған 3D кітаптар мен табиғат бұрышы орналасқан.

Рухани қазына алаңында жерлес ақиық ақын Жұбан Молдағалиевтың 100 жылдық мерейтойына орай Жаңабұлақ коворкингінің кітапханашысы Жұлдыз Балхашева қонақтарды «Жұбанның сырлы әлемі» тақырыбындағы презентациясымен таныстырып шықты. Осы алаңда оқырмандар «Ақжайық ауданының Құрметті азаматы» Ғазиз Хаймулдинмен кездесіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосқан ақсақалмен пікір алмасты. Бұл кездесуді теле мост трансляциясы арқылы Бөкей орда, Жаңақала ауданының оқырмандары да тамашалап отырды. Кездесу кейіпкері Ғазиз Усағалиұлы өз кезегінде жеке кітапханасынан жүзден астам кітап әкеліп, Тайпақ ауылдық кітапханасының меңгерушісі Баршагүл Құсайыноваға табыстады.

Рауан Сатыбалдиев,

суреттерді түсірген Азамат Қанапия

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagr am-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале