30.01.2020, 10:57
Оқылды: 72

Уақытша тіркеуден не ұтамыз?

Былтырғы жылдың қыркүйегінде газет бетіне «Армениядан келген арзан, Ресейден келген реңді көліктер осылай жүре бере ме?» деген тақырыпта зерттеу мақаласын жазған едік.  Сол мақалада мемлекеттік тіркеуге алынбаған көліктердің мәселесі иелерін бір күні тығырыққа тірейтінін болжағанбыз. Сол болжам расқа айналды. Жаңа жыл басталысымен, ел билігі «келімсек» көліктердің «тағдырын» шешуге кірісті.

 

Ешкім еріккеннен Ереван асқан жоқ!

«Мәшинеңді не тірке, не бөлшектеп тапсыр! Не болмаса, алған жеріңе апарып таста!» Билік осылай бұйырып отыр! Халық тығырыққа тірелмегенде қайтеді, көлігін тіркеуге қояйын десе, төлеміне тағы бір көліктің ақшасы кетеді, бөлшектеп тапсырайын десе, шығынға батады, апарып сату – ол да оңай шаруа емес.

masihna

Билікке бағынғың келеді, елді де түсінгің келеді. Себебі, ешкім еріккеннен Ереван асқан жоқ. Елдің ішінде көлік бағасы қымбат болғасын, отандастарымыз амалдың жоқтығынан Армения мен Ресейдің аутобазарларын аралап кетті. Әуелгіде, бір көлікті әрең әкеліп жүрген қазақтар кейінірек темір-тұлпарларды елге «үйірімен айдай» бастады. «Шетелден көлік мініп келе жатқан оларға шекараның басында ескерту жасалғанда, бәлкім жағдай бүгінгідей шиеленіспес те еді. Жүгенсіз жылқыдай болған тіркеусіз көліктердің мәселесі Президенттің де назарына ілікті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 24 қаңтарда өткен Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысында осы мәселеге арнайы тоқталды:

-Елімізге әкелінген мұндай автомобильдердің көпшілігі тіркеуге қойылмайды. Ондай көліктер саны – ондаған мың. Бас прокуратураға қалыптасқан жағдайға байланысты құқықтық баға беруді тапсырамын. Аталған мәселені шешу үшін Үкімет Қазақстанға Еуразиялық Одаққа мүше елдерден 2020 жылдың 1 ақпанына дейін әкелінген автомобильдерді бір айдың ішінде бір реттік тәртіппен уақытша тіркеуді қамтамасыз етуі қажет. Бұл автокөліктерді тіркеу 2021 жылдың 1 наурызына дейін жалғасады. Бұл ретте азаматтар тіркеу алымдары мен мемлекеттік баж салығын төлеуі тиіс. Уақытша тіркеу автомобильдердің меншік құқығынан шығарылмай, басқа тұлғаның пайдалануына немесе басқаруына берілмей жүзеге асырылуы тиіс. Автокөлік иелері 2021 жылдың 1 наурызына дейін кедендік баж салығын және автомобильді тұрақты тіркеуге қою немесе елімізден шығару, сондай-ақ заңнама жүзінде тыйым салынбаған басқа да іс-қимылдарды жүзеге асыру кезінде салынатын утилизация алымын төлеуі тиіс, – деді Тоқаев.

Уақытша тіркеу – аты айтып тұрғандай, халыққа уақыт жағынан ғана тиімді. Уақытша тіркеу қалай жүзеге асады? Уақытша тіркеуден кейін тұрақты тіркеуге қоюдың құны қанша тұрады? Тіркеу үшін көлік қандай техникалық регламенттерге сай болуы керек? Сұрақ көп.

Үкімет отырысынан кейін ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде Еуразиялық Одақ құрамындағы мемлекеттерден Қазақстанға әкелінген автокөліктерді уақытша тіркеуді қамтамасыз ету және тұрақты есепке қою тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті.  Мәслихатқа ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев, ҚР Сауда және интегриация вице-министрі Жанель Кушукова, ҚР Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Марат Сұлтанғазиев қатысып, журналистердің сұрақтарына жауап берді. Біз жоғарыдағы сұрақтардың жауабын ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев мырзаның хабарламасынан іздедік.

-Мемлекет басшысы Еуразиялық экономикалық Одаққа қатысушы елдерден Қазақстан азаматтары әкелген шетелдік көліктер төленетін салық пен алымды 2021 жылдың 1 наурызына дейін шегере отырып, тіркеу туралы Үкіметке тапсырма берді. Бір реттік акцияны пайдалану мүмкіндігі бәрінде бар. Уақытша тіркеуге тұру үшін азаматтар жеке куәлік, мемлекеттік нөмір немесе транзиттік белгі, көлік құралын тіркеу туралы куәліктерін алып, автомобиль иелеріне арналған халыққа қызмет көрсету орталықтарына келеді. Уақытша тіркеуге алынған көліктерге арнайы сериясы мен түрі бар мемлекеттік нөмірлер беріледі. Ал көліктің техникалық паспортына шартты тіркеу туралы белгі салынады. Яғни, техникалық паспорттар 2021 жылдың 1 наурызына дейін жарамды болады, – деді Марат Қожаев.

Уақытша тіркеуге алынған көліктерге «18 аймақ» мәртебесімен сары түсті нөмірлер тағылады екен. Министрдің орынбасары нөмірдің үлгісін БАҚ өкілдеріне көрсетті.

«Келімсек» көліктердің көбі қолдан құрастырылған!

Уақытша тіркеуден Үкімет не ұтады? Ең әуелі «бөтен» көліктердің нақты саны анықталып, база жасақталады. Ішкі істер министрлігіне де шетелден келген көліктерге шара қолдануы үшін база болған тиімді. База көліктерді бақылауға, жол – көлік оқиғаларына қатысуын анық дәлелдеуге, олардың жазадан жалтаруына жол бермеуге септеседі. Деректер базасының халыққа да пайдалы тұстары бар. Мәселен, көлік иелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Уақытша тіркеу иелеріне көліктерін заңмен қорғауға, басқа мемлекеттерге, соның ішінде, ЕО елдері ішінде еркін жүруге, алған мемлекетіне қайта сатуға, сол сияқты көліктің бұрынғы иесімен арадағы келісім-шартты бұзуға, бөлшектеп тапсыруға мүмкіндік береді.

-Кез-келген заң көпшіліктің мүддесін қорғайды. Қазақстанда 4 млн. 270 мың автокөлік тіркелген. Олар заңды төлемдерді уақтылы төлеп, Қазақстанның жолдарында адал жүр. Сол жолды шетелдік тіркеудегі көлік құралын мінгендер де пайдаланып жатыр. Бірақ, ештеңе төлеп жатқан жоқ,- деді министрдің орынбасары. Берген ақпаратқа сүйенсек, Қазақстан аумағында Армениядан келген 22000, Қырғызстаннан келген 15 000 көлік жүр. Қалған «келімсектер» Ресейден келген.

БҰҰ Жол қозғалысы туралы конвенциясына сай, көліктердің басқа мемлекеттің аумағында бір жылға дейін жүру құқығы бар. Одан кейін кем дегенде 30 күнде басқа мемлекетке кетуі тиіс. Себебі, тіркеулі елінде техникалық талаптардан өтуі керек. Бәрі де, түптеп келгенде, қауіпсіздікке келіп тіреліп тұр.

Былайғы жұрттан, Арменияда суға батқан, түйіскен көліктерді қайта жөндеп, шекара асырады деп естуші едік. Қазақстанға шетелден әкелінген көліктердің дені – жол-көлік оқиғаларына қатысқан, содан кейін қалпына келтірілген, тіпті кейбірінің рөлдері ауыстырылып, құрылымы қолдан өзгертілген көліктер екенін ҚР ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев та айтты. Былай айтқанда, «келімсек» көліктердің көбі «қолдан құрастырылған» көрінеді. Сосын да арзан шығар.

«Көлік иесі 1 наурызға дейін көлігін тіркеп үлгермесе қандай шара қолданылады? Тұрақты тіркеуге қою үшін төленетін төлемдердің көлемі әркелкі ме? Мәселен, қазақтың «ұлттық көлігіне» айналған қозғалтқышының көлемі 2,5 болатын Tayota CAMRY аутокөлігін тұрақты тіркеуге қою қызметінің құны қанша болады?» Көптің көкейінде жүрген осы сауалдарды министрдің орынбасарына Ұлттық арнаның тілшісі Ғабит Бөкенбай қойды. Қожаев мырза нақты жауап бермей, баспасөз мәслихаты біткеннен кейін мамандарға жолығуға болатынын, есептеуді солардың жүргізетінін айтты. Біз сұрақты қойған Ғабит Бөкенбайдың өзіне хабарласып, министрлік мамандарының есептеу жасап бере  алған- алмағанын сұрадық.

-Есептеу көліктің шыққан жылы мен қозғалтқышының көлеміне қарай жүргізіледі екен. Сондықтан әр машинаға әркелкі баға белгіленеді. Мен сұраған, қозғалтқышының көлемі 2,5 болатын Tоyota CAMRY аутокөлігін тұрақты тіркеуге қоюдың құны 2-4 миллионды шамалайды,-  деді әріптесіміз.

Шетелден әкелінген көлікті Қазақстан аумағына тіркеуге қою қызметінің бағасы неге қымбат? Неге бір көлікті тіркету үшін бір көліктің құнын төлеуіміз керек? Баспасөз мәслихатында ҚР Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Марат Сұлтанғазиев Қазақстанда ортақ кедендік тариф жұмыс жасайды деп түсіндірді.

 

Қымбат қызмет делдалдарға жол ашады

-Мемлекет тіркеуге қою қызметін қымбаттату арқылы делдалдардың жұмысына жол ашып отыр! – дейді атын атамауды жөн көрген аудан тұрғыны.

-Бізде көлік бағасы қымбат. Арзан болса, 10 күн уақытымды сарп етіп, 2500 шақырым жол жүріп, көлік сатып алмас едім. Мен Армениядан 2015 жылғы Tоyota CAMRY-ды 5,5 млн. теңгеге сатып алдым. Бұл көлік Қазақстанда жергілікті тіркеуімен 8-10 млн. теңге тұрады. Не істеуім керек? Әрине, адам арзанын іздейді. Үкімет шетелден ағылған көліктер көшін әуелде неге тоқтатпады? Тіркеу бағасы, оның ішіндегі мемлекеттік баж салығы, утилизациялық алым, рәсімдеуі бар, бәрі әрі кетсе 500 мың теңгеге шықса, оған да шүкір дер едік. Қазақстандық тіркеуге тұру қызметі қымбат болғасын, арзан жолын ұсынып, іске делдалдар араласуда. Ұсыныстарын айтып, хабарласты да. Біздер бәрі заңды болғанын қалап отырмыз,- дейді шетелдік көліктің иесі.

Шетелден келген көліктерді негізінен жолаушылар тасымалымен айналысатын азаматтар мініп жүр. Сырым ауданының өзінде, қара есеппен 10 шақты «минивен» бар екен. Олар артық қаражаты болғасын емес, қызметтерін тұтынушы жолаушыларға ыңғайлы болуы үшін, көліктерін жаңалады. Бір такси жүргізушісінің артында–бір жанұя тұр. Мемлекет олардың көліктерін тоқтатқанымен, жанұяларын асырамайды.

-Көліктерімізді мемлекеттік тіркеуге қойсақ, өзімізге де жақсы болар еді. Бірақ, неге қымбат? Бұл талаппен келіспейтінімізді айтып, біраз жігіт Орал қаласына, «NurOtan» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалына бардық. 107 кабинетке кіргізді. Тіркеудің қақы неге қымбат екенін ешкім түсіндіріп бере алмады,- дейді жолаушылар тасымалымен айналысатын тағы бір азамат.

Тіркеудің әлегі тек бағасында емес екен. Техникалық регламент деген дүние де діңкені біраз құртайын деп тұр. Ең бірінші, біздің мемлекетте оң жақ рөлді автокөлікті қолдануға болмайды. Қолдануға болмайтындығы туралы заңнама 2008 жылы қабылданған. Армениядан келген көліктің 10 пайызы оң жақ рөлде. Техникалық регламентке сай, оң жақ рөлді көліктер бөлшектеп сатылу керек не болмаса ел аумағынан шығарылу керек. Елде заңнама болса, оларды кіргізуге неге рұқсат береді?

Екіншісі, көлік құралдарына қойылатын – Еуро-4 талабы. Белгілі блогер Нұрлыбек Рахманов бұл талап туралы пікір білдірді:

-Осындай нәрселерді енгізгенде кішкене халықтың тұрмысына, табысына, мініп жүрген көлігіне сараптама жасау керек қой. Еуропа талабын қою үшін халық та Еуропадағыдай өмір сүруі тиіс. Жағдайы жетіп тұрса, бәрі шірік арбаны емес, «Еуро- 4» талабына сай, су жаңа Tоyota- ны не болмаса Mersedes-ті алмай ма?

Тіркеу үшін көліктің жасы 7-ден аспауы тиіс. (шығарылған еліне де байланысты) ISOFIX балалар орындығын бекіту жүйесі, шұғыл қызмет шақыру «ЭВАК» батырмасы болмаса, қазақстандық нөмір ала алмайсың! Алайда, салондағы су жаңа ресейлік ВАЗ-да жаңағы SOS батырмасы сияқты жүйелер жоқ,-дейді блогер Facebook желісіндегі парақшасына жариялаған постысында.

Отанның бағасы 3-4 миллион теңге ме?

Осы тақырыпты тінтіп отырғанда «Уральская неделя» газетінің uralskweek.kz сайтында уақытша тіркеуге қатысты Оралдағы шетелдік автокөліктердің иелері өткізген қарсылық шеруінің бейнежазбасын көзіміз шалды. Шеру Орал қаласының Құрылысшы («Стройтель», автор) шағынауданында болған.

-Біздер шетелдік көліктерді мемлекеттің ешқандай төлемсіз тұрақты тіркеуге алуын сұраймыз. Мемлекет бізді қиын жағдайдың алдында қалдырды. Тіркеу үшін шетелдік көліктер техникалық регламентке сәйкес болуы керек. 90 пайызымыздың көлігіміз мемлекет бекіткен техникалық регламентке сәйкес келмейді. Біздердің екі жолымыз бар. Не көліктерді қайтадан Арменияға апаруымыз керек, не болмаса бөлшектеп сатуымыз керек-, деді көптің бірі.

Шеруге жиналғандар: «Біздің қолымызда өз атымызға берілген техникалық паспорт бар. Мүлкіміз Еуразиялық экономикалық Одақтың мүлкі. Одақтың кедендік кодексіне сүйенсек, жеке мүлкімізге ешкімнің қол сұғуға қақысы жоқ. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік кодексі біздің елімізде жүрмейтін болса, онда Одақтан шығуымыз керек!» - деп пікір білдіріп жатты.

Біздің түсінгеніміз, шетелдік көліктерді уақытша тіркеу мен түбегейлі тіркеуге қою мәселесінің айналасында әлі жауабы белгісіз сауалдар бар. Әрі бұл науқан Қазақстандағы көлік бағаларының қымбаттауына себеп болады. Ресейдегі баға да шарықтап кетуі ықтимал. Ішкі көлік нарығы реттеледі, баға қолжетімді болады деген де сыбыс бар. Оны уақытында көрерміз, көрген бойда жазармыз.

Бауыржан Ширмединұлы

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале