31.01.2020, 12:20
Оқылды: 165

Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптар оркестріне 20 жыл

Биыл күйші-сазгер, күй өнеріндегі лирикалық бағыттың негізін салушы Дәулеткерей Шығайұлының туғанына 200 жыл толды. Ал Оралдағы Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің құрылғанына - 20 жыл. Осы айтулы күндерге орай филармонияда жыл тақтасы ашылды.

orkestr (7)

-Қазақ халқының алып өнер иелері бірін бірі қайталамайды. Әрқайсының қолтаңбасы бөлек. Соңдарына қалдырған мұралары да ерекше. Солардың бірегейі Дәулеткерей қазақтың дәстүрлі күйін, музыкасын әлемдік музыкамен ұштастырды. Оның ең басты еңбегі қазақтың музыкасына, күй өнеріне лирикалық реңк беруі болды. Сондай-ақ ол - қазақтың алғашқы ән-би ансамблін құрған адам. Осы біртуар тұлғаның мол мұрасын сақтап, насихаттап, келер ұрпаққа аманаттап жүрген өнер адамдарына, күйшілерге айтар алғысым зор, - деді тақтаның салтанатты түрде ашылуында өлкетанушы Жайсаң Ақбай.

orkestr (5)

Дәулеткерей Шығайұлының күйлерін қазақ жұртшылығына ең алғаш жеткізген Науша, Махамбет Бөкейхановтар екен. Бір ғана Наушаның өзі оның елу шақты күйін кейінгі ұрпаққа мирас етіп таратқан. Ал күйшінің сол дәуірдегі шәкірттері оның күй орындаудағы шеберлігін жоғары бағалап, «Бапас» деп атаған екен. Игі шараны тамашалаған өнер жанашырлары мен кеш қонақтарының назарына ұсынылған концерттің «Бапас күйші» аталуы да содан. Бұл концерттің өзіндік бір ерекшелігі болды. Онда Дәулеткерейдің күйлерін оркестрмен қатар, өңірдегі танымал күйшілер, студенттер мен балалар музыка мектебінің оқушылары да орындады. Жалпы оркестрдің репертуарында күйшінің 16 күйі бар. Бүгінде құрамында елуден астам өнерпазы бар ұжымның жеткен жетістіктері аз емес. Атақты күйшінің есімін иеленген оркестр «Серпер», «Жұбанов көктемі» және Тайвань елінде өткен халықаралық фестивальдердің лауреаты атанды.

orkestr (10)

Сондай-ақ дәл осы күні филармония әртістері ақпарат құралдары өкілдеріне баспасөз мәслихатын өткізіп, айтулы датаға орай биыл атқаратын жұмыстарымен таныстырды. «Құрмет» орденінің иегері, Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің бас дирижеры және көркемдік жетекшісі Еркін Нұрымбетовтің сөзінше, өнер ұжымы Дәулеткерейдің күйлерін оркестрге ыңғайлап, нотаға түсіру бағытында жұмыстанбақ. Яғни күйшінің оркестрмен орындалып жүрген күйлерін бір жүйеге келтіріп, редакциялап, партетуралар жинағы ретінде шығару жоспарланған. Оркестрдің құрылғанына 20 жыл толуына орай «20 жылға 20 жиырма концерт» атты ауқымды жоба қолға алынбақ. Жоба шеңберінде өңірде өтетін концерттермен қатар, филармонияның өнерін көршілес облыстарға да таныстыру жоспарланған.

orkestr (2)

Басқосу барысында ардагер-журналист Тихон Әліпқали күйшінің туған жылына қатысты көптен айтылып келе жатқан мәселені тілге тиек етті. Ол Дәулеткерейдің нақты туған жылы 1814 жыл деп атап өтті. Күйшінің бейітіндегі құлпытаста осы жыл жазылғанын, бұл туралы кезінде баспасөз беттерінде де жарияланғанын айтты. Сондықтан да күйшінің 1 820 жылы тумағанын, нақты туған жылын қалпына келтіру қажет деген пікірін айтты. 2000 жылы жарияланған мәдениетті қолдау жылында оркестрді құрып, өнер ұжымы ретінде қалыптасуына зор еңбек сіңірген ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің дирижеры Қырымгерей Қажымов та бұл мәселе оңтайлы шешім тапса деген тілегін білдірді.

orkestr (3)

Ясипа Рабаева

суретке түсірген Эльвира Меңдіғали

zhaikpress.kz

orkestr (1) orkestr (8)

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале