Бүгін Сырым ауданында Ж.Ерман атындағы айтыс мектебінің шәкірттері үшін «Айтыс мектебі және оның жұмыс механизмі» атты семинар өтті.

Аталмыш мектепте бүгінгі күні 8 шәкірт айтыс әліппесімен танысуда. Олардың алды облыстық айтыс та жеңімпаз атанып та үлгерді. Бұл жолғы семинар мектептің жетекшісі, айтыскер Бауыржан Ширмединұлының тағылымды сабағымен басталды.
-Айтыс – сөздің «ережесіз» жекпе-жегі. Ақын – сөзбен «төбелесетін» палуан. Айтыскерге ақындықтан бөлек, білім, білік, музыкалық қабілет, аспапта орындау шеберлік және мінез керек. «Мен артықпын!» деген тәкаппар мінез емес, тосын жағдайда састырмайтын, тар уақытта сындырмайтын жігерлі мінез керек,- деді Бауыржан.

Сондай-ақ осы семинарда мектептің әр шәкіртіне тәлімгер бекітілді. Ендігі жерде Сырым ауданына танымал Мерген Мұқанов, Армат Алдамжаров, Дархан Қажығалиев сияқты әнші- термешілер жас айтыскерлерді домбыраға баулу, дауыстарын қою, сахна мәдениетіне үйрету жұмыстарына өз көмектерін бермек. Әрі белгіленген жоспарға сай, Қ.Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының әдеби қызметкерлері Айнабек Бисенғалиев, Талғат Мықи және Бекболат Қаленовтер айтыстың тарихы, өлең құрылысы мен айтыстағы әуен-мақамдар төңірегінде шеберлік сағатын өткізді.

Семинарды «Демалыс орталығы» директорының орынбасары Бекей Қанатов қорытындылап, айтыс мектебіне домбыра табыс етті. Қазір мектеп шәкірттері бағыт-бағдарларын айқындап, оң мен солына көз салып, алдағы Наурыз айтысқа дайындықтарын бастап кетті.

Төл өнеріміздің өрісін кеңейтуге бел буған өрендерімізге біз тек сәттілік тілейміз.
Мүсірбек Айташев
Сырым ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер