6.02.2020, 17:08
Оқылды: 26

Үйін өрт шарпыған жандарға көмек көрсетілді

Президент Жарлығымен 2020 жыл - Еріктілер жылы деп жарияланғаны белгілі. Еріктілер - өз еркімен, саналы түрде айналасындағыларға шуақ шашып, үздіксіз көмектесіп жүретін жаны жайсаң жандар. Олар бақай есеп дегенді білмейді. Олар жасаған жақсылығын бұлдамайды да. Мұндай қайырымдылықты құп көретін, жерлестері қиналса жанынан табылып, жәрдем беретін, бойында патриоттық сезімі басым азаматтар Көпжасар ауылында да аз емес.

Иә, апат айтып келмейді. Жақында Жаңақала ауданының Көпжасар ауылы тұрғыны Жанғали Көшкінбаевтің үйінен ойламаған жерден өрт шығып, кейбір бөлмелер тұруға жарамсыз болып қалды. «Тас түскен жеріне ауыр» дейді қазақ. Қақаған қыс айында баспанасының отқа оранғаны қай адамға да оңай соқпайтыны белгілі.

Міне, осындай қиын жағдайға тап болған отбасына қолұшын беру мақсатында Д.Нұрпейісова атындағы орта мектебінің ер азаматтары мен жоғары сынып балаларынан еріктілер тобы құрылды. Мектеп ұжымы мен ересек оқушылар өртке шалынған үйдің қабырғаларын қырып, тазалап, шатырын жөндеу жұмыстарына атсалысып, қолдан келген көмектерін аямады.

-От пен су тілсіз жау ғой. Сондықтан ұжым болып  қолымыздан келгенінше көмек көрсетуге тырыстық, бұл үлкен-кішіміздің азаматтық парызымыз деп ұғындық,-дейді Д.Нұрпейісова атындағы мектептің директоры Әліби Ғұбашев.

Алтынбек Ермекқалиев

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале