21.02.2020, 16:36
Оқылды: 60

Оралдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде конференция өтті

Оралдағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев зияткерлік мектебінде өткен дәстүрлі IV аймақтық «Мұғалімнің кәсіби ерекшелігі: жаңа көзқарас және даму» аймақтық ғылыми-практикалық конференциясында 200-дей ұстаз бас қосты.

NZM 2

Биылғы конференция жұмысы төрт бағытты қамтиды: «Lesson Study – мұғалімнің шеберлігін өсіру құралы ретінде», «Action Research: тұжырымдамадан тәжірибеге өту», «CLIL әдісін енгізудегі маңызды сұрақтар», «Мектептегі бағалаудың құралдары мен техникалары».

Қатысушылар қатарында М.Өтемісов атындағы БҚМУ ғалымдары, Педагогикалық шеберлік орталығының тренерлері, Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледж оқытушылары, БҚО, Атырау, Ақтөбе және Орал қалаларының мұғалімдері бар.

NZM 4

Білім саласының өзекті мәселелері мен маңызды тақырыптары постер-сессия, пленарлық отырыс, секциялық пікірталастар, шеберлік сағаттар мен симпозиумдарда көрініс тапты.

Конференцияда «Жазу дағдысын дамытуда графикалық органайзерлерді қолдану», «Топтық оқыту арқылы оқушының белсенділігін қалай арттыру керек?», «Элективті курстарды оқытуда бағалаудың тиімді әдістері мен құралдары», «Көрнекі және кеңістіктік ойлауды дамыту», «Тұжырымдамалық карталарды құру, сипаттау және талдау арқылы студенттердің зерттеу дағдыларын дамыту» және басқа да зерттеулердің нәтижелері талданды. және басқалары.

NZM

Педагогтар эмоционалды интеллект, тұжырымдамалық оқытуды енгізу мәселелері, кәсіби шеберлікті қалыптастыру, оқушылардың зерттеушілік дағдыларын дамыту, мұғалімнің метадағдылары, кәсіби коллаборация, білім мазмұны мен бағалау және басқа да өзекті тақырыптар бойынша пікір алмасты.

– Аймақтық конференция барлық педагогты толғандыратын өзекті мәселелер талқыланатын алаңға айналып келеді. Оған дәлел – зерттеу нәтижелерін көпшілікке ұсынып, тәжірибе алмасуға дайын мұғалімдер санының артуы. Бұл өз кезегінде олардың кәсіби тұрғыдан өсуіне, өзі үшін маңызды бағыттарды айқындауына мүмкіндік береді, – деді шараның ашылуында Оралдағы НЗМ директоры Айдарбек Айтпукешев.

NZM 3

Постер сессиясында 20-дан астам зерттеу жұмысы көршілік назарына ұсынылды. Мұғалімдер зерттеулеріне оқушының жеке даму траекториясы, өз бетімен жұмыстану дағдыларын дамыту, оқушының өзін-өзі бағалауын қалыптастыру, жаңа технологиялар мен оқыту тәсілдері тақырыптарын арқау еткен.

– Аймақтағы әріптестерімнің қандай зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатқанының куәсі болып, тәжірибемді жаңа идеялармен толықтырдым. Өзім «CLIL технологиясы арқылы биология пәнін ағылшын тілінде оқыту» тақырыбындағы зерттеуімді таныстыруға мүмкіндік алғаныма қуаныштымын, – дейді Жаңақала аудандық мектеп-гимназиясының мұғалімі Индира Темирболатова.

Атырау қаласындағы НЗМ мұғалім-модераторы Нұргүл Койшыбаева да конференциядан идея мен шабыт алып бара жатқанын жеткізді.

Шара соңында қатысушыларға конференция нәтижесі бойынша ұсыныстар беріліп, үздік жұмыстар марапатталды.

Айдана Хамидуллина

Оралдағы Назарбаев зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале