10.03.2020, 10:03
Оқылды: 45

Мемлекеттік сатып алуда жемқорлық қатеріне жол берген мекемелер

 Былтыр сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Атамекен» ҰКП-мен пилоттық режімде «Сатып алудың бірыңғай терезесі» жобасын жүзеге асырған еді. «Сатып алудың бірыңғай терезесі» жүйесі арқылы мемлекеттік сатып алу саласында БҚО бойынша 15 миллион теңге бюджет қаражатын  «суға кетіп қалудан», яғни мақсатсыз жұмсаудан сақтап қалуға мүмкіндік туды. Осы жүйе арқылы мемлекеттік сатып алу бойынша облыста өнім берушімен «жең ұшынан жалғасуға» бейім тапсырыс берушілер анықталды.

satyp alu

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрдәулет Саметтің дерегіне сүйенсек,  ТОП-10-дыққа білім саласындағы төрт мекеме еніп отыр. Бұлар – Жәңгір хан атындағы БҚАТУ, М.Өтемісов атындағы БҚМУ, облыстық білім басқармасы және Ақжайық аудандық білім беру бөлімі. БҚАТУ былтыр 504 өнім берушінің қатысуымен 960,7 миллион теңгеге сатып алуды жүзеге асырған. Соның 22,7 пайызында ғана ашық конкурстар бойынша келісімшарттар жасалған. Сатып алуға қатысты тапсырыс беруші бекіткен 1 221 келісімшарт жүйесінен 600 жемқорлық қатері анықталды. 73 өнім беруші ыңғайына орай 82 келісімшартқа байланысты жоғары баға белгіленген. 77 келісімшартта тауар мен қызмет бағасы мүлдем төмен көрсетілген. 99 келісімшарт бойынша орындауға тым қысқа уақыт берілген. БҚМУ-дың сатып алу жүйесінен 355 сыбайлас жемқорлық  тәуекелі анықталды. Талдау қорытындысы 16,4 млрд. теңгеге жасалған 357 келісімшарт бойынша білім басқармасы 348 жемқорлық тәуекеліне жол бергенін айқындады. 261 келісімшартта жоғары баға көрсетілген. Барлық келісімшарттың 99,98 пайызы бір ғана сатып алу көзінен тікелей бекітілген.

Zhemkor 2

– Бюджет қаражатын мақсатсыз жаратқан білім мекемелері мәлім болды. БҚАТУ флешка құрылғысын (флешка-вкладыш) 1250 теңгеден деп есептеп, 375 мың теңгеге 300 данасын сатып алған. Ал Орал қалалық №1 емхана тауар үшін 286 және 647 теңге белгілейді. №4 емхана 48 теңгеден сатып алған. Тауардың бір данасының медианалық бағасы 15-ақ теңге. Тағы бір мысал келтірсем, Ақсай колледжі келісін 350 теңгеден деп көрсетіп, 700 мың теңгеге 2 тонна қырыққабатты сатып алған. Бөкей ордасы мен Бәйтерек ауданындағы колледждері қырыққабаттың әр келісі үшін 250 теңгеге белгілеген. Осы бағамен Ақсай колледжі көкөністі сатып алғанда, 200 мың  теңге үнемдер еді, – деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрдәулет Самет.

Нұртай Текебаев

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале