11.03.2020, 15:23
Оқылды: 66

Сайқын басын қарық қылған дәннің жоқтаушысы кім?

   Наурыздың 7-сі сағат 23.20-де бес бірдей дән тиелген вагон аударылып қалды. Бұл вагондар «Ресей темір жолдары» ААҚ Приволжье темір жолы филиалының Саратов-Астрахан бағытында қатынайтын №10518 жүк пойызына тиесілі еді.

Вагондар жолдан шығып кеткен. Абырой болғанда зардап шеккендер жоқ. Апатты жоюға «Ресей темір жолдары» ААҚ күштері (36 қызметкер мен Палласов пен Басқұншақ стансаларынан екі қалпына келтіру пойызы) жұмылдырылды. Бұған қоса оқиға орнына аудандық төтеншелік төрт қызметкер мен полиция бөлімінің алты маманы, жергілікті атқарушы органның мамандары да барды.

vagon (2)

Рельстен шығып, жол бойлай құлаған вагондарды тұрғызып, жолды қалпына келтірушілерге қарағанда тегін дәннен дәмелілер саны анағұрлым көп болды. Сұлаған вагондарды кранмен көтеріп, апатты жағдайды қалпына келтіруге күш салған ресейлік теміржолшыларға кедергі келтіріп бақты. «Тегін дәннен дәмелі болғандар арасында «кім бар?» деп емес, «кім жоқ болды?» деп сұрауға болады.

Сұрауы жоқ дүниені иемденіп қалғандар арасында қорасында бір-екі бас малы барлардан бастап, қордалы шаруашылығы бар қалталы ағаларымыз да бар. Қыларға ермегі жоқ жұмыссыздарымыз да, мемлекеттік қызметтегі шенділеріміз де бар. Қорасында тышқақ лағы жоқтар да осы алаңнан табылды. Қап-қап дәнді тиеп кеткен кей пысақайлар бүгінде «қара бидай керек емес пе?» деп көршілерінің есігін қағып жүр. Кішігірім қабын бес жүз теңгеге, үлкен қанарын мыңға бағалапты. Қыс бойы екі мың жарым теңге бағаланған қара бидайдың «авторитеті» осылайша бір-ақ күнде тізеден түсіп, тобыққа жетті.

Сайқын басын қарық қылған дәннің жоқтаушысы кім екенін біле алмадық.

– Иесі кім? Шығыны қанша? Оны білмейміз. Біздің міндет осы темір жолдың жағдайы. «Алмаңдар!» десек те ешкім тыңдағалы тұрған жоқ. Бөгет бола алмаймыз, – деседі теміржолшылар.

vagon (1)

Иә, біреуге жол қайғы, апат салдарын жайластыра алмай теміржолшылар әуре, жайрап жатқан дәннен «құрығанда бір қап алсам» деп сайқындықтар әуре.

«ЗИЛ»-ге тиеп жатқан жігіт ағасы осымен екі келді. Бұл тек осы түске дейін келгені. Амбар толтыратын жемнің адамның аранын толтыра алмағанын айтсаңшы.

P.S: Қарақұстай қармап қалған дәніміз тұқымдыққа сұрыпталған, химиялық жолмен өңделген дән екен. Whatsapp-та «тегін дәнді қорек қылған тауықтар қырылып жатыр» деген хабарлама кезіп жүр. Қап-қап дәнді тасып алған сайқындықтар енді аңдысын аңдып отыр. Кімнен қандай хабар болар деп.

 Ұлпан Әнуарқызы

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале