19.03.2020, 11:56
Оқылды: 67

Ауылды құм көшкінінен кім құтқарады?

Бүгінгі таңда Қаратөбе ауданында өзекті болып отырған мәселенің бірі – құм көшкінін тоқтату. Соңғы жылдары ауыл-ауылда мал көбейді. Мал тұяғы ауыл-аймақтың үлесіндегі аз ғана өрісті әбден шиырлап тастады. Бұл ауыл төңірегінің ақ топырағы шығып, тақырлануына, жердің беткі қабатының босауына, нәтижесінде құм көшкініне әкеліп, ауыл тұрғындарын айрықша алаңдатып тұр.

87EC9A0C-BD99-450D-B3D3-C0F88A193590

 Мұндай мәселе Қаратөбе ауданының Саралжын (Сәуле елді мекені), Егіндікөл, Қоскөл (Шалғын елді мекені), сондай-ақ Ақтайсай (Алакөл), Жусандыой (Ханкөл елді мекені) сынды бірқатар ауылдарында бар.

Тек жетпеген инфрақұрылымның жайы емес, табиғаттың өзі төндірген қауіп те өзекті мәселеге айналған. Солардың қатарында жылжымалы құм көшкіні аталған ауылдарды абыржытып отыр. Күзде аңызақ жел көзіңді аштырмайды, жазда жылжымалы құм баспанаңды басып қалуы бек мүмкін. Жергілікті халық құмның астында қаламыз ба деп алаңдаулы. Мұндағылар қыстыгүні қар күресе жаздыгүні құм күрейді.

Біз ауылдағы қарапайым халықтың арыз-шағымын, өтініш-тілектерін билікке жеткізуді мақсат қылдық. Көргенімізді көңілге түйіп, қағазға түсіріп, газетіміздің әр нөміріне басып, елді хабардар етіп отырамыз деп шештік. Мақсатымыз — елдің жанайқайын билікке жеткізу. «Бәрі жақсы» деп тәтті сөзге семіргендерді ара-тұра ащы пікірлермен қамшылау. Қалғып кеткен шенділер болса – ояту.

Иә, құм шағырлардың астында талай тарих, талай тылсым дүние жатқаны анық. Тау болып үйілген құмды көрсеңіз құдды бір «Дакар»жарысын өткізетін жер ме деп ойлайсыз. 

850D3275-B489-41C5-BB5C-45D69E6F2FAA

Соңғы жылдардағы қуаңшылықтың кесірінен жал-жал құм төбелер бұрынғысынан көбейе түскен. Құм көшкінімен күрес сылбыр жүргізілуде.

Бүгінде жер асты сулары тартылып, Сәуле ауылын құм басу қаупі төнді. Бұл өз кезегінде үлкен экологиялық апат екені сөзсіз. Мұндай жағдай Сәуледе жылда қайталанады. Себебі аймақтың жері құмды. Әрі жел толастамайды. 50-ге жуық үйі бар Сәуле ауылының халқы бұған бойларының үйренгендігін айтады.

Мұндағы жұрт та бір кездері еліміздің басқа ауылдарынан еш қалыспай күн кешкен. Бірақ XХІ ғасырдың басында басталған табиғи апат жағдайды күрт өзгертті. Су тартылды, шаруашылық тоқырады, айнала құмға толып, ауыл ешкімге қажетсіз күйінде айдалада қалды. Ауылын тастауға қимай, осында күн кешуге бел буған жергілікті халық қана.

Ауылды аралап жүріп, мұнда уақыт тоқтап қалған болар деп ойлайсыз. Содансоң бұл жерде де адам тұра ма деп үрейленесіз. Құмға көмілген үйлер мен тастанды техника сол ойыңызды сансаққа жетелеп, үрейіңізді күшейте түседі. Тек көліктің ізі мен күнделікті тұрмысқа қажетті заттарды байқап қана сабаңызға түсесіз. Иә, ауылда адам бар. Тек бәрі үйінде жатыр. Оның мәні де түсінікті.

— Құмның ауыл іргесіне таман жылжып келу құбылысы бұдан ондаған жылдар бұрын байқалған. Дер кезінде оның беті қайтарылмады. Бүгінде Сәуле (Саралжын ауылы) елді мекеніндегі біраз үйлер құм астында қалып қоюы ықтимал. Содан да ауыл маңында өрістің тапшылығы сезіле бастады, - дейді ауыл тұрғындары.

Осы мәселе бойынша Саралжын ауылдық округінің әкімі Жасұлан Ермеғалиевке хабарласқанымызда мұндай мәселенің туындағанын жоққа шығармады. Табиғи құбылыспен күресте көмекке қол жеткізе алмай келе жатқанын айтады әкім. Аталған іске биылғы Еріктілер жылына орай ауыл тұрғындарын тартып, қол күшін пайдаланбақ ниетте екенін жеткізді.

Ақ шағыл ауыл іргесіне тақалып қалыпты. Ауыл  ақсақалдарының сөздеріне қарағанда, кезінде елді мекеннің айналасында құмнан қорған болар сексеуіл өскен. Бірақ оны жергілікті халық газ тартылғанша отын есебінде пайдаланғандықтан қазір жоқтың қасы. Біле білсек бір түп сексеуіл 4 тонна құмды тоқтатады екен. Ал сексеуілді еккенде де оны суаруға қажетті су көзі бұл елді мекенде жоқ. Ауыз судың өзін тұрғындар 50 шақырым қашықтықтағы аудан орталығынан тасып ішуге мәжбүр.

Біздің ойымызша, осындай ауылдық аймақтардың жерін орман шаруашылығы иелігіне беруге әбден болады. Себебі олар жерге, орман-тоғайға қандай күтім қажеттігін жақсы біледі. Қалай болғанда да, ауылды құмнан құтқару жұмысы бүгіннен басталуы тиіс.

 Маралбек Амантаев

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале