20.03.2020, 14:33
Оқылды: 65

Коронавирустен сақтану шараларына мән берілді

«Nur Otan» партиясы Казталов аудандық филиалының мәжіліс залында жұмыс тобы әлемді дүрліктірген коронавирустың алдын алу жұмыстарын пысықтады.

BB2BD27C-DAD2-464C-B464-8ACE5156C333
Отырыста шешуін кейінге қалдырмауды талап ететін негізгі мәселелер ортаға салынып, коронавирус инфекциясының тарауына жол бермеу шараларының кешенді жұмыс жоспары айтылды.

Аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова: - Жалпы аудан орталығы мен Жалпақталда 6 дәріхана бар. Ақпан айында барлық дәріханаларға тапсырмалар берілді. Күні бүгінде бетперделерді көптеп сатып алу фактісі бар. Бетперде қазір тек «Ләззат» дәріханасында ғана бар. Құны өскен жоқ (30 теңге). Жан-жақтағы шекаралардың жабылуына байланысты әзірше бетперделер болмайды. Дәрігерлер кеңесі бойынша сатып алынған бетперде екі сағаттан кейін ауыстырылу керек.

Біз үшін тиімдісі дәкеден жасалынған бетперде. Оны бір емес, бірнеше рет жуып, үтіктеп кері пайдалана аламыз. Дәріханаларда бірнеше бума дәкелер бар. Тігінмен айналысатын Сара Құлмұқанова деген азаматша осы дәкелерді өз қаражатымен сатып алып, бетперде тігіп, дәріханаларда («Ләззат» дәріханасында 90 теңге) қоюда.

Сондай-ақ төтенше жағдайдың жариялануына байланысты білім беру ошақтарында мектепке мұғалімдердің келуіне тыйым салынды. Шұғыл шаруалары болып жатқан жағдайда келіп кетулеріне рұқсат бар. Жалпы мұғалімдер онлайн режимде жұмыстарын жүргізе береді. Мұғалімдердің штаты қысқартылмау жөнінде облыстық білім басқармасынан тәртіп келді.

Еліміз бойынша мекеме, ұйымдар, өндіріс орындарының қызметкерлері жұмыс жасап жатқандықтан олардың балалары қараусыз қалмау мақсатында балабақшалар жұмыс жасап жатыр. Бұл жағдайда баланы балабақшаға апару – ата-ананың құзырында. Күні бүгінде балабақшаларды бақылауда ұстап отырмыз. 60-70 пайыздай бүлдіршін балабақшаларға келіп отыр. Егер де ата-ананың екеуі де жұмыста болып, балабақшаға апарғысы келмесе біреуіне міндетті түрде жағдай жасаймыз. Осыны басшылар ескеріп, қызметкерлері үшін жұмыс кестесін жасақтап беруі қажет. Төтенше жағдай тоқталғанға дейін жұмыс орнын қаражатымен сақтай отырып, баласын бағуға мүмкіндік туғызуымыз керек.

Тағы бір айта кететін жәйт, қазіргі уақытта ұдайы Орал-Казталов бағытында жүретін автобус пен таксилердің ішкі салондарын залалсыздандыру бойынша дезинфекциялау жұмыстары жүргізілуі қажет. Сондай-ақ адам баласы көп шоғырланатын жерде екі сағат сайын залалсыздандыру жұмыстары жүруі аса маңызды. Жалпы дәріханаларда залалсыздандыратын мультихлор, альфапирокс, акма-хлор, сутегі тотығы сұйық және таблетка түрі де бар. Әр адам өз өмірі үшін талап ете алады, - деді өз сөзінде.

Брифингте әлеуметтік желіде қойылған сауалдар да жауапсыз қалмады.

Олардың айтуынша, қанша шара өткізілетіні жөнінде есеп алынған жоқ. Қолданыстағы ереже бойынша халық көп шоғырланатын жерлердің барлығына да үлкен жиындар мен той-томалақтар өткізуге тыйым салынып отыр. Мейрамханаларда тек 50 адамға ғана сағат 22.00-ге дейін отбасылық қуаныштарды өткізуге рұқсат етіледі. Мейрамхана мен той иелеріне алдын ала ескертілді. Егер де тәртіпті бұзған жағдайда 10 айлық есепті көрсеткіштегі айыппұл немесе 15 күнге әкімшілік қамауға алынады.

Аудан бойынша 14 мейрамхана, 13 кафе, 122 азық-түлік дүкендері бар. Азық-түлік бастапқыда әкелінген бағамен тұр. Баға тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында бірінші кезекте апта сайын мониторинг жасалынуда. Жергілікті атқарушы органдар тауарлардың бағасын негізсіз өсіріп отырса шара қолдана алады. Сонымен қатар азық-түлік дүкендері сағат 10.00-ден кешкі 18.00-ге дейін жұмыс жасай береді. Әлеуметтік желіге хабарландырулар, кәсіпкерлік бөліміне тапсырмалар берілді.

Шекара заставасының басшысы Баубек Айдарұлының айтуынша, ауданымыз шекаралық аймаққа жатқандықтан Казталов-Фомин, Болашақ бағытында жеңілдетіп өткізу пункттері орналасқан. Қазіргі таңда өткізу пункттері толығымен жабылды. Бізде жүрген шетелдің азаматтары шығып кете алады. Шетелде жүрген біздің азаматтар кіре алады. Сонымен қатар мемлекеттік шекарада тәртіп күшейтілді. Шекаралар жабылғандықтан Қазақстанда Ресей азаматтары емес, басқа мемлекеттің де азаматтары жүр. Оларда Ресейге барғысы келеді. Шекаралық аймақ болғандықтан бізде өткізу пункті жоқ жерлерден бұзып өтуі мүмкін. Сондай азаматтар келген жағдайда шекара заставасына дереу хабарласу қажет.

Айта кетерлігі, мешіттерде жамағатпен жұма намаздары оқылмайды.

Жұмыс тобы еліміздегі болып жатқан жағдайға сабырлылық танытуға және әр адамды өз өмірі үшін сақтанып, жауапты болуға шақырды.

 Ескерту: Дүкендердегі азық-түлік жоғары бағамен күрт өзгертілсе 32-0-66 немесе 31-3-70 нөміріне кез келген тұрғын хабарласа алады.

Хабарласқанда айқын ақпарат маңызды (дүкеннің атауы, өсімі).

Жұлдыз Асқар 

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале