Сырым ауданында сауда орындарындағы азық-түлік бағаларын бақылау жалғасуда. Кеше Сырым аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Руслан Усағалиев, статисі Расул Вахитов пен БҚО кәсіпкерлер палатасының Сырым ауданындағы филиалының кеңесші-менеджері Асхат Бисенғалиев аудандағы ең ірі округтер Бұлдырты мен Алғабаста болды.
Бір ғана Бұлдырты ауылында онға тарта дүкен бар екен. Ауданнан барған өкілдер округ әкімі Ерлан Мақашевпен бірге дүкендердің жұмысымен танысып, азық-түлік бағаларына талдау жасады. Дүкеннің иелерімен кездесіп, нысандардың төтенше жағдайдағы жұмыс талаптарымен таныстырды. Сауда кезінде санитарлық талаптарды сақтауды да тағы бір мәрте естеріне салды. Топ түстен кейін Алғабас ауылында болды.
Наурыз айының ортасынан бері азық-түлік бағаларының көтерілгені, кейбір тауарлардың бағасында әлі де ауытқу бар екені жасырын емес. Халық сөрелерден бұрынғы бағаны іздейді. Ал дүкен иелерінің өз уәжі бар.
- Ұн және макарон сияқты ұн өнімдері қымбаттап кетті. Өзіміздің өңірден шығатын «Белес» ұнының бағасы шарықтап кетті. Бұрындары «Белестің» жоғары сортты ұнын ауылда 7 500 теңгеден сатсақ, қазір бұл баға Оралдың өзінде 8300 теңгеге жетті. Баға қымбат болғасын, ауылға әкеліп сата алмай отырмыз. Басқа басқа, осындай сындарлы уақытта отандық өнімнің бағасы неге қымбаттайды? – дейді бұлдыртылық кәсіпкер Мәлік Бисенов.
Тауардың бұл түріне тапшылық Жымпитыда да сезілуде. Жұрт арзандау деп бірінші сортты ұн іздеуде. Сырым аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің статисі Расул Вахитовтың айтуынша, І сортты "Белес" ұны Жымпитыда тек "Өркен" дүкенінде сатылып жатыр.
Жағдайды реттеу үшін бөлім мамандары аудандағы дүкен иелеріне «Ақжайық» әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру қорымен жұмыс жасауды ұсынуда. Қор арқылы кәсіпкерлер «Белес» ұнының келісін 111 теңгеден, ал «Мартин» ұнының келісін 116 теңгеден сатып ала алады. Сол сияқты «Белес» шемекі майының литрін 315, макаронның келісін 120, қанттың келісін 200, бір келі картопты 80 теңгеден алуға мүмкіндік бар. Бір шарт – саудагерлер бұл тауарларға өсімді белгіленген шекке дейін қоса алады.
Жалпы алғанда, аудан орталығы мен округтердің арасындағы тауарлар бағасы біркелкі, анабір айырмашылық жоқ.
Бауыржан Ширмединұлы
Сырым ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер