15.09.2016, 16:30
Оқылды: 148

Ауласын гүл бағына айналдырған

janakala-gul-bagy     Гүл - әдеміліктің, пәктіктің, сұлулықтың нышаны. Гүл ұсыну арқылы адамдар бір-біріне сезімін жеткізеді, жақсы көңіл-күй сыйлайды. Мереке-мейрам, туған күн секілді қуанышты күндерде де гүлдің маңыздылығы алғашқы қатарда. Қазақ қыз баласын гүлге теңеп, «гүлдей құлпыра бер» деп тілек айтады. Бұдан біз өміріміздің гүлмен байланысып жатқанын көреміз. Гүл – жердің көркі. Адамзатқа гүлдің емдік тұрғыдан да пайдасы мол. Оны медицина ғылымының өзі мойындап отыр.


Орыс жазушысы М.Достаевсийдің «Табиғатты сүйе білмеген адам, халықты сүйе алмайды» деген қанатты сөзі бар. Қоршаған ортаға қалай қарым-қатынас жасасаң, ол да солай жауап береді. Табиғатты сүю айналаны таза ұстаудан басталады. Ауласын абаттандырып, көптің ықыласына бөленіп жүрген бағбандардың бірі, Жаңақала ауылының тұрғыны – Гүлшат Димұқашова.

Қасайын Байтұрғанов пен Гүлшат Димұқашованың шаңырағына барғандар болса, ауласындағы таңғажайып көрініске тамсанбай кетпейтіні анық. Әсіресе, шарбақтағы сан түрлі гүлдер жұпарын шашып, ауаны хо иіске бөлеп, әтірдің иісі аңқытып тұрғандай. Гүлдердің көптігі соншалықты, аттарын бірден жаттай алмайсың.  Кейбір гүлдердің тұқымын кейіпкеріміз Мәскеу қаласынан арнайы тапсырыспен алдырады екен. Аулада ирис, хризантема, геальдино, лилия, георгина, невеска,  түнгі сұлу, роза, храннор, галаголос, тағы басқа да гүлдер шешек атып, жайқалып өсіп тұр. Қазіргі таңда гүл өсіру Г. Димұқашованың сүйікті ісі.

-Гүлдерді күтіп баптау ұқыптылықты қажет етеді. Өсімдіктер де тіршіліктің иесі. Оларда өзін жақсы көргенді сезеді. Көңіл күйге байланысты өсіп, жетіледі,-дейді гүл десе ішкен асын жерге қоятынын байқатқан кейіпкеріміз.

Гүлшат апамыз жастайынан бау-бақшаның қасында жүріп, егудің қыр-сырын меңгеріп алған. Оған ағаш отырғызып, гүл егу мүлдем таңсық дүние емес.

-1989 жылы Жаңақала ауданының азаматына тұрмысқа шықтым. Өзім Чапаев ауылының қызымын. Әкеміз бақ күтіп, бақша еккен бағбан кісі болатын. Көзімді ашқаннан бау-бақшаның қыр-сырына қанығып, әуес болып өстім. Зейнетке шықсам да қарап жатқанды құптамаймын. Тек адам баласы жалқау болмауы керек. «Не ексең, соны орасың» деген. Бақшамызда алма, алмұрт, қара өрік, шабдалы,  долана, қияр, қызанақ, пияз секілді тұрмысқа қажетті жеміс-жидектердің бәрі бар. Сондай-ақ, ұзақ жыл өсетін болса да, биыл шырша терегін еккен едім,-деді ауласын гүл бағына айналдырған апамыз.

«Жақсы жұмыс – жанға тыныс» деген осы. Абзал ана жұмысынан ләззат алады. Ол үшін өзгелердің ризашылығы мен алғысы маңызды. Оған үнемі жан жары Қасайын Байтұрғанов пен ұлы Әділ қолғабыс етеді екен.

Иә, бүгінде бәз біреулер екі қолға бір күрек таппай тентіреп жүр. Ебін тауып,  ерінбесең бау-бақша да табыстың бір көзі. Ал, гүл өсірудің машақаты бөлек әңгіме.

Кетерімізде Гүлшат апамыз «атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген нақылды тұспалдап, гүлдеріне су құюды бастап кетті.

Алтынбек ЕРМЕКҚАЛИЕВ

Жаңақала ауданы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале