25.05.2016, 19:40
Оқылды: 30

Ақ жол саған, жас түлек

????????????????????????????????????

 Әр түлектің жадында мәңгі сақталатын соңғы қоңырау үні Зеленов ауданы Қасым Аманжолов атындағы мектебінің 16 түлегі үшін  соңғы рет сыңғыр қақты.

   Мектеп ұжымының оқу жылын аяқтау салтанатты шарасына Батыс Қазақстан облыстық табиғатты қорғау басқармасы басшысының орынбасары Ақылбек Аманғалиев, аудандық мәдениет тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Бибігүл Ахметжанова, аудандық білім беру бөлімінің балалар құқығын қорғау бойынша сектор меңгерушісі Айгүл Серғазиева және БҚО «Жас жолы» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Саламат Исламғали қатысты.


   Мемлекеттік гимн орындалған соң сөз алған мектеп директоры Роза Тасанова: -Осыдан 11 жыл бұрын бүлдіршін едіңдер, бүгін  міне, ой-өрістерің толысып, білімді, тәрбиелі тұлға атанып, үлкен өмірге қанат қаққалы тұрсыңдар. Ұлылар айтқан ұлағат жадыңнан шықпай, терең білімге, табысты еңбекке талаптан. Ақ жол болсын, қадірлі түлектерім,- деп мектеп бітірушілерге, алдағы үлкен өмірде адаспай өз орындарын табуларына тілектес екендігін жеткізді. Одан соң сөз алған Ақылбек Теміржанұлы: -Сәтті аяқталған оқу жылында табысты еңбектенген мектеп ұжымын, қияға қанат қаққалы тұрған түлектерді осынау шаттыққа толы мерекемен құттықтаймын. Жыл бойы білім нәрімен сусындап, бір сатыға есейген мектеп оқушыларына жақсы тынығып, жаңа оқу жылында аман қауышуға тілектеспін,-деді өз сөзінде. Сондай-ақ түлектерді құттықтай келген Бибігүл Меңдіғалиқызы мен Саламат Ергенұлы да мектеп бітірушілерге деген ыстық лебіздерін білдіріп, қоғамдық, мәдени өмірде белсенділік танытқан оқушылар мен ұстаздарға алғыс хаттар табыстады. Одан әрі салтанатты жиын оқу озаттары мен мектеп атын шығарып жүрген чемпиондар шеруіне жалғасты. Кейін үлкен өмірге қадам басқалы тұрған түлектер артынан ілескен іні-қарындастарына білім кілтін аманаттады.

    Соңғы қоңырау салтанаты әр адамның өмір естелігінде жазылып қалатын ең жақсы күндерінің бірі. Бұл жай күн емес – ол өмірдің белгілі бір кезеңімен қоштасу және болашаққа деген жаңа қадамның бастауы. Түлектердің балғын балалық шағына «қош» дегізіп, соңғы қоңырау сыңғыр қақты. Біріншіні тәмамдаған бүлдіршіндер аға-апаларына ақ жол десіп, өздерінің сыйлықтарын ұсынып, ән-күйден шашу шашты. Жиын соңында алтын ұя мектебінмен қимай қоштасқан түлектер аспанға ақ көгершіндерді ұшырып, 11 жыл бойы білім нәрімен сусындатқан ұстаздарына алғыстарын жеткізді. Осылайша тағы бір оқу жылы аяқталып, тағы бір топ түлек үшін мектеп өміріндегі ең соңғы қоңырау соғылды. Қош, жас түлек!

www.zhaikpress.kz

Түгелбай БИСЕН

Зеленов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале