14.07.2015, 20:36
Оқылды: 17

Батысқазақстандық әнші-ұстаз Б.Қабиеваның шәкірттері Балатонда өткен халықаралық байқауда жеңіс тұғырынан көрінді

Kabieva apai   Қазталов ауданы Жалпақтал ауылында тұратын батысқазақстандық белгілі әнші-ұстаз, «Қыз Жібек» ансамблінің жетекшісі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Баян Қабиеваның қос шәкірті Венера Асқарова мен Назгүл Қабиева 4-12 шілде аралығында Венгриядағы Балатон қаласының демалыс орнында "XV. BALATON-YOUTH-ART INTERNATIONAL FESTIVAL" байқауында топ жарып, жеңіс тұғырынан көрінді.

Баян Қабиеваның хабарлағанындай, аталмыш өнер додасына Қырғызстан, Өзбекстан, Израиль, Әзірбайжан, Ресей, Беларусь, Украина, Венгрия, Армения, Австрия, Чехия, Қазақстан сынды әлемнің он екі елінің өкілдері қатысып, түрлі жанр бойынша сынға түсті. Бұған дейін де халыкаралық байқаулардың бірнеше дүркін жеңімпазы атанып үлгерген «Қыз Жібек» ансамблінің әншісі Венера Асқарова мен республикалык Дельфийлік ойындардың жеңімпазы, қазір Астана каласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің 3-курсында оқитын Назгүл Қабиева ең мықтылар қатарынан көрініп, екі бірдей бас жүлдені иеленді. Дәстүрлі ән өнері бойынша сахнаға шыққан Венера Құмар термесін, халық әні «Балжан-айды» әуелете орындаса, Назгүл Мұхиттың «Айнамкөзі» мен халық әні «Шымырды» нақышына келтіре шырқады.  Қазақ әндерінің құдіреттілігі сол, көмейден төгілген биік ән тыңдаушыларын тәнті етіп, қайта-қайта қол соқтырды. Әлемге әдемілігімен аты шыққан Балатон көлін көрудің өзі қандай ғанибет. Қазақстаннан барған балғын әншілер ел көріп, жер танып, өзге ұлт өкілдерінің салт-дәстүрі, мәдениетіне қанығып, өздері теңдес құрбылармен араласып, жаңа достар тауып қайтты.

«Елбасымыз «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты Жолдауында: «Біздің кейінгі ұрпаққа аманаттар ең басты байлығымыз - Ел бірлігі болуы керек. Осынау жалпыұлттық құндылықты біз әрбір жастың бойына сіңіре білуге тиіспіз», деп атап көрсеткеніндей, біз жас жеткіншектерді кішкентайынан ұлттық өнерге баули білсек, олар ешкімнен кем болмайды. Қайта өзгелерден сол өнерімен ерекшеленіп тұрады. Мұны осы сапарымызда жақсы сезіндік. Тіліміз, дініміз әр түрлі болса да, бізді жақындастырып тұрған құдіретті өнерге тағы да бас идік. Ең кереметі, әр жеткіншек өз тілінде сөйлеп, өз тілінде ән салды. Ғаламтор мен ұялы телефонға тәуелді қылдырмай, балаларымызға ата-бабадан қалған өнер арқылы ұлттық қасиетімізді дарыта білсек, одан асқан бақыт жоқ екен. Кейінгі жас ұстаздарға айтарым осы. Сөз соңында біздің осы сапарымызға рухани және қаржылық жағынан демеушілік еткен облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов, облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Медхат Қамбетов сынды азаматтарға өнер жанкүйерлерінің, балалар мен ата-аналардың, барша жұртшылық атынан ризашылығымды білдіргім келеді. Осылайша еркін өсіп келе жатқан өнерлі ұрпағы бар еліміз өсіп-өркендей берсін», - деді Б.Қабиева.

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале