4.05.2024, 20:33
Оқылды: 39

Сіз білесіз бе?

Ежелден қазақ халқына ырым-тыйымдары мен наным-сенімдері серік болып келеді. Яғни ғылым, медицина жетілмеген кезеңдерде тыйымдары сақ жүруге тәрбиелеп, ырымдары бәле-жаладан қорғаған. Қазіргі дамыған заманда, әрине, түсінік ауысып, көзқарастар өзгерген. Байырғы сенімдерге сену қиын. Дегенмен ұлы халқымыз сол кездерде-ақ талай нәрсенің түсінігін беріп кеткен. Медицина, метеорология, психология сынды ғылымдарсыз да өз болжамдарымен мәселелердің шешімін таба білген. Сондай бір таңдай қақтырар ырымдардың бірқатарына тоқталып кетсек.

Наурыз ЖП

Мертік ас

Жазатайым оқиғадан, мертігіп, бір жерін сындырып алған адамға мертік ас беріледі. Адамның жарақаты тез жазылсын деген ниетте жеті немесе тоғыз үйден дәм әкелінген. Бұрындары көрші-көлем, тума-туыс тезірек аяғына тұрып кетсін деген мақсатта өздері дәмдерін қолына ұстай келетін болған. Бертін келе бұл сенім ұмытылып, білетіндері өздері үй жағалап мертік ас жинайтын болды.

Қорықтық құю

Кішкентай бала түнде шошынып, қорқып ұйықтай алмағанда, жай кезде де бойында бір үргедектікті байқағанда қазақ халқы «қорықтық құю» ырымын жасаған. Яғни баланы отырғызып, май құйылған табақты төбесіне ұстап тұрып, ерітілген қорғасынды құятын болған. Ыстық қорғасын майға түскенде шыққан дауыстан үркіп кеткен баланың бойынан, алып қалған секемі, шошынғаны, жалпы барлық жаман нәрселер шығып кетеді деп пайымдаған. Құйылған қорғасын сәбидің неден шошынғанын көрсетіп қатады дейді, яғни адамнан, не жануардан қорықса, соның бейнесін байқауға болады. Міне осылайша медицина да түсіне алмайтын кей жайттарда қазақы ырымдар көп көмегін тигізіп жатады. Түнімен көз ілмей жылап шыққан баланың, қорықтық құйғаннан кейін тып-тыныш ұйықтағанына куә болған талай ананы көріп те, естіп те жүрміз.

Ұшықтау

Ежелден келе жатқан «емдеудің» бірі – ұшықтау. Адам бір нәрседен секем алып, ұшынғанда, көз тигенде, құлап, бір жерін ауыртып алғанда осы амалды жасап жатады. Негізі ұшықтаудың бірнеше түрі бар. «Әр молда білгенін оқиды» дегендей, әркім өз білгенінше әрекет етеді. Бірі суға тұз, күл қосып науқасқа бүркіп, шашып ұшықтаса, бірі «Жерұшық» береді. Батып бара жатқан күнмен таласа үлкендеріміз ауырған адамды жерге жатқызып, «Сен ұшынған жоқсың, қара жер ұшынды» деп үш рет қайталап, артына қаратпастан үйге кіргізген. Кейін сол адамның сауығып, аяғына тұрғанын көргенде, еріксіз таңдай қағасың.

Қалжа

Жаңа босанған келінге арнайы өзіне деп аталып, байланған қойдың еті қалжа деп аталады. Яғни босанған әйел ауру-сырқаусыз тез күш-қуатын жинап, аяғына тұрып кетсін деген мақсатта арнайы қой байланып, қырық күнге дейін еті мен сорпасын жегізіп, жеке қалжалайтын болған. Қалжасы берілген ананың денсаулығы жақсы, сүті де нәрлі болып, баланың да дені сау болуына жақсы әсер етеді. Келіннің қалжасы күйеуінің міндетіне кіреді, парызы саналады. Десе де кей өңірлерде қалжаны келіннің төркіні де әкеліп жатады. Бұған шамасы жоқ отбасыларға ауқатты кісілер де қойын атап, көмек қылатын болған. Себебі жас босанған келіннің қалжасын беру - сауапты іс.

Жарысқазан

Ай күні жеткен жүкті әйелдің жеңіл, қиналмай босануы үшін «Жарысқазан» дәстүрі жасалған. Баланың өмірге келуіне, ананың босануына аса алаңдаушылықпен қарайтын қазақ халқы келін бала көтерген сәттен бастап өмірге әкелгенге дейін салт-дәстүрлерін қалт жібермей, ырымдарын жасап жүрген. Босану уақыты таяған әйелдің толғағы басталған сәтте-ақ сол шаңырақтың үлкендері, ауылдың келіндері жарыса қазан асып, қажетті шаралардың барлығын жасаған. Осыдан бұл дәстүр «Жарысқазан» деп аталып кеткен. Тамақ піскеннен бұрын бала туылсын, толғағы жиілеп, тезірек босансын деген ниетпен жақын маңдағы қазандарға қуырдақ салынған. Үй іші-сыртында баулаулы, түюлі не болса, барлығы шешіліп, босатылған. Кілттеулі құлыптардың барлығы ашылып, түйілген, жабық ештеңе қалдырмайтын болған. Осының барлығы расымен де ананың жеңіл босануына септігін тигізіп жатады.

Өңешпен қылғындыру

Баланың 2-3 жаста тілі былдырлап шығып, тіпті пысықтары еркін сөйлеп кетеді. Бірақ 3-тен асқан баланың тілі шықпай жүрсе әрине алаңдатады. Ырымшыл қазақ халқы бұл тұста да бір тетігін тауыпты. Жасы жетіп қалған бүлдіршін әлі де ыммен түсіндіріп, сөздердің басын қоса алмай жүрсе, нағашы жұрты арнайы «жиенге» деп қой сойып, сол қойдың өңешімен баланы қылғындыратын болған. Әрине бұл қазіргі заманда құлаққа түрпідей тиіп, қорқынышты естіледі. Алайда ертеректе үйдің үлкендері баланың тілі шықпай жүргенін байқаған бойда нағашы жұртына аттандырған. Қойды сойып жатқан жерде, мойнына қып-қызыл өңешті салған кезде шыр етіп жылаған бала көп ұзамай сөйлеп кететініне сенген. Негізі сенбеске болмайды, себебі бұндай таңғажайыптарды көз көріп, құлақ естіп жүр.

Гүлжазира Асу, 

Шыңғырлау ауданы, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале