4.05.2024, 20:12
Оқылды: 164

Ерекше әсер сыйлаған библиотүн

«Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деген екен заманның заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаев. Бұдан асырып не айтуға болады. Заман қанша жаңарып, дәуір қанша алмасса да кітап оқу мәдениеті жоғалмайтыны сөзсіз. Бүгінгі күннің басты сұранысы – жаңашылдық. Креативті көзқарас, маркетингтік жарнама, үздік сұранысқа ие ерекше өнім. Бұны неге айтып отырмыз, себебі, еліміздегі кітапхана саласы да осындай оң өзгерістерден кенде емес. Солардың көшінде біздің аудандық орталық кітапхана да бар.

WhatsApp Image 2024-04-30 at 16.05.50

Жуырда кітапхана ұжымының ұйымдастыруымен дүниежүзілік кітап және авторлық кұқық күніне орай «Түнгі кітапхана әлемі – 2024» тақырыбында библиотүн өтті. Бірнеше кезеңдерді қамтыған рухани кешке аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев және мекеме басшылары мен арнайы шақырылған меймандар, кітапхананың тұрақты оқырмандары қатысты. «Бұл ән бұрыңғы әннен өзгерек» демекші, бұл библиотүн бұған дейінгі шаралардан өзгеше көрінді. Олай дейтін себебіміз, кеш шымылдығы кәсіби қызметтерінде жаңашылдығымен ерекшеленіп тұратын кітапханашы қыздардың орындауындағы «Миллион кітаптар» әнімен ашылып, отандық әдебиет пен шет елдік классикалық туындылардың кейіпкерлері сомдалған кітап дефилесімен жалғасты.

WhatsApp Image 2024-04-30 at 16.05.16 (1)

Шараның негізгі бөлімі жас та болса жетістікке жетіп үлгерген өңірден шыққан жастарды кеңінен насихаттап, олардың шығармашылық әлеуетін көтеруді мақсат тұтқан танымдық сұхбат алаңында жалғасты. Өнер мен мәдениет саласында еңбек етіп, ағартушылық қызметті жанына серік еткен жалынды жастар: Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театрының актеры, Қадыр Мырза Әлі атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығының ақпарат бөлімінің басшысы Азат Мыңбаев, Тасқала халықтық театрының режиссеры Жалғасбек Мырзагереев, «Зерек» оқу орталығының жетекшісі Манарбек Жұмабаев және Л.Қылышев атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің мұғалімі Самат Байболат қатысып, түрлі тақырыпта өздерінің азаматтық ойларын ортаға салды.

WhatsApp Image 2024-04-30 at 16.05.17

Театр өнерінің қыры мен сыры, қойылым алдындағы актерлік ізденіс, сахнадағы кейіпкер обрызының көрерменге берер әсері жөнінде жерлесіміз Азат Мыңбаев тереңнен толғаса, «Ел іші – өнер кеніші» деген сөзді желеу етіп, бүгінде халықтық театрдың көсегесін көгертіп, ел ішінде елеусіз жүрген әртістердің сахна төрінде насихатталуына жағдай жасап, сол арқылы халықтық өнердің өркендеу жолында үлескер атанып жүрген талантты режиссер Жалғасбек Мырзагереев өзінің еңбек жолында кездескен қиындықтары мен жеткен жетістіктерін тілге тиек етті. Ал жаста болса, ағартушылық жолды таңдап, кешегі Ыбырайлардың салып кеткен сара жолына өзіндік сүрлеу-соқпақ арқылы жетуді мақсат тұтып, кешегі бабалар аманатын бүгінгі ұрпаққа насихат етуді қолға алған Манарбек Жұмабаев қазіргі қоғамның үлкен рухани сырқатқа айналған қуыскеуде дертімен күресу жолдарына тоқталып, «Отбасы хрестоматиясы» сериясы арқылы бүкіл республикаға тарап, оқырмандар арасында сұранысқа ие «Қуыскеуде», «Өзбекәлі және мәдени майдан», «Балалықтан даналыққа» атты кітаптардың төңірегінде тамаша талдаулар жасап, тыңдарман қауымға Ғани Мұратбайұлы, Өзбекәлі Жәнібеков сынды танымал тұлғалардың өмір жолынан қызықты деректер ұсынды. Кеш барысында ауданымыздың белсенді жастарының бірі Самат Байболат гитарамен Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Бақыт» атты тамаша әнді орындап, кештің шырайын кіргізуге атсалысты. «Актер Time» айдарында Азат Мыңбаев оқырмандарға актерлік және ораторлық өнер бойынша шеберлік сағатын ұйымдастырып, кеш мазмұнын өзінің орындауындағы «Қайран өмір» әнімен қорытындылады. Шара соңында сөз алған аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев рухани кешті жоғары деңгейде ұйымдастырған Гүлмира Макарқызы бастаған кітапхана ұжымына алғысын білдіріп, келген меймандарға естелік сыйлықтар табыс етті.

WhatsApp Image 2024-04-30 at 16.05.15

- Бүгінгі шараға ерекше ықыласпен шақырған кітапхана ұжымына, аудан басшылығына алғыстан басқа айтарым жоқ. Ерекше әсер алғанымды жасыра алмаймын. Өте әдемі әрі әсерлі кеш болды. Қанша жырақтап кетсек те жүрегіміз әр кез туған жер деп соғып тұрады. Болашақта ауданымызға арнап өнер кешін берсек пе деген жоспарымыз да бар. Оны енді алдағы уақыттың еншісіне қалдырайық. Баршаңызға шығармашылық табыс, берекелі қызмет тілеймін. Құрметтеріңізге бек ризашылығымызды білдіріп, шынайы алғысымды жеткізгім келеді, - деді өзінің жүрекжарды тілегін білдіріп, әсерімен бөліскен Азат Мыңбаев кеш соңында тебірене сөз алып.

WhatsApp Image 2024-04-30 at 16.05.16

Самат Сергейұлы,

Шыңғырлау ауданы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале