29.05.2015, 12:09
Оқылды: 18

Отбасы құндылықтарын сақтау маңызды

AbdikalikovaӨңірге іссапармен келген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалық етуімен Оралдағы Салтанат сарайында облыстық іскер әйелдер клубының кезекті отырысы өтті. Басқосуға облыс әкімінің орынбасары, облыс әкімідігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның төрағасы Бақтияр Мәкен қатысты.

-        Өңіріміздегі 600 мыңнан астам халықтың 50 пайыздан астамы нәзік жандылар. Облыста 5 мыңға жуық мемлекеттік қызметші болса, соның 50 пайыздан астамы әйелдер. Бүгінде облыста 6 басқарманың басшысы, 4 аудан әкімдерінің орынбасарлары, 14 ауылдық округтің әкімдері әйел адамдар, - деді астаналық қонақтарға қош келдіңіздер деген облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен.

Облыс әкімінің орынбасары одан әрі әлеуметтік саясаттың маңызды бір бөлігі әйел мен бала денсаулығын сақтау, медициналық көмек көрсету бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Гендерлік стратегияны іске асыру, әйелдер бостандығын қорғау, денсаулығын сақтау, белсенділіктерін арттыру бойынша өткен жылы 400 миллион теңге бөлінсе, биыл бұл мақсаттарға 900 миллион теңге бөлінген.

Г. Әбдіқалықова облыстық комиссияның назарын алдымен тұрғындардың, соның ішінде әйелдердің жұмыспен қамтылуы, екіншіден, саламатты отбасы, отбасы құндылықтарын сақтау мәселелеріне, үшіншіден, әйел мен бала денсаулығын нығайту, төртіншіден, отбасылық және адамгершілік құндылықтарына тәрбиелеу мәселелеріне аудартып, осы бағыттағы жұмыстарды ширатуды тапсырды. Сонымен қатар отбасылық және адамгершілік құндылықтарды дәріптеу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігін атап өтті.

Басқосуда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Елена Тарасенко, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының орынбасары Гүлназ Құлжанова,  Ж. Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледждің директоры, Орал қалалық мәслихатының депутаты Шалқыма Құрманалина, Тасқала ауданы әкімінің орынбасары Люция Жұбанышқалиева, «Приуралье» газетінің бас редакторы Роза Сыйықова отбасылық және рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайтудың жолдары жөніндегі ой-пікірлерімен бөлісті.

www.zhaikpress.kz

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале