ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, Қазақстан мен Қытай астық және ауыл шаруашылығы өнімдерін саудалауға арналған бірлескен цифрлық платформаны іске қосты.

Ф
Жаңа жүйе екі елдің экспорттаушылары мен сатып алушылары арасында тікелей байланыс орнатуға жол ашады.
Бұл бастама Қазақстан делегациясының Қытайда өткен 8-ші Астық саудасы конференциясына қатысуы аясында жүзеге асты. Жиынға қатысқан Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова қазірдің өзінде отандық 35 компания тіркеліп, 24 мың тонна майлы зығыр жеткізу бойынша алғашқы келісімшарттар жасалғанын атап өтті.
Қытайдың 50 мыңнан астам кәсіпорнын біріктіретін Ұлттық интернет-платформа базасында құрылған жүйені NAFRA-ға қарасты Астық саудасын үйлестіру орталығы басқарады. Платформада онлайн-есеп айырысу, тәуелсіз тексеру және ашық аукциондар секілді сенімділік тетіктері қарастырылған. Бастапқы кезеңде мұнда дәнді дақылдар, майлы дақылдар, өсімдік майы мен май-тоңмай өнеркәсібінің өнімдері саудаланады.