17.11.2020, 10:31
Оқылды: 70

123 мобильді бригада құрылды

Биылғы 13 қарашада облыстағы эпидемиологиялық хал-ахуал бойынша 7382 жағдай тіркелген, оның ішінде 3622-сі симптомдық, 3760-ы симптомсыз науқастар болып саналады. Жазылып шыққандар саны 6937 адамды құрайды. Жалпы 128 адам көз жұмған. Апта сайын коронавирустық инфекциямен сырқаттанудың орта есеппен 59 пайызға өсуі байқалады. Биыл 1-12 қараша аралығында коронавирустық инфекциямен барлығы 358 жағдай тіркеліп, оның ішінде 140 жағдайда ауру белгілері бар болса, 218 жағдайда ауру белгілері жоқ. Бұл жөнінде БҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнар Абдрахманова және облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев баян етті.

71272775-0814-4D6C-9CF0-D85EE4EA0F40

Олардың айтуынша, Тасқала, Жәнібек, Ақсай және Сырым санитарлық бекеттері жанындағы 185 төсек-орны бар төрт карантиндік стационарда бүгінгі таңда 28 науқас жатыр. Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы, облыстық көпбейінді аурухана және Бөрлі, Ақжайық, Жәнібек, Бәйтерек, Бөкей ордасы аудандық ауруханалары базасындағы 349 төсек-орындық жеті инфекциялық ауруханада 117 адам емделуде. Соның ішінде 37 реанимациялық төсек-орнында бүгінде 8 адам ем-дом алуда. Олардың ішінде 60-тан 80 жасқа дейінгі науқастар 80 пайызды, 80 жастан жоғары 20 пайызды құрайды. Қазіргі кезде өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған адам жоқ. Сонымен қатар 2028 резервтік төсек-орын қоры дайындалып, оның 1253-і инфекциялық, 775-і карантиндік стационарларда орналасқан. Облыс емханалары жанынан 123 мобильді бригада құрылды. Бригадалар арнайы аутокөлікпен, жеке қорғаныс құралдарымен, сынамаларды алуға арналған жинақтармен, антисептиктермен, пульсоксиметрлермен, артериалдық қысым өлшеуге арналған аппараттармен қамтамасыз етілген. Бір емхананың мобильді бригадасы күніне 9-10 шақыртуға барады. Жалпы, облыс бойынша 100 шақты шақыртуға барып, медициналық қызмет көрсетеді.

Орал қаласы бойынша барлығы 252 жағдай анықталды. Бұл барлық аурудың 70,3 пайызын құрайды. Мәселен, Бәйтерек, Бөрлі аудандарында тиісінше 41, 25 жағдай тіркелсе, Теректі, Шыңғырлау аудандарының әрқайсысында 10 жағдай, Жаңақала, Жәнібекте тиісінше 5, 4 жағдай, Қаратөбе, Сырым, Казталов  аудандарының әрбіреуінде 3 жағдайдан тіркелген. Ал Бөкей ордасы мен Ақжайық аудандарында бір-бір жағдай есепке алынған. Облыста биыл 1-12 қараша аралығында мемлекеттік шекарадан барлығы 8559 адам, соның ішінде 1688-і жолаушы, COVID-19 анықтамасы жоқ 159 жолаушы өткен. Анықтамасыз жолаушылар үш тәулік карантиндік стационарға орналастырылып, ПТР әдісімен тест алынды, оның төртеуінде тест қорытындысы оң нәтиже көрсетті. Облыс арқылы өткен екі жақты қатынаста халықаралық жүк тасымалын жүзеге асыратын жүргізушілер саны 2962, оның ішінде 1385 жүргізушінің анықтамалары бар. Ал 1577 жүргізушіде анықтама болмауы себепті олардан тест алынып, қорытындысында 14 адамда оң нәтиже көрсеткен.

Нұрымбек Жапақов,

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале