14.12.2020, 10:26
Оқылды: 234

Отан қорғау күзетінде – Қазақстан тәуелсіздігінің төл құрдастары

Бірер күннен кейін еліміз Қазақстандағы мерекелердің сұлтаны – Тәуелсіздік күнін атап өтпек. Осыдан 29 жыл бұрын әлем картасынның тарихында Тәуелсіз Қазақстан пайда болды. Тәуелсіздік – ең басты құндылығымыз. Тәуелсіздікке бейбіт түрде қол жеткізгеннен кейін ғана елімізді әлемнің өркениетті мемлекеттерінің қатарынан көре алдық.

 тәу

Ғасырлар бойы  бабалар арманы болған Тәуелсіздікке 1991 жылдың  16 желтоқсанында қол жеткіздік. Бұл күн – өз тағдырымызды, өз болашағымызды айқындауға жеткен Ұлы күн.

Алтай мен Атыраудың, Арқа мен Алатаудың, Сырдария мен Есілдің арасындағы Қазақ елінің егемендік алған ардақты күн. Еліміз көк байрағын желбіретіп, асқақ рухты Әнұранын қалықтатып, егемен елге айналды.

Іргемізді бекемдеп, байтақ шекарамызды халықаралық құжаттармен мызғымастай етіп бекіттік. Ашық аспанымызды қас қақпай күзететін айбарлы армиямызды құрып, келелі Конституцияны басшылыққа алдық.

Тәуелсіздік алған кезеңде еліміздің Тұңғыш Президенті өз Қарулы Күштерін, оның ішінде ішкі әскерлерді, қазіргі кездегі Ұлттық ұлан әскерлеріміз алғашқылардың бірі болып 26 күн өткен соң 1992 жылғы 10 қаңтарда құрылды.

Бүгінгі таңда Орал шаһарында орналасқан Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланның «Батыс» өңірліқ қолбасшылығы №5517 әскери бөлімінде тәуелсіздікпен тұспа-тұс дүниеге келген әскери қызметшілерде Отан алдындағы әскери борыштарын адал абыроймен атқарып келеді.

Олар Тәуелсіз Қазақстанның төл құрдастары өз жолдарын таңдап, бала кезінен әскери киім киюді және өз тәуелсіз елінің қорғаушылары болуды армандаған нағыз өз елінің патриоттары. Бұл ретте осы әскери бөлімде озат қызмет етіп жүрген бірнеше тәуелсіздік құрдастарымен жолығып, сөзге тартқан едік.

2-ші атқыштар ротасының 2-ші взвод сержанты, аға сержант Рауан Макулов:

- Тәуелсіздіктің құрдасы атану – мен үшін үлкен мәртебе, мақтаныш. Мен Тәуелсіз Қазақ елінің топырағында туылдым, ашық аспан астында өмір сүрудемін. Сан мыңдаған жылдар бойы ата-бабамыз аңсап, найзаның ұшымен, білектің күшімен күресіп жеткен Тәуелсіздіктің маңызын, ұлан байтақ жерімнің құндылығын өте жақсы білемін.

Кішкентай кезімнен тарих кітаптарынан Қазақ елі қандай сындарлы кезеңдерді басынан өткергенін оқып таңғалатынмын. Сонда осы күнге жетуімізде әр кезеңде көзсіз ерлік көрсетіп, жанқиярлық танытқан батыр аталарымыз бен ержүрек ағаларымыздың үлесі зор екендігін түсінетінмін.

Сондықтан да бала кезімде халқымыздың қауіпсіздігі мен тыныштығын қорғасам екен, тәуелсіздігіміздің қорғаны, еліміздің мықты қалқаны болсам екен деп армандаушы едім. Міне, осы жүрек түбіндегі балалық арманым орындалып, 2007 жылдан бері келісім-шарт бойынша әскери қызметші болып, әскер қатарында қызмет етудемін. Біреулер «әкемнің жолын қудым дер», енді біреулер «ағам сияқты болғым» келді дер. Мен олай да айта алмаймын. Себебі менің отбасым бұл саладан мүлдем алыс еді. Әкем – Рысқали Мақулов өмір бойы вахтада жұмыс жасаған. Ал, анам – Светлана Имангалиева үй шаруасындағы адам».

Материалдық және техникалық қамтамасыз ету ротасының автотехникалық қамтамасыз ету взводының 2-ші автомобильдік  бөлімшесінің командирі кіші сержант Ринат Хамидуллин:

- Мен 1991 жылы 22 желтоқсанда Батыс Қазақстан облысында дүниеге келдім. Бала кезімнен соғыс туралы фильмдерді жақсы көретінім, соғыс уақыты туралы аталардың әңгімелерін тыңдағаным есімде. Отанды қорғау –қасиетті борыш. Біздің еліміз, біздің халқымыз үшін ең маңызды мереке болып туылғанын мақтан тұтамын.

Сәт сайын құбылған аласапыран заманға сай амал болуы керек. Ең жақсы жоспар – уақыт талабына бейімделе алатын жоспар. Біз де заманның беталысына қарай межелерімізді белгілеп, жоспарларымызды жөндеп отырамыз. Біздің мақсатымыз – елі бақытты, жері гүлденген қасиетті Отанымыз Қазақстанды «Мәңгілік Ел» ету!

Бұл тұрғыда құқықтық тәртіп әскері жауынгерлерінің бұдан әрі де тәуелсіздіктің туын биік ұстайтынына сенім мол.

Біздің Ұлттық ұлан әскерлері әр уақыт Қазақстан Республикасының Конституциясы жүктеген талаптар мен міндеттерді мүлтіксіз орындап, мемлекетіміз бен халқымыз тыныштығының мызғымас кепілі болып табылады.

3-ші арнайы жедел мақсаттағы батальонның 3-ші взвод бөлімшесінің командирі, кіші сержант Мейрамбек Өтешов:

- Мен өмірге тәуелсіздіктің ақ таңымен бірге келгенімді мақтаныш етіп, соған сай азамат болуды армандап жүрген жаспын. 1991 жылы Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданында өмір есігін ашқанмын.

Ең алғаш әскери салаға 2014 жылы Отан алдындағы мерзімдік әскери борышымды атқарып, содан 2015 жылы Орал қаласындағы 5517 әскери бөліміне келісім-шарт бойынша әскери қызметке келдім.

Алғашқы жылдары бақылаушы болып қызмет еттім. Менің бүгінгі дәрежеге жетуіме ата-анам мен командирлерімнің тәлімі-тәрбиесі мен өмірлік сабағы себеп болды деп санаймын. Міне, Ұлттық ұлан әскерінде  қызмет еткеніме де 5 жылдай уақыт болыпты. Қазақстанның әр жетістігінің, тарихи жаңару сәттерінің куәсімін. Қазақ елінің әлем сахнасындағы беделінің зор екендігіне, аз ғана уақыттың ішінде көптеген ірі экономикалық, саяси жетістіктерге қол жеткізгеніне Қазақстан Республикасының азаматы ретінде мақтанамын. Әлі де талай белестерді бағындырып, дамыған елдердің қатарынан бой көрсетіп, халқымыздың әл-ауқаты жақсара түсетіндігіне сенімдімін.

Ал, осы белестерді бағындыруда бақытты елдің ұрпағы ретінде титтей де болса үлесімді қосып, Қазақстан Республикасына, халқына абыройлы қызмет етіп келемін.

2-ші арнайы жедел мақсаттағы батальонның 2-ші взвод бөлімшесінің командирі сержанты, кіші сержант Әділбек Серіков:

- Мен1991 жылы Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданына дүниеге келдім. Тәуелсіздікпен түйедей құрдас болу мен үшін үлкен мақтаныш. Әсіресе, ел сөз етіп, марапат биігіне көтерілгенде жігерленіп, күш-қайратым жанады. Біз секілді жастар елдің ертеңі, келешек ұрпаққа өнеге көрсететіндей болуымыз керек. Сондықтан, ел үшін маңдай тер төгіп, адал қызмет ету парыз деп білемін.

Тәуелсіздік – бірінші кезекте, қазақстандықтардың бірнеше буынының моральдық-саяси ерік-жігерінің жеңісі. Бұл азап пен шыдамдылық, адамзаттың ғасырлық бостандық арманына қатысты төзімділігі үшін сый.

Біз, тәуелсіз мемлекетте туған жас қазақстандықтар үшін өз мақсаттарына қол жеткізуге және өз елінің лайықты азаматы болуға барлық мүмкіндік бар. Менің балалық арманым орындалды-мен әскери болдым, елімді қорғаймын.

Менің елім ең дамыған мемлекеттердің қатарында болады және көп нәрсеге қол жеткізеді деп сенемін.

Өз кезегінде, осы жетістіктер жолында құқықтық әскерде қызметіммен халықтың игілігі мен тыныштығы үшін өз үлесімді қосқым келеді.

Жалпы, халқымызда «Отан» деген ерекше ұғыммен бірге айтылатын ұлы сөз бар. Ол – Тәуелсіздік. Ата-бабамыз «ақ білектің күші, ақ найзаның ұшымен» сақтап, бүгінгі ұрпаққа мирас еткен мол мұра мен күреспен келген тәуелсіздікті біз қорғап, қастерлеуіміз керек.

 

Ерболат Сұлтанов,

подполковник

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале