24.12.2021, 10:30
Оқылды: 159

16 модульдік мектеп салынады

Тәуелсіздік жылдары облыс бойынша 70 мектеп пен 20 балабақша салынды. Бұл жайында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Зәуре Ғұмарова хабарлады. 

14

Қазіргі уақытта 10 мектептің құрылысы жүргізілуде, оның екеуі жеке инвесторлар есебінен. 8 мектеп пен 3 колледж ғимараты күрделі жөнделуде. Былтыр «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы ауқымында 32 білім нысанын күрделі жөндеуге қаражат бөлінді. Облыста үш ауысымды төрт мектеп, апатты жағдайдағы жеті мектеп бар. Апатты деп танылған Орал қаласындағы №33 мектеп және Казталов ауданының орталығындағы А. Оразбаева атындағы ЖОББМ ғимараттары, Сарықұдық және Жұлдыз ауылдарындағы білім ошақтары жаңадан салынуда. Облыс орталығындағы №31 мектептің ғимараты жеке инвестор есебінен қайтадан бой көтеруде. Үш ауысымды мектептер мәселесін шешу мақсатында Оралда №52 мектептің құрылысы мемлекеттік-жеке меншік әріптестік ауқымында жүргізілуде. Апаттылықтың алдын алу бағытында Бәйтерек ауданындағы Жамбыл және Щапов ауылдарында білім ошақтары салынуда.

Мемлекет басшысы республика бойынша 2025 жылға дейін 1000 мектеп салу жөнінде Үкіметке тапсырма берді. Зәуре Ғұмарова «Nur Otan» партиясының сайлау­алды бағдарламасы аясында облыста 77 мектеп салынатынын атап өтті. Оның 51-і шағын ауылдарда салынатын модульдік мектептер болмақ. Келесі жылы 16 елді мекенде модульдік мектеп құрылысы басталады. Соның қатарында апатты деп танылған Казталов ауданындағы Қоныс мектебі, Ақжайық ауданындағы М. Өтемісов атындағы мектеп ғимараттары жаңаланады. «Модульдік мектептер – шағын ауылдарға ыңғайластырылған білім ошағы. Оның жобасын құрылыс басқармасы жасауда. Тұрғындар санына байланысты модульдік мектептер 108 және 54 орындық болып келеді», – деді облыстық білім басқармасы бас­шысының орынбасары Зәуре Ғұмарова. Оның айтуынша, білім нысандарының құрылысына республикалық трансферттен былтыр 1 млрд 600 миллион, биыл 1 млрд 700 миллион теңге бөлінген. Одан бөлек мемлекеттік бағдарламалар мен жергілікті бюджеттер есебінен қаражат жұмсалуда.

Нұртай Текебаев,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале