18.11.2021, 15:20
Оқылды: 80

2022-2024  жылдары әлеуметтік салаға 26,7 трлн теңге бөлінеді

2022-2024 жылдары әлеуметтік салаға 26,7 трлн теңге бөлінеді. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

23

«Үш жыл ішіндегі түсімдердің өсуін ескере отырып, әлеуметтік салаға жұмсалатын шығыстарды 30 пайызға ұлғайту жоспарлануда. Жалпы алғанда, 2022-2024 жылдары әлеуметтік салаға 26,7 трлн теңге бөлінеді. Осы қаражат көптеген әлеуметтік мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Мысалы, әлеуметтік төлемдерді индекстеу, мұғалімдердің, дәрігерлердің, бюджеттен еңбекақы алатын басқа да қызметкерлердің жалақысын арттыру және көптеген әлеуметтік нысандар салу көзделген», - деді Мәулен Әшімбаев Сенаттың жалпы отырысында.

Сонымен қатар ол бүгін сенаторлар бірқатар өзекті мәселелерді көтергенін атап өтті.

«Оның ішінде ауыл тұрғындарын сумен, интернетпен қамтамасыз ету, фельдшерлік пункт желісін кеңейту мәселелері сөз болды. Осы орайда Үкімет мүшелерінен бүгін депутаттар көтерген барлық мәселелерді ескеруді сұраймыз. Мәжіліс қарап, Президентіміз қол қойғаннан кейін алдағы үш жылға арналған республикалық бюджет ел игілігіне қызмет етеді деп сенеміз. Алдымызда Мемлекет басшысы анықтап берген біраз мақсаттар бар. Жұдырықтай жұмылып, оларды бірге жүзеге асыруымыз қажет. Бұл жұмыста Сенат депутаттары Үкіметке қажетті қолдау көрсетуге дайын», - деді Сенат төрағасы.

Айта кетейік, бүгінгі жалпы отырыста «2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы қаралды. Сенат заң жобасына бірқатар түзетулер енгізіп, Мәжіліске қайтару туралы қаулы қабылдады.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале