30.11.2021, 16:20
Оқылды: 73

2025 жылға мұнай-газ-химия өнімдері 2 млн тоннаға дейін ұлғайтылады

2021 жылдың 10 айында мұнай-газ-химия өнімдерінің өндіріс көлемі 147 мың тоннаны құрады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

35

«2021 жылы мұнай-газ-химия өнімдерін өндіру бойынша 2 жоба пайдалануға берілді. Олар: қуаты жылына 57 мың тонна болатын бензинге арналған октан көтеретін қоспа шығаратын зауыт; қуаты 57 млн текше метр азот және 34 млн текше метр құрғақ сығылған ауа өндіретін техникалық газ шығару зауыты. 2022 жылы қуаты жылына 500 мың тонна полипропилен өндіретін зауытты пайдалануға беру жоспарланған. Бүгінгі таңда құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Жобаны іске асырудың жалпы прогресі 96 пайызды құрайды», - деді өңдеу өнеркәсібін дамыту туралы баяндаған министр.

Оның атап өтуінше, мұнан бөлек, 2025 жылға дейін екі зауыттың құрылысын аяқтау жоспарлануда. Атап айтқанда Атырау облысында қуаты жылына 430 мың тонна полиэтилентерефталат өндіретін зауыт пен Батыс Қазақстан облысында қуаты жылына 130 мың тонна метанол өндіру зауыты пайдалануға беріледі.

«Жоғарыда көрсетілген жобаларды іске асыру 2025 жылға қарай шығарылатын мұнай-газ-химия өнімінің көлемін 2 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Ал тартылған инвестициялар сомасы 1,2 трлн теңгені құрайтын болады», - деді Мағзұм Мырзағалиев.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале