17.06.2021, 10:30
Оқылды: 607

№22 маршрутта «Yutong» жүреді

Маусымның 17-нен бастап Орал қаласындағы  №22 маршрут бойынша заманауи су жаңа автобустар қызмет көрсетеді. «Батыс Қазақстан автобус паркі» ЖШС-ы қазақстандық зауытта құрастырылған 20 «Yutong» автобусымен толықты. Жақын күндері осындай 10 автобус қатарға қосылады.

IMG-20210617-WA0002

Тұңғыш Президент алаңында жаңа көліктерді таныстырған іс-шараға облыс әкімі Ғали Есқалиев пен автопарк басшылары, қала тұрғындары қатысты.

– Жыл басында автопарк басшыларына мемлекет тарапынан субсидия төленетіні айтылып, ал олар жолаушылар тасымалы үшін кем дегенде 100 заманауи  автобус алып келетіні жөнінде келісімге келген едік. Міне, осы келісімнің жүзеге асқанына куә болдық. Жыл соңына дейін осындай 70 автобус келуі керек. Бұның бәрі халқымыздың игілігі, өмір сапасын жақсарту үшін жасалуда.

Автопарк басшыларының сөзінше, бір автобус күніне кем дегенде 800-1000 жолаушы тасымалдайды екен. Жалпы барлық автобус күніне 50 мыңдай жолаушы тасымалдайды деген сөз. Яғни бір автобус 25-30 жеңіл көліктің жұмысын атқарады. Айта кету керек, жолақы 80 теңге болып қала береді. Соңғы бес жылдан бері билет бағасы өзгерген жоқ, өзгертпейміз де. Елімізде құрастырылған автобусты қолжетімді бағада сатып алу үшін автопарк басшылығымен тиімді шарт жасастық. Сондықтан басқа да автопарктердің осындай қоғамдық көліктер алуына тілектеспін. Біз ГАЗельдерді, ескі ПАЗдарды заманауи автобустарға ауыстыруымыз керек, - деген облыс әкімі көлік жүргізушілеріне қоғамдық көліктердің кілттерін табыстады.

IMG-20210617-WA0001

Сонымен бірге өңір басшысы жаңа автобустардың кедергісіз жүруін, жүргізушілер мен кондукторлардың жолаушыларға жылы шыраймен қызмет көрсетулерін тіледі.

«Батыс Қазақстан автобус паркі» ЖШС-ы паркіндегі №22 маршрутта жүрген автобустар соңғы рет 2007 жылы ауыстырылған екен.

IMG-20210617-WA0000

Аталмыш серіктестіктің бас есепшісі Альфия Джалелованың айтуынша, 30 автобусқа жұмсалған 1 млрд 587 млн теңгенің 20%-ы мемлекет тарапынан субсидияланған. «Смарт Қала» ЖШС-ы автобустарды СМС төлем және QR-код арқылы төлем енгізу жүйесімен жасақтаған. Сонымен бірге мүмкіндігі шектеулі жандарға мініп-түсуге қолайлы, пандемияға байланысты дезинфекция жасауға да ыңғайлы жағдай жасалған.

IMG-20210617-WA0008

«Автовокзал» мекемесінің басшысы Талғат Бисекеновтың сөзінше, №22 маршруттағы бұрынғы  автобустар №4 маршрутқа ауысады. Осыған байланысты «Кондуктор» ЖШС құрылып, жаңа жүргізушілер мен кондукторлар жұмысқа қабылданған. Жолаушылар тасымалы саласында қырық жылдан астам уақыт еңбек еткен ардагер Александр Цыцко: «Енді №22 маршрут №5 маршруттағы автобусты басып озып, жарыспайды» деген әзіл-шыны аралас тілегін жеткізді.

Халыққа қуаныш сыйлап, игі істі қолға алғандары  үшін облыс және қала басшылығына ризашылығын білдірді.

IMG-20210617-WA0006

IMG-20210617-WA0005

IMG-20210617-WA0004

IMG-20210617-WA0009

IMG-20210617-WA0003

20210617_095813

Айна Имашева,
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале