3.10.2022, 9:17
Оқылды: 82

24 ауылда су бағасы арзандайды

Таяуда облыстық қоғамдық кеңестің кезекті жиыны өтті. Оған облыстық мәслихат хатшысы Бибігүл Қонысбаева, облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы Ербол Салықов, ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Амантай Рашқалиев, қоғамдық кеңес мүшелері мен БАҚ өкілдері қатысты.

1536834866_news_b

Фото дереккөзі: Almaty.tv

Жиында «Agjaiyg» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация» АҚ қызметіндегі жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау нәтижелері туралы, Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2022 жылғы 18 ақпандағы №21 «Батыс Қазақстан облысының ауыз сумен жабдықтаудың баламасыз көздері болып табылатын сумен жабдықтаудың ерекше маңызды оқшау жүйелерінің тізбесі» қаулысына өзгеріс енгізу және Батыс Қазақстан облысында меншікке немесе жер пайдалануға берілетін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің ең аз мөлшерін белгілеу сияқты үш мәселе қаралуы керек болған. Бірақ алғашқы мәселеге қатысты сұрақтар көп, ал оған жауап беруге міндетті корпорация басшылығы мен директорлар кеңесінің бір де бір мүшесі келмегендіктен, ол мәселе күн тәртібінен алынып, басқа уақытта қаралатын болды.

Ал қоғамдық кеңестің күн тәртібіне қойылған екінші мәселе жөнінде облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Мержан Антазиев баяндама жасады. Оның айтуынша, қазір өңіріміздегі 416 ауылдық елді мекеннің 245-і орталықтандырылған сумен жабдықталған. Халық саны 214 891 адамды құрайтын 149 ауылдық елді мекенге берілетін ауыз су субсидияланады екен. Яғни 149 ауылдың халқы су тарифін жеңілдетілген бағамен төлейді деген сөз. Дәлірек айтар болсақ, күні бүгін 9 топтық және 110 оқшау су құбыры демеуқаржы алып отыр. Мекеме басшысының сөзінше, жыл сайын субсидиялауға 1,2 млрд теңге бөлінеді. Биыл да сонша қаржы беріледі екен.

– Облысымыздағы ауыз сумен жабдықтаудың баламасыз көздері болып табылатын аса маңызды оқшау сумен жабдықтау жүйелерінің тізбесіне 24 оқшау су құбыры енгізілмек. Егер бұл жұмыс ойдағыдай жүзеге асса, 21 653 адам тұратын 24 ауылға арзандатылған бағамен тір-шілік нәрі жеткізіледі. Сонда арзан тарифпен су тұтынатын ауыл саны – 173-ке, тұрғындар саны 236 544-ке жетеді. Ал субсидия алмайтын елді мекендер бойынша белгіленген тариф 190 теңгеден бастап 824 теңгеге дейінгі аралықта, – деді облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Мержан Антазиев. Сонымен қатар 24 оқшау су құбырын тізбеге енгізу жөніндегі облыс әкімдігінің қаулысына өзгерістер енгізуді қолдауды сұрады. Ел үшін жасалар игілікке қашан да қолдау білдіретінін алға тартқан кеңес өкілдері өздерін мазалаған сұрақтарын да қойды.

Ең алдымен қоғамдық кеңес мүшелері суға төленетін ақшаның қайда жұмсалатыны жөніндегі ақпараттың ашық болуын сұрады. Яғни үйіне келіп тұрған су үшін төлеген әр теңгенің қайда, не мақсатпен жұмсалатыны ел-жұртты толғандыратыны рас. Соған байланысты Мержан Антазиев тариф түсімі антимонополиялық комитеттің тарапынан бақыланатынын айтып, ашықтыққа қашан да дайын екендерін жеткізді. Сонымен қатар «Өңіріміздегі ескі құбырларды «Қазсушар» қабылдамай қалмай ма, өз теңгеріміне алған күннің өзінде жөнделуін қадағалай ма?» деген сауал да қойылды. Бұл сауалдардың жауабын берген облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы соңғы жылдары ауыз сумен қамтылған ауылдардағы құбырлар жаңа еке-нін айтып, ескі құбырларды жөндеу жұмысы қадағаланатынын жеткізді. Мержан Антазиевтің айтуынша, ескі құбырлардың дені облыс орталығында екен. Бүгінде Оралдағы құбыр желісінің 60 пайызы ескіріпті. Десе де, күретамыр құбырлар жаңартылған. Басқарма енді кәріз жүйелерін жөндеуге күш салмақ.

– Қазіргі уақытта кәріз жүйелерін жаңарту жұмысының жобалық сметалық құжаттамасы дайындалуда. Бұл жоба қаланың кешенді даму жоспарына енді. 2025 жылға дейін осы мойнымызға алған жұмыстарды атқара береміз, – деді М.Антазиев.

Кейін Батыс Қазақстан облысында меншікке немесе жер пайдалануға берілетін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің ең аз мөлшерін белгілеу мәселесі қаралды. Ол туралы толық түсінік берген БҚО жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Өмірәлиев ҚР «Құқықтық актілер туралы» заңның 26-бабы 9-тармағына сәйкес БҚО әкімдігінің және БҚО мәслихатының «БҚО меншікке немесе жер пайдалануға берілетін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің ең аз мөлшерін белгілеу туралы» бірлескен қаулы және ше-шімін қабылдауды ұсынды. Ол мәселе қоғамдық кеңес тарапынан қолдау тапты.

Жиын соңында кеңес мүшелері өңірде салынып жатқан жолдардың сапасына да алаңдаушылық білдірді. Осы жайт көпшілікті тұрақты толғандыратынын айтқан облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы Ербол Салықов арнайы комиссия құрып, жұмысты қадағалауды қолға алуға болатынын жеткізді.

Түгелбай Бисен,

zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале