28.12.2016, 17:52
Оқылды: 51

«Жаңартылған білім мазмұны: бүгіні мен болашағы»

akim-obl-obrazovanie  Қаламыздағы Достық үйінде дәл осындай тақырыпта кеңес өтті. Оған облыс әкімі Алтай Көлгінов, ЖОО, колледж және өзге де білім мекемелерінің басшылары, мамандары, мұғалімдер қатысты.


  - Біз жылдың төрт мезгілінде ұстаздар қауымымен кездесіп тұрады екенбіз. Көктемде соңғы қоңырау салтанатында, жазда тамыз конференциясы кезінде, күзде Білім күні мен ұстаздар мейрамында. Бүгін міне, жылдардың тоғысар тұсында бас қосып отырмыз. Ұстаздар қауымымен осынша жақын болуымызға басты себеп – жауапкершілігі мол ортақ жұмыс болып табылатын ұрпақ тәрбиесінің жай-күйін талқылау. Елбасымыз интелектуалды ұлт қалыптастыру бағытындағы  бәріміздің алдымызға тапсырма қойды. Оған Үкімет, жергілікті атқарушы билік, педагог кадрлармен бірге, ата-аналар да атсалысуы керек.

  Экономикасы мен өркениеті дамыған қай мемлекетті алып қарасаңыз да олар зияткерлік әлеуетімен ерекшеленеді. Педагог кадрларды даярлау, білім беру нысандарын салу мен жөндеу сияқты аса жауапты істе мемлекет аянып қалған жоқ. 90-шы жылдары бастан кешірген тоқыраудағы мұғалімдердің айлар бойы жалақысына қол жеткізе алмай жүретін күндер бүгінде келмеске кетті. Биылдың өзінде облысымызда 17 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өтті, оның 13-і мектеп, үшеуі - балабақша, біреуі - лагерь.

 «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша балабақша мен мектеп  салынды. Орал қаласында келесі жылы аяқталатын екі мектептің құрылысы жүріп жатыр.

  2017 жылы облыс орталығында 4, Зеленов ауданының Дарян ауылында 1 мектеп бой көтермекші. Елбасымыз білім жүйесінің еліміздің адами капиталының дамуы мен экономикалық өсуінде алатын орнының зор екендігін атай келе, 12 жылдық білім беруге көшуге біртіндеп өтуді жалғастыру тәрізді бірқатар тапсырмаларды алға қойды. Қазіргі заманның басты талабы – үнемі жетіліп, жаңарып отыру. Соның ішінде білім саласында болып жатқан жасампаз өзгерістердің маңызы зор, - деген Алтай Сейдірұлы білім саласының қызметкерлерін келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, ұрпақ тәрбиесіндегі келелі қызметтеріне толағай табыстар тіледі.

  2015-2016 оқу жылы жаңартылған білім мазмұнының қанатқақты жобасына енгізу бойынша республикамыздағы 30 мектептің қатарында облысымыздан Орал қаласындағы №36 және Теректі ауданындағы Шаған орта мектептері болғаны белгілі. Жиын барысында аталмыш бағдарламаның қазіргі уақытта білім ұяларында жүзе асуы турасында мектеп басшы, мұғалімдер баяндама жасады. Мәселен, Шаған мектебінің директоры Ұлмекен Мұратованың сөзіне қарағанда, ауыл мектебінің таңдаулы білім ұяларына қатарына ілігуі ондағы мұғалімдердің мәртебесін көтерді. Жаңа талап ұстаздар қауымының ынтымақтастығын бұрынғыдан артыра түскен. Мектептің материалдық-техникалық базасы жақсарды. Бұл заман талабына сай сапалы білім мен саналы тәрбеге беруге жаңа мүмкіндік туғызды. Ал №36 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Ботагөз Базарбаева оқушы бұрын тыңдаушы болса, енді ізденуші, ойлаушы, өз ойын дәлелдеуші, ал мұғалім осы әрекетке бағыттаушы, ұйымдастырушы болғанын айтты. Жаңа бағдарламада критериалды бағалау жүйесі енгізілген. Яғни оқушының білімі бұрынғыдай бес балдық жүйемен емес, қалыптастырушы және жиынтық бағалаулармен бағаланады. Онда ата-аналар үшін де арнайы айдар бар. Осы мақсатта ата-аналармен кеңес-сабақтар өткізелді.

   А.Макаренко атындағы №6 орта мектептің директоры А.Мозжухин өздерінің білім ұясы бес жылдан бері интеллектуалды мектептер тәжірибесінде қызмет етіп келе жатқанын жеткізді. Осы уақыт аралығында педагогтар бүгінгі білім мен тәрбие жүйесінде жаңартылған білім мазмұнының тиімдігін анық аңғарғанын жеткізді. «Жаңа педагогикалық технологиялардың тиімділігіне оқу процесіне қатысуышының барлығығының, соның ішінде ата-ана мен оқушының кәсіби құзыреттілігін жетілдіру арқылы қолжеткізуге болады, - деді ол. - Жаңартылған бағдарламада «Тәлімгер» атты жоба бар. Өткен оқу жылынан бастап қаланың бес мектебінде аталмыш жоба аясында тәлімгерлер жұмыс істеуде. Тәлімгердің сыныппен тәрбие жұмысын жүргізуі бұрынғы жүйедегідей пән мұғалімінің қосымша міндеті болып саналмайды. Тәлімгерлер балалармен тұрақты қарым-қатынаста болып, әр оқушының жеке қабілет-қарымына, сынып ұжымының қызығушылығына, шығармашылық мүмкіндіктеріне байланысты жұмыс істейді».

  Өз кезегінде сөз алған Орал қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі Әлима Дүйісмағамбетованың айтуынша, зияткерлік мектеп оқыту мен оқу, мектепті басқару, көшбасшылық бағыттар бойынша тәжірибесімен бөлісіп келеді. Мұнда топтық және жеке кеңестер, коучинг, шеберлік сағаттары, жаңа технология бойынша семинарлар, үштілдік ортаны дамыту бойынша тренингтер, кітапхана жұмысын ұйымдастыру бағытында кеңестер өткізіліп, білім саласындағы үздік қазақстандық дәстүрлерді, халықаралық озық практиканы облыс мұғалімдеріне таратуда.

  Жиын соңында жаңартылған білім мазмұнының облысымызда жүзеге асуына атсалысқан білім беру жүйесінің қызметкерлері марапатталды. Орал қаласындағы №36 орта мектептің директоры Әзима Ғұбашева мен аталмыш мектептің музыка пәнінің мұғалімі Әспет Батырова және Теректі ауданындағы Шаған орта мектебінің директоры Ұлмекен Мұратова мен осы білім ұясының бастауыш сынып мұғалімі Салтанат Мұхамбетжанова ҚР Білім және ғылым минстрлігі Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының Алғыс хаттарын алды.

  Ал облыс әкімінің алғыс хатына ие болғандардың ішінде Ақсай қаласындағы №3 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Гүлнар Есмағұлова, дарынды балаларға арналған мамандандырылған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық қазақ мектеп-интернат кешенінің бастауыш сынып мұғалімі Гүлшат Суханова, Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі Жәмила Хусанова бар.

   Сондай-ақ облыстық білім басқармасының Құрмет грамоталары да табысталды.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале