23.12.2021, 16:15
Оқылды: 77

6 инвест жоба мақұлданды

Облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен инвестицияларды тарту, инвестициялық ахуалды жақсарту және экспортты дамыту жөніндегі өңірлік кеңестің отырысы өтті.

15
– Соңғы екі жылда 44 инвестициялық жоба мақұлданды. Соның ішінде 8 миллиард теңгеге 6 инвестжоба іске қосылды. Соның нәтижесінде 215 жұмыс орны ашылды. 550 миллиард теңгенің 22 жобасы бойынша құрылыс жұмысы жүргізілуде. Түрлі себеппен 16 жоба уақытша тоқтатылды. Бүгінгі басқосуда қосымша алты жобаны мақұлдау мәселесін қарастырамыз, – деді Ғали Есқалиев.

16
Кеңес отырысында «West Trans Logistics KZ» ЖШС-ның директоры Азамат Ғұбайдуллин логистикалық орталық жобасын таныстырды. Кешен аумағы 10 гектарды қамтымақ. Логистикалық орталықта қойма, сауда және іскерлік инфрақұрылымдар қолға алынады. Жоба мақсаты – жоғары деңгейлі стандарттар бойынша логистикалық кешен салу арқылы елдің көліктік әлеуетін арттыру, облыс арқылы өтетін жүк көліктеріне қызмет көрсету. Жүк айналымы жылына 8 мың тонна болмақ. Көлік-логистикалық кешен Орал қаласының Еуропадан келетін жүк ағынын көбейтуге мүмкіндік бермек.

17
«Бакулин Моторс Групп» ААҚ-ның бас директоры Алексей Бакулин Volgabus аутобустарын құрастыру жобасы жөнінде баяндады. Оған тартылатын инвестиция көлемі – 20 миллиард теңге. Жобаға сәйкес жылына газматорлы 50 аутобус және 50 электробус құрастырып шығару көзделген. Алексей Бакулин 2022 жылы іске қосылатын жобаның жүзеге асыру кезеңдерін, бастапқыда 50 жұмыс орны ашылатынын айтты. «Миком» ЖШС-ның директоры Федор Мостовщиков медициналық және өнеркәсіптік газдар өндірісін кеңейту жобасы бойынша, шамамен 2 мың тонна сұйық оттегі, 1 мың тонна сұйық азот, әр түрлі мақсатқа арналған 140 мың текше метр газ қоспасын (медициналық, дәнекерлеу және тағы басқа) өндіру жоспарланғанын жеткізді. Жобаның мақсаты – жаңа өнім ассортиментін өндіруді меңгеру, сұйық оттегі мен азоттың өндірістік қуатын арттыру, сұйық және газ тәріздес фаза өнімдері экспортының көлемін ұлғайту.

18
Кеңес отырысында басқа инвесторлар Бәйтерек ауданында балық шаруашылығын дамыту, Орал қаласында метан құю бекетін ашу және балаларды дамыту орталығын іске қосуға байланысты жоба-жоспарларын таныстырды. Облыс әкімі Ғали Есқалиев аталған жобаларды мақұлдайтындарын айта келіп, инвесторларды қолдау бағытында қала әкімі мен басқарма басшыларына тапсырма берді.

19

Нұртай Текебаев,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале