24.04.2024, 15:17
Оқылды: 35

6 мыңға жуық қазақстандыққа арнаулы әлеуметтік төлем тағайындалды

"Осы жылдың басынан бері 5 918 азаматқа зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істеген адамдар үшін арнаулы әлеуметтік төлем (бұдан әрі – АӘТ) тағайындалды. Қабылдауға барлығы 6 648 адам өтініш білдірген", - деп хабарлайды ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

ақша-теңге

Фото: www.gov.kz

Арнаулы әлеуметтік төлемге 2 көзден (республикалық бюджет және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры) 2 612 адам жүгінді, оның ішінде 2 517 адамға тағайындалды.

АӘТ 4 көзден (республикалық бюджет, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, жұмыс беруші және өмірді сақтандыру ұйымы) тағайындауға 4 036 адам өтініш білдірген, оның ішінде 3 401 адамға тағайындалған.

Сондай-ақ, 447 азамат сақтандыру компаниясымен зейнеткерлік аннуитет шартының жасалуын күтуде, 90 азамат СМС хабарламаға жауап бермеген. Міндетті шарттарды орындамағандықтан, 193 өтініш беруші АӘТ тағайындаудан бас тартылды.

Аймақтар бойынша 2 көзден арнаулы әлеуметтік төлемдерді алуға өтініш білдіргендердің ең көп саны Қарағанды ​​(2 көзден – 462 адам, 4 көзден – 798 адам), Қостанай (2 көзден – 304 адам, 4 көзден – 659 адам) және Шығыс Қазақстан (2 көзден – 235 адам, 4 көзден – 574 адам) облыстарында тіркелген.

Бұрын хабарланғандай, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істеген адамдарға арнаулы әлеуметтік төлем енгізілді.

Арнаулы әлеуметтік төлем тағайындау үшін 55 жасқа толу және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында (бұдан әрі – БЖЗҚ) кемінде 7 жыл кәсіптік зейнетақы аударымдарының болуы міндетті шарттар болып табылады. Төлем зейнеткерлік жасқа дейін төленеді. Арнаулы әлеуметтік төлемдерді алу үшін еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналыспауға тиіс. Жұмыскерлер жеңіл жұмысқа ауыса алады, содан кейін олар жалақы мен төлем алады немесе демалысқа шығып, зейнетке шыққанға дейін арнаулы әлеуметтік төлемдер алады.

БЖЗҚ деректері бойынша арнаулы әлеуметтік төлемді тағайындау үшін міндетті шарттарды ескере отырып, оған 2024 жылы 37 мыңнан астам жұмыскер үміткер бола алады, жалпы төлемнің орташа мөлшері 208 мың теңгеден асады. Әрбір жұмыскер үшін төлем мөлшері БЖЗҚ-дағы жинақтарға байланысты болады.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале