19.09.2022, 10:00
Оқылды: 140

97 мектептің спортзалы жоқ

Қазіргі кезде облыс бойынша 52 мектеп директорының орны бос тұр.  Директордың міндетін атқару орынбасарларға жүктелген. Мұндай жағдай Орал қаласында бар. Әсіресе Ақжайық, Жаңақала, Теректі, Казталов, Қаратөбе, Бөкей ордасы аудандарындағы мектептердің көбіне бірінші  басшы тағайындалмаған.  Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар  қызметінің ақпарат алаңында облыстық білім саласында сапаны  қамтамасыз ету департаментінің басшысы Бұлбұл Күзембаева хабарлады.

булбул кузембаева5

Шілде-тамыз айларында департамент тарапынан  ҚР Оқу-ағарту министрлігінің тапсырмасына сәйкес мониторинг жүргізілген. Мониторинг кезінде мектептердің материалдық-техникалық базасының жағдайы, ағымдағы және күрделі жөндеу жұмысының жүргізілуі, спортзал, асхана, кітапхана, оқу залы, модификациялы кабинеттердің болуы, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары, бейнекамералар орнату, қамқор­шылық кеңестерінің жұмысы, оқулықтармен қамту, «Оқуға құштар мектеп» жобасы және дебат клубтарының жұмысы, педагогтерді жұмысқа қабылдау мәселелері басты назарға алынған.

– Бірінші басшыларды тағайындау, ротациялау, педагогтерді аттестаттау облыстық білім басқармасы арқылы жүргізіледі. Жыл басынан бері 23 мектепке бірінші басшы тағайындалған. Алайда ҚР БжҒМ-ның №57 бұйрығының талаптары толық сақталмайтыны анықталды. Конкурсты ұйымдастыру процедуралары, хабарландыру беруден бастап, үміткерлердің біліктілігінің сәйкестігі, конкурс хаттамаларының рәсімделуі, бағалау парақтарының толтырылуы, қойылған балдардың есептелуінде кемшіліктер жіберілген. Сонымен қатар биылдан бастап ҚР БжҒМ-ның  №559 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік білім беру мекемелерінің бірінші басшыларын ротациялауды өткізу ережесіне» сәйкес 70 білім беру мекемесінің (балабақша, мектеп, ТжКББ) басшылары ротацияланған. Ротациялауды ұйымдастыру кезінде хабарлама беру рәсімінің бұзылуы, біліктілік санаты туралы ақпараттың болмауы секілді  кемшіліктер анықталды, – деп атап өтті облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің  басшысы Бұлбұл  Күзембаева.

Биылғы қаңтар айынан бастап облыс бойынша 74 мектепке 168 педагогтің  уақытша және тұрақты бос орындарына 167 педагог жұмысқа тұрған.

Оның 96-сы конкурстық негізде қабылданды. 84 педагогті қабылдау кезінде  ҚР БжҒМ-ның «Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтерін лауазымға тағайындау, лауазымнан босату қағидаларын бекіту туралы» бұйрықтың талаптары бұзылған. Олардың 71-і конкурссыз  жұмысқа  қабылданған.

ҚР «Педагог мәртебесі туралы» заңының іске асырылуы, педагогтердің құқықтары мен әдеп нормаларының сақталуы департаменттің үнемі бақылауында. Өкінішке орай, білім беру мекемелерінің басшылары ҚР БжҒМ-ның 2020 жылғы 11 мамырдағы №190 бұйрығымен бекітілген әдеп нормаларын сақтамайды. Кейбір басшылар «Өзі үлгі бола отырып, ұжымда тұрақты және жағымды моральдық-психологиялық жағдай қалыптастыра алмайды». Оған дәлел – осы онкүндікте департамент жанындағы консультативтік-кеңесші құрылымда балабақша меңгерушілеріне қатысты екі балабақша тәрбиешілерінен түскен  (Казталов, Ақжайық ауданы) шағым қаралды. Казталов ауданына қарасты балабақша меңгерушісіне ҚР әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 409-бабы 7-3 тармағына сәйкес тәрбиешілерді өзінің кәсіптік міндетіне жатпайтын жұмысқа тартқаны, тауарлар сатып алуға міндеттегені үшін әкімшілік іс қозғалып, «әкімшілік ескерту» берілді. Ақжайық ауданының балабақша меңгерушісіне әдеп нормаларын сақтамағаны үшін «сөгіс» түрінде тәртіптік шара қолданылды.

–  97 бастауыш және шағын жинақты мектептің спортзалы жоқ. Көп мектепте спорт құралдары тапшы. 118 мектепте интернет жылдамдығы 10 мбит/с-дан төмен, компьютерлердің 29,3 па­йызы ескірген, интерактивті тақталардың 12,1 пайызы жұмыс істемейді. Мектептердің 70 пайызы жаңа модификациялы кабинеттермен, 50 пайызы ғана лабораториялармен қамтылған.

Бар кабинеттердің өзі 64 пайызға ескірген. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлық мектепте ішкі, сыртқы бейнебақылаулар камералары орнатылған, бірақ барлығы да ІІМ мен БжҒМ-ның бірлескен бұйрығы талаптарына сәйкес келмейді, кейбір мектептер  қосымша камералар орнатуды қажет етеді, – деді департамент  басшысы.

Облыста апатты жағдайда 6 мектеп бар. Оның ішінде  4 мектеп Казталов ауданында (Казталов, Жұлдыз, Сарықұдық, Қоныс ауылдары), 1 мектеп Ақжайық ауданында (Атамекен ауылы) және 1 мектеп Бөрлі ауданында (Ақсай қаласы). Облыстағы үшауысымды мектеп саны – 8. Оның 6-уы Орал қаласында, 1 мектеп Теректі ауданында (Подстепное ауылы) және 1 мектеп Бөрлі ауданында (Ақсай қаласы). Биыл бюджет есебінен үш апатты және оқушы саны тым көп  екі мектептің, үш ауысымды бір мектептің проблемаларын шешу үшін 6 мектептің құрылысын аяқтау жоспарланған. Өңірімізде 15 мектепке күрделі жөндеу басталып, үш мектеп қолданысқа берілді. Қазіргі күнде облыстың 12 мектебінде күрделі жөндеу жалғасуда. Осыған байланысты аудан-ауылдағы оқушылар әлеуметтік нысандарда  білім алуда.

Гүлжамал Жолдығали,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале