10.12.2023, 18:34
Оқылды: 327

Абай ауылында жаңа мектеп ашылды

Теректі ауданына қарасты Абай ауылындағы Абай атындағы орта білім беретін мектеп ғимараты 1952 жылы салынған. 1974 жылы мектепке бейімделген. Содан бері ауыл балалары не спорт залы не акт залы болған жоқ ғимаратта білім алып келді. 60 оқушыға шақталған ескі мектепте биылғы оқу жылы 132 шәкірт оқыды. Тозығы жеткен мектепте 30 педагог қызмет атқарады.

IMG-20231210-WA0079

Тәуелсіздік күні қарсаңында ауыл мектебінің жаңа ғимараты пайдалануға берілді. 108 орынға шақталған жаңа мектеп құрылысына 807 млн теңге жұмсалды. Өңіріміздегі іргелі кәсіпорын "Қарашығанақ ПетролиумОперейтинг B.V" компаниясы есебінен салынған білім ошағын «Жаиксельстрой» ЖШС тұрғызды.

IMG-20231210-WA0068

Ел игілігіне берілген нысанның ашылуына облыс әкімі Нариман Төреғалиев, аудан әкімі Алия Мұханбетжанова ауыл тұрғындары мен ұстаздар қауымы қатысты.

- Жаңа мектепте 9 оқу кабинеті бар. Қажеттінің барлығымен жасақталған химия-биология, физика-математика, қазақ тілі - орыс тілі, шетел тілі, мультимедия кабинеттері облыс орталығындағы мектептерден еш кем емес. Сонымен қатар 2 шеберхана, спортзал, 8 орындық оқу залы мен кітапхана, 48 орындық асхана да шәкірттерге қызмет көрсетуге әзір. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай елімізде "Жайлы мектеп" жобасы іске асуда. Сондай-ақ елдегі жағдайды ескерген Мемлекет басшысы білім, саласындағы мәселелерді шешуді де тапсырды. Президент тапсырмсын орындау мақсатында биыл облыс көлемінде 27 мектеп құрылысы басталды. Жыл соңына дейін 17 білім ошағы пайдалануға беріледі. Қазіргі таңда 8 мектеп өз жұмысын бастады. Алдағы уақытта 9 білім ошағы ашылады,-деді өңір басшысы Нариман Төреғалиев.

Ауылға сән беріп, оқушының білім алуға деген ынтасын оятқан мектептің ашылу салтанатында ардагер ұстаз Ерболат Қарағойшин сөз сөйлеп, жаңа нысан абайлық ағайын үшін үлкен қуаныш екенін атап өтті.

- 1952 жылы ескі ғимаратты паналаған оқушылар жылы да жайлы жаңа мектепке көшіп жатыр. Бұл мемлекетіміздің білімге ден қойып, білімге құштар ұрпақ тәрбиелеуге ден қойғанын көрсетеді. Жаңа мектеп қажеттінің бардығымен жабдықталған. Жас ұрпақ білім алуға ұмтылса болғаны. Аға ұрпақ атынан тыныш, берекелі, бейбіт тірлігіміз мәңгілік болғанын ғана тілеймін, - деді ардагер ұстаз Ерболат Қарағойшин.

Кейін білім ошағын аралаған облыс әкімі оқушылармен тілдесіп, оларды мазалаған мәселелермен танысты.

Түгелбай Бисен,

 zhaikpress.kz 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале