6.01.2021, 11:35
Оқылды: 258

Абат Шыныбеков, Орал қаласының әкімі: «Қала тірлігі тоқтаусыз жүретін үлкен механизм»

Жаңа жыл қарсаңында Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков шаһардағы Отбасы орталығында БАҚ өкілдерімен кездесті. Еркін мәнерде өткен кездесу барысында Абат Абайұлы Орал қаласының бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы кеңінен баяндады.

 «Қала тірлігі тоқтаусыз жүретін үлкен механизм»

– Бәріңізге белгілі былтыр еліміз үшін күрделі жыл болды. Әлемді шарпыған індет қаламызды да айналып өтпеді. Бұл орайда тұрғындардың денсаулығы мен өмірін сақтау мақсатында бар күш-жігерді біріктірдік. Жұртшылық тосыннан келген кеселге қарсы жұдырықтай жұмылды. Волонтерлер мен жанашыр азаматтар үш мыңнан аса отбасын азық-түлікпен, дәрі-дәрмекпен, шаруашылық-тұрмыстық материалдармен қамтыды. Пандемия уақытында қаладағы медициналық, құқық қорғау құрылымдарының қызметкерлері, әскерилер, кәсіпкерлер және волонтерлер зор жауапкершілік пен асқан табандылық танытуда. Карантин кезінде оралдықтар өздерін парасатты ұстады, - деді шаһар басшысы кіріспе сөзінде.

Бұдан соң Абат Абайұлы тілшілердің қаланың әлеуметтік-экономикалық даму бағыттарына қатысты сұрақтарына жауап қайтарды. Облыс орталығында қандай инвестициялық бағдарламалар іске асырылуда, былтыр іске қосылған жобалар қандай, қанша адам жұмыспен қамтылды, тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамту жұмыстары қалай жүргізілуде, - деген сауалдарға ол өткен жылы жалпы бюджет 72 млрд 850 млн теңгені құрағанын, оның ішінде өзіндік кірістер 34 млрд 560 млн, даму бюджеті 22 млрд 990 млн теңге, негізгі капиталға инвестиция көлемі 87 млрд 372 млн теңге болғанын мәлім етті.

– Орал қаласында 2020-2024 жылдарға дейінгі кезеңде 59,3 млрд теңгеге 1,9 мыңнан астам жұмыс орнын құру мақсатында 70 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Соның ішінде былтыр 549 жаңа жұмыс орны ашылды. Қазір 15,5 млрд теңгенің 30 жобасын іске асыру көзделуде. Мәселен, «Орал трансформатор зауыты» ЖШС панельді радиаторлар өндірісін, «Орал жылыжай комбинаты» ЖШС жылыжай кешенінің, «Квант» ЖШС жиһаз фабрикасының, «Орал гуманитарлық колледжі» мемлекеттік емес мекемесі Зашаған кентіндегі 160 орындық балабақшаның, «Uralsk Offices» ЖШС төрт жұлдызды қонақүй кешенінің, «Alem Group Kazakhstan» ЖШС көпбейінді спорттық кешен құрылыстары секілді ірі жобаларды жүргізуде.

Өткен жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы ауданы 64,897 мың текше метр болатын көппәтерлі 7 тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Пәтердің жалпы саны 1251 болса, оның ішінде екі үй кезекте тұрған азаматтарға беріледі, бұл 414 пәтер деген сөз. Аталған бағдарлама арқылы тұрғын үйді пайдалануға беру 2019 жылмен салыстырғанда 16,7 пайызға өсті. Биыл тағы да көппәтерлі 9 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда, - деді ол.

Газет тілшісінің «Ақжайық» шағынауданынан көп қабатты тұрғын үйлер салу қашан жүзеге  асады?» деген сұрағына қала әкімі қазіргі уақытта бұл жаңа шағынауданның жобалық-сметалық құжаты дайындалып жатқанын, су, газ құбырлары, электр желілері тартылғанын айтты.

– Күні бүгін Ақжайық бес шағынауданға бөлініп, жоспарға сай екі шағынауданның жобалық-сметалық құжаттары аяқталуда. Биыл жыл басынан сараптама жүргізіп, бірінші тоқсанда көппәтерлі тұрғын үй құрылысына конкурс өткізілмек. Сонымен қатар «Ақжайық» ӘКК арқылы жеке салушыларға жер учаскелері бөлінді. Олар жобалық-сметалық құжаттарды зерттеуге кірісіп, биыл жерге қатысты жұмыстармен айналысады. Екі шағынауданға мемлекеттік бағдарлама есебінен қала орталығына дейін Сыдықов көшесімен көпірмен өтетін айналма жол салынады. Қазір оның жобалық-сметалық құжаты аяқталып, мемлекеттік сараптама жарияланды. Бірақ аталған жоба алдымен тұрғын үй салуға бірінші кезек берілгендіктен, биыл жүзеге аспайды. Алғашқы үйлер қалай салынады, көпір арқылы өтетін айналма жолдың құрылысы да солай басталады. Ішкі кварталдық жолдарға келсек, мембағдарлама бойынша үш кварталда 25 үйдің жобасы жасақталуда. Бұлар 5, 7, 9 қабатты үйлер. Үш жобалаушы бар. Жобалау аяқталған соң биыл мемлекеттік сатып алу жөніндегі бағытқа сәйкес конкурстық тәртіп бойынша іске кірісеміз. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің ұстанымы бойынша Скоробогатов, Некрасов көшелеріндегі 65/1, 65/2 және 22-ші ескі үйлер бұзуға белгіленіп, орнына «СВС Батыс» ЖШС мен «ЗККСМ» АҚ құрылысшыларының күшімен екі үй салынды. Сондай-ақ «Болашақ-Т» ЖШС құрылысшылары Айталиев, Молодежная көшелеріндегі 12 және 1-ші үйлердің орнына бір үйдің құрылысын салуды бастады. Алдағы уақытта Есқалиев көшесіндегі 151, 153 үйлердің орнына жаңадан бір үй салу жоспарлануда. Соңғы жылдары қалада жаңа мектеп ғимараттары бой көтеруде. 2020 жылғы қыркүйекте эстетикалық бағыттағы 450 орындық мектеп гимназиясы жаңа ғимаратқа көшірілді. Жуырда Зашаған кентінде 900 орындық мектеп пайдалануға берілді. Биыл үш ауысымдық мектептердің санын 5-тен 3-ке дейін қысқарттық. Сонымен қатар былтыр №21, №25 және №45 орта мектептер күрделі жөндеуден өтті, - деді қала әкімі.

Әкімнің журналистер алдында берген сұхбатына сүйенсек, 2019 жылы қаланы көгалдандыруға 224 млн теңге бөлінген.

– Өткен жылы  Орал қаласын абаттандыру бойынша мердігерлік мекеме алғаш рет үш жылдық конкурс тәртібін жеңіп алды. Енді жыл сайын көгалдандыру бойынша мердігер таңдау конкурсын өткізбейміз. Екіншіден, бұрынғы жылдардағыдай емес, мердігер атқарған жұмысына жауапкершілікті мойнына алады. Мәселен, бұрын мердігер бір жылы көшет отырғызса, екінші жылы оған жауап бермеді. Мұның өзі қаланы көгалдандыруға белгілі бір қиындық тудырды. Бұдан әрі олай болмайды, мердігер өзі отырғызған көшеттің алдағы жылы да өсуіне мүдделі болады. Егер өспей қалса, конкурс шартына сәйкес, олар барлық есебін өзгертуге мәжбүр болады. Ал отырғызылған жасыл желек үш жылда жерсініп, көндігіп, одан әрі өсе бастайды. Осыған орай қаланы төрт бөлікке бөлдік. Жасыл желекті негізінен тұңғыш Президент алаңына, «Астана», «Жаңа орда» шағынаудандарына, Зашаған кентіне, сол сияқты Мөңкеұлы көшесіндегі гүл алаңына отырғызамыз. Өткен жылы қаланы көгалдандыру мен абаттандыруға 296 млн теңге жұмсалды. Мердігер мекеме 43 мыңға жуық жасыл желек ексе, оның көбі көпжылдық жапырақты ағаштар, талшіліктер мен гүлдер. Бұл бағыттағы жұмысты жалғастырамыз. Үш жылдық бюджет тәжірибесін басқа да жобаларды жүзеге асыруға пайдаландық. Бұған сәйкес үшжылдық конкурста 1 млрд 600 млн теңгені ұтып алып, оның 1 млрд 200 миллионы көшені жарықтандыру, жаңғыртуға жұмсалды. Бұл мақсатта «КазТехникикас» ЖШС-мен келісімшарт жасалды. Жобада энергия үнемдейтін жарықдиодты 15184 дана шамды ауыстыру қарастырылған. Бүгінгі таңда қала бойынша жалпыға ортақ көшелердегі 10500 жарықшам  жарықдиотты шамдарға ауыстырылды.  Аса қауіпті деп танылған 50 жаяу жүргіншілер өткелі, сондай-ақ Төле би, Әйтеке би, Қазыбек би көшелері толықтай жарықтандырылды.  Бұдан басқа қаланы кез келген уақытта жарықтандырып тұратын басқару шкафын қондырдық. Алдағы жылдары да жарықтандырғышы жоқ орындарды жаңғырту жұмыстарын жүргізе береміз. Осы бағытта Оралда 25 субұрқақты жаңғыртып, оның 11-і тұңғыш Президент алаңына орнатылды. Сонымен бірге Сырым Датов және Чапаев алаңдарындағы субұрқақтар жөнделді. Екі жылдың ішінде басқа да субұрқақтар жөндеуден өткізіледі. Жол қозғалысын реттеу жүйесі бойынша үш жылдық конкурс нәтижесін беруде. Қалада қозғалысты шектейтін белгілер көп деп айта алмас едім. Облыс әкімінің тапсырмасына сай жол қозғалысы қауіпсіздігі бойынша 2020-2021 жылдарға жоспар жасақтадық. Өткен жылы 34 бағдаршам нысаны пай-далануға берілсе, оның 20-сы жаяу жүргіншілердің түймені басып шақыру жүйесі болып табылады. Жолдың кедергі жолағы белгілері тек «Жигули» аялдамасында қалып, басқаларында алынып тасталды. Өткен жылы көшелердің түйіскен жерлерінде апат болдырмау мақсатында 12 бағдаршам ауыстырылды. Бұдан басқа Зашаған арқылы аутокөлік легі көп ағылатын болғандықтан, Саратов тасжолы бағытына  бағдаршамдар қойылуда. Былтыр қаладағы 400 жаяу жолға салқын термопластик жасалды. Өткен жылы қалада ұзындығы 68,23 шақырымды құрайтын 55 көше (41 нысан) жөнделді. Қала жыл са-йын өсіп келеді, сол себепті жол-көлік оқиғалары да болмай қалмайды. Дегенмен 2019 жылмен салыстырғанда жол-көлік оқиғасы едәуір азайып, зардап шеккендер саны төмендеді. Бейбіт өмірде азаматтардың жол апатынан қайтыс болғанын қаламаймыз. Карантин кезінде түнгі уақыттағы аутокөліктің қозғалысына шектеу қоюды күшейту жөнінде шара қабылдадық. Қала әкімдігі тарапынан бұл жұмыстар жүргізіле бермек. Облыс әкімінің тапсырмасымен қала тұрғындарын қолжетімді жерде демалуын қамтамасыз етудің кешенді шараларын қолға алмақпыз. Мәселен, қаланың Солтүстік-Шығыс бөлігін мекендейтін тұрғын демалу үшін қала орталығына келіп жүрмеуге тиіс. Өзінің шағынауданында демалатын жермен қамтамасыз етілуі керек. Мұның өзі өткен жаздағы шектеулі карантиндік шара кезінде өткір сезілді, - деді ол.

Қала әкімі бұдан әрі тілшілердің сауалына орай кәріздік-насос стансасының және сумен қамту мәселелеріне тоқталып, өткен жылы қалада су тапшылығы байқалғанын баяндады.

– Тұрғындарды сумен толыққанды қамтамасыз ете алмаудың бір себебі, соңғы үш-төрт жылдың ішінде кәріздік коллектордың жиі апатқа ұшырауынан болды. Тұтас шағынаудандарды сумен қамтамасыз ете алмадық. Өңірлерді дамыту жөніндегі мембағдарламаның қолдауына сүйеніп, алғашқы кезекте Деркөл кентіндегі 19А кәріздік-сорғы стансасын қайта құруды жалғастырдық. Оның жалпы ұзындығы 15,7 шақырымды құрайды. Екі тармақтан тұрады. Қазір өз қаржымызбен бір тармағын толықтай жаңа пластикалық құбырмен ауыстырдық. Сондай-ақ Шолохов көшесіндегі ұзындығы 6,5 шақырым коллекторды ауыстырудың 90 пайызын аяқтадық. Қазір теміржол бекеті  ауданындағы 18-ші кәріздік-сорғы стансасын іске қосу жүргізілуде. Бұл жобаның құны 1,2 млрд теңге, соның 900 млн-нан астамы бөлінді. Ал 19А кәріздік-сорғы стансасының жалпы құны 3,2 млрд болса, өткен жылы 834 млн теңге жұмсалды. Былтыр, сондай-ақ Зашаған кентіндегі құны 388 млн тұратын  29-шы кәріздік-сорғы канализация жүйесі бойынша жұмыстар мәресіне жетті. Сонымен қатар өткен жылы маусымда апатты жағдайға ұшыраған Неусыпов көшесіндегі кәріздік-сорғы стансасын жөндеуге 215 млн теңге бөлініп, «Батыс су арнасы» ЖШС апатты учаскені қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде. Былтыр шілде-тамыз айында суды тұтыну 68 мың текше метрге дейін жетті. Бұл қала тарихында болмаған жағдай. Әрине, бұған карантиндік шаралардың, күннің ыстығының, жұрттың басым көпшілігінің үйінде отырғаны да әсерін тигізген болар. Сумен қамту Жайық өзеніндегі су тазалау құрылғылары мен Трекин ауылы маңындағы жер асты су сорғысы арқылы жүзеге асырылатыны мәлім. Қазір жаңа ұңғымаларды бұрғылау және бұрыннан қолданыстағы ұңғымаларды қайта бұрғылау мақсатында жобалық-сметалық құжат жасақталуда. Нәтижесінде қалаға берілетін су көлемі артады. Сонымен бірге облыс әкімдігінің қолдауымен Камен топтық су құбырын коммуналдық меншікке беру жоспарлануда. Ол Зашаған шағын-ауданын, жаңадан салынатын «Ақжайық» шағынауданын, сондай-ақ Бортау, Круглоозерный, Серебряков ауылдарын және Бәйтерек ауданының 12 елді мекенін таза ауыз сумен толық қамтуға мүмкіндік береді, - деді Абат Шыныбеков өз сөзінде.

Газет тілшілерінің аутобус және электрондық төлем жөніндегі сауалдарына шаһар басшысы қалада 28 аутобус желісі және 10 саяжайлық аутобус қатынайтынын айтты. Бұл желілердің бәріне алты тасымалдаушы қызмет көрсетеді. Олардың теңгеріміндегі  414 аутобустың 380-і күн сайынғы бағыт бойынша жүреді.

– Жаңа айтқан 28 желі бойынша 2013 жылы он жылға конкурс өткізілді. Жолаушы тасымалдау қызметі бойынша тарифтің өзіндік құны өсуде. Сондықтан саяжайлықпен қоса жалпықалалық аутобус тасымалдаушыларын субсидиялау қажет. Бұған қалалық бюджеттен жыл сайын қаржы бөлінеді. Сараптама желіде жүрген 28 аутобустың 3-4-еуі ғана пайда түсіретіндігін, қалғаны шығынға қалатынын көрсетіп отыр. 2019 жылы қаладағы жолаушылар тасымалын субсидиялауға 240 млн теңге бөлінсе, оның 500 миллионы қайтару есебінде берілді. Аутобус паркіне соңғы екі-үш жылдың жүзінде жаңарту жұмыстары жүргізілген жоқ. Тасымалдаушылардың бұған мүмкіндіктері келмейді. Осыған байланысты облыс әкімдігімен әлеуметтік-инвестициялық жобаның есебінен жаңа 30 аутобус сатып алу жоспарлануда. Қазір лизинг немесе жалға алу жөнінде келісім жүргізілуде, сосын тасымалдаушыларға техника ұсынылады. Субсидиялауды көбейту тасымалдаушылардың аутобус паркін жаңартуға мүдделігін арттырады деп ойлаймын. Сондықтан келер жылдың соңына дейін аутобус паркіне жаңа 100 аутобус алынады. Сонымен қатар біз өз тарапымыздан тасымалдаушылардан  қалалықтарды аутобуспен қамту жұмысында барлық талаптың сақталуын қатаң сұрайтын боламыз. Қала тұрғындары тарапынан тасымалдаушыларға реніш өте көп. Осындай себеп салдарынан былтыр бір тасымалдаушымен жасалған шарт бұзылды.

Қоғамдық көлікте электрондық билет енгізуді бүгінгі таңдағы цифрландыру тұрғысынан құптаймын. Қазір бұл жүйені енгізуге байланысты мердігерлік ұйымдармен сөйлесіп, түрлі ұсыныстарды қарастырудамыз. Биыл бірінші тоқсанда бір мәмілеге келіп, 2021 жылдың аяғына дейін Оралда электрондық билет жүйесін енгіземіз. Мұндай жүйеде жедел байланыс және екінші деңгейдегі банк карталарын пайдалану қажет.

Айта кету керек, бұл жүйе тасымалдаушылармен ашық деңгейде жұмыс істеуге мүмкіндік тудырады. Олардың қандай қаржыға қанша жолаушы тасымалдағанын біліп отырамыз. Мұның өзі қалада жолаушылар көлігі жүйесінің ісіне жаңа серпін береді деп ойлаймын. Бұл салаға кәсіпқой кадрлар жұмыс істеу үшін лайықты жалақы мен жағдай жасалса, құба-құп, - деді ол.

Коммуналдық қызмет туралы сауалдарға орай қала әкімі жолдар мен тротуардың тазалығымен «Жайық таза қала» ЖШС айналысатынын, жыл сайын асфальт жолдардың, тротуарлардың саны көбейіп, қамтитын, тазалай-тын аумақтың арта түскенін сөзіне сүйеніш етті.

– Қазіргі кезде аталған серіктестік тек конкурстық негізде жұмыс істейді. Егер басқа мердігер ұтса, оның да жұмыс істеуге мүмкіндігі бар. «Жайық таза қала» ЖШС-да 70-80 техника бар, механизаторларды, аутокөлік жүргізушілерді, көше сыпырушыларды және басқаларын қосқанда серіктестікте 700-ден астам адам жұмыс істейді. Мекеме жолдар мен тротуарларды қар, шаң-тозаңнан тазалаумен ғана емес, контейнер алаңындағы  қатты тұрмыстық қалдықтарды,  ірі көлемді жүктерді арылтумен де айналысады. Өткен жылдан бастап қалалық әкімдік санитарлық тазалықтың сапасын арттыруда электрондық бақылау жүйесін енгізді. Бұл жаңа әдіске сай мердігерлік мекемедегі тапсырыс берушілер, барлық жұмыс бригадалары мен механикаландырылған колонналар жұмыс істейтін смартфондармен қамтамасыз етіліп, «109» диспетчерлік қызметке қосылды. Дәлірек айтқанда, жұмыстың барлық түрі қадағаланып отырады. Егер берілген тапсырма жұмыс аяғына дейін орындалмаса, қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және аутокөлік жолдары бөлімі оларға төлем түсірмеуге құқы бар. Осындай жүйенің арқасында коммуналдық қызметтің жұмысын толықтай бақылап, барлық қажетті шара жедел түрде алынады. Алайда тротуар тазалайтын техникамен қамту мәселесі сол күйінде қалуда. «Жайық таза қала» ЖШС жаяу жүргіншілер жолы мен тротуарларды әрдайым қардан тазалап үлгірмей, содан мұз қалыптасып, мұның өзі тұрғындарға қолайсыздық тудырады. Бұл бағытта жұмыс істейміз. Соңғы жылдары аталған серіктестік «КамАЗ», автогрейдер, экскаватор және басқа машиналарды қосқанда барлығы 28 жаңа техника сатып алды. Бораннан соң дереу көшелерге шығып, қарды тазалау үшін техникалар саны жеткілікті болу қажет. Орал қаласы жаяу жүргіншілер үшін қолайлы болу керек, өйткені адамдар – біздің басты байлығымыз, - деді қала әкімі.

Журналистермен кездесу барысында Абат Шыныбеков туындаған сұрақтарға байланыстыра  жаһанды жайлаған індет кезінде қала әкімдігінің атқарған жұмыстарын тілге тиек етті.

– «Nur Otan» партиясының облыстық филиалы қаладағы әлеуметтік қызметкерлермен бірлесіп, 42500 теңге төлемді төлеуде азаматтарға зор қолдау танытты. Пандемия уақытында қалада волонтерлер мен меценаттар қозғалысы жанданды. Осындай адамдарға көмек керек деп айтқан бойда олар үн қосып, қолдарынан келгенше қолғабыс көрсетті. Бұлардың қатарында ірі кәсіпкерлермен бірге ісін жаңа бастағандар да, қарапайым азаматтар да бар. Бір сөзбен айтқанда, өте қомақты көмек болды. Волонтерлер мемлекеттен берілген әлеуметтік көмекті саяжайды мекендейтін тұрғындарға тасып, таратуда өздерінің денсаулығын тәуекел етіп, үлкен көмек көрсетті. Қала әкімдігі жеке дара қимылдап, мұндай жұмыстарды атқара алмас еді. Қалалық әкімдіктің мәліметіне сәйкес, шағын және орта бизнес өкілдері пандемия кезінде жалпы құны 13 млрд теңгені құрайтын 190 несиені кейінге шегергені де жанқиярлық істің үлгісі болып саналады. Жергілікті билік сауда үйінің иелерімен келісіп, жалдау ақысын кейінге шегеруді өтінді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын таба бермек. Мемлекет барлық кәсіпкерге әр түрлі бағытта мақсатты көмегін тигізеді, - деді ол.

Сұхбат барысында Орал қаласының әкімі жұмыс істеуге септігін тигізетін сынды қабылдайтынын, орынды сын болып, мұның өзі  қала әкімдігінің жұмысына айтарлықтай қозғаушы күш болса, оған  оң қарайтынын айта келіп, қаладағы өзінің сүйікті орны жайында да журналистерді хабардар етті.

– Қала тұрғындарымен әр кезде ашық сөйлесемін. Фейсбук пен инстаграмда парақшам бар. Бұған қоса қала әкімдігінің өте көп оқырманы бар инстаграм парақшасына тұрғындар өздерін толғандырып жүрген сауалдарын қоя алады, бізде жанды байланыс дамыған. Әлеуметтік желіні күн сайын қарап отыруға тырысамын. Сынды сабырмен қабылдаймын, ол менің жұмысыма көмектесіп, шыңдай түседі. Кез келген жаңа  бастама сын садағына ілігеді. Қала жұмысында сын болмай, істің алға басуы мүмкін емес. Өйткені қала үлкен механизм, ол тоқтаусыз жүретін сағат сияқты, жұмыс жүргізілген жерде кемшілік болатыны бесенеден белгілі жайт. Сын сол кемшілікті көрсетіп, жою үшін жұмыс істейді, сын болу керек, онсыз қоғам дамып, алға баспайды, - деді ол.

Абат Абайұлының сөзінше, ол адалдық пен ашықтықты өзінің өмірлік ұстанымы санайды. Мұғалімдер отбасында туып-өскендіктен, ата-анасы жетістік пен табысқа өз күш-жігері арқылы жетуге, адал еңбек етуге тәрбиелеген. Сондықтан өзіне осындай тәлім-тәрбие берген туысқандарын мақтаныш етеді, олардың тәрбиесіне лайықты азамат болуға ұмтылады. Айтпақшы, Орал қаласының әкімі мен оның жұбайы төрт бала тәрбиелеп отырған көп балалы отбасылар санатынан. Жұмыстан бос уақытында қала әкімі қалалық мәдениет және демалыс саябағында отбасымен серуендеуді жаны сүйеді.

Ол сұхбат соңында «Кітап оқуға уақытыңыз бар ма, соңғы кезде қандай кітап оқыдыңыз, қандай газет-журналдарға жазылдыңыз?» деген сауалға:

– Соңғы күндері бос уақытымда баспадан жақында жарық көрген оралдық жазушы Мира Шүйіншәлиеваның «Өкініш» атты туындысын оқып жүрмін. 2021 жылға облыстық «Орал өңірі», «Приуралье», қалалық «Жайық үні», «Пульс» газеттеріне жазылдым. Жалпы, бұл газеттерді ұдайы оқып тұрамын және жыл сайын үзбей жазыламын, - деді.

 

Нұрымбек Жапақов,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале