28.12.2023, 9:15
Оқылды: 88

«Адам денсаулығы үшін, ең алдымен, өзі жауапты»

Кез келген мемлекет үшін адамның өмірі, денсаулығы мен оның құқықтарынан жоғары құндылық жоқ. Осы орайда әлеуметтік саланың ішіндегі ең күрделісі – медицина саласы. Қоян жылының аяқталуына да санаулы күндер қалды. Денсаулық сақтау саласы бойынша өңірде келер жылы қандай жоба-жоспарлар жүзеге аспақ? Осы және өзге де өзекті сауалдар төңірегінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Тоқсановпен тілдескен едік.

ерлан токсанов

Ерлан Тоқсанов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы

– Ерлан Виленұлы, сұхбатымызды ең көкейкесті мәселеден бастайық. Бүгіндері аудан-ауылдарды айтпағанда, облыс орталығының өзінде дәрігерлер жетіспейтіні халыққа да, билікке де мәлім. Әсіресе, алыс мекендерге кадрларды тұрақтандыру – күрделі мәселе. Осы орайда облысқа қанша дәрігер, қандай мамандар керек екенін айтсаңыз?

– Облыстың денсаулық жүйесінде (ҚР ДСМ жүйесі) 1760 дәрігер мен 6676 орта медицина қызметкері еңбек етеді. Дәрігер кадрлардың тапшылығы бүгінде 293 штат бірлікті (оның ішінде қалалық ұйымдарда – 167, аудандық ұйымдарда – 125) құрап отыр. Атап айтсақ, өңірімізге жалпы тәжірибе дәрігерлері, акушер-гинеколог, дәрігер анестезиолог пен реаниматолог, кардиолог, жалпы хирург, невропатолог, терапевттер қажет. Биыл жыл басталғалы облысымызға 122 дәрігер келді. Оның 50-і ауылдарға, қалғаны қаладағы ауруханалар, емханаларға қызметке жіберілді. 2022 жылы 52 жас маман келсе, оның 26-сы ауылдық жерлердегі медициналық нысандарға барған еді. Дәрігер тапшылығы мәселесін кезең-кезеңімен шешудеміз. Былтыр жергілікті бюджеттен 18 грант резидентураға, 60 грант абитуриенттерге бөлінді. 13 резидент оқуын жалғастыруда. Облыс әкімі гранты есебінен оқып жатқан дәрігерлердің алғашқы легі келесі жылы келе бастайды.

– Медицина мамандарының облыста тұрақтап, шалғай ауылдарға қызмет етуге баруы үшін қандай жағдай жасалып жатыр?

– Медицина саласы бойынша жас мамандарға берілетін қолдау-көмектерге тоқталсақ, биыл біржолғы көтермеақы өңірдегі 92 маманға (47 ауылда қызмет ететін) берілді. 15 дәрігер қызметтік тұрғын үймен қамтылды (Бөрлі ауданы – 7, Казталов ауданы – 5, Қаратөбе ауданы – 3, Тасқала ауданы – 1 маман (тұрғын үйді жалға алу ақысын төлеу). Алыс аудандарға қызметке барған дәрігерлерге үй және 5 миллион теңге көлемінде біржолғы көтермеақы беріледі. Келесі жылы оның көлемі 8 миллион теңгеге дейін артады. Облыс орталығына жақын аудандарға 2,5 миллион, 1,5 миллион және Орал қаласында қызмет ете бастағандарға 1 миллион теңгеден бірреттік көтермеақы берілуде.
Тағы бір айта кететін жәйт, «Облыстық көпбейінді ауруханасы» МКК базасында М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің филиалы жұмыс істейді. Филиалда медицинаның 13 бағыты бойынша резиденттер оқып жүр. Бұдан бөлек мекеме басшылары республика аумағындағы барлық жоғары медициналық оқу орнына барып, түлектермен кездесуде. Кездесу барысында әкімдік пен мекеме тарапынан көрсетілетін әлеуметтік қолдаулар жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Ерлан Виленұлы, облыста қанша адам квота кезегінде тұр? Былтыр және биыл қанша адам квотамен емделіп үлгерді? Жалпы, қандай диагноздар бойынша алыс-жақын шетелдерде емделу үшін квота бөлінеді?
– Облысымызда жоғары мамандандырылған медициналық көмек алу үшін Астана және Алматы қалаларындағы ғылыми орталықтарға былтыр 2951 науқас (ересектер мен балалар), биыл 11 айда 3029 науқас жіберілді. Бүгінгі таңда ересектер мен балалар арасында квота кезегінде 43 науқас тұр. Олардың дені көз аурулары, кардиохирургиялық, педиатриялық, нейрохирургиялық, медициналық, травматологиялық, ЭКО орталықтарына квота күтуде. Ал шетелге ем алу үшін жолданған науқастар жоқ. Қазақстан Республикасының азаматтарын шетелге емделуге жіберу ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің 30.12.2015 ж. №544 бұйрығында бекітілген қағидаларға сәйкес бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Шетелде емделу үшін бөлінетін квоталар радиохирургиялық емдеуді талап ететін көздің қатерлі ісіктері (гамма-пышақ, радиоактивті аппликаторлар) кезінде, кератопротездеуде, көмейдің және трахея стеноздарында және тіндерді (тіннің бөлігін) немесе ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) транспланттауды талап ететін аурулар секілді тағы басқа да Қазақстанда жасалмайтын оталар бойынша бөлінеді.

Соңғы жылдары қатерлі ісікке, яғни онкологиялық дертке шалдыққандар саны артуда. Онкологиялық аурулар қандай жағдайлардың кесірінен белең алуда? Облыста биыл қанша адам онкологиялық сырқатқа шалдыққан?

– Өкінішке орай, елімізде ғана емес, бүкіл әлемде онкологиялық аурулардың түрі де, оларға шалдыққан науқастардың саны да көбеюде. Көптеген адам бұл диагнозды үкім ретінде қабылдайтыны рас. Бірақ қазіргі заманғы медицина мен ғылым дамығандықтан онкологиялық аурулардың басым бөлігін емдеуге болады. Егер дер кезінде скринингтік зерттеулер жүргізілсе, онкологиялық аурулардың басым бөлігін ерте анықтаймыз. Обырды дер кезінде анықтау ем-домның нәтижесін арттырып, пациенттердің өмірін ұзартуға, өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Мысалы, сүт безі обырын бастапқы кезеңде анықтаған жағдайда науқастардың 94 пайызын толық емдеп жазуға болады. Кейбір азаматтар онкология диспансеріне жіберген кезде қорқып, 3-4 ай немесе 1-2 жылға дейін бармай, аты жаман ауруды өздері өршітіп алады. Науқастар дәрігерге обырдың жаңа басталып келе жатқан сатысында келетін болса, тағайындалған емнің тиімділігі, нәтижесі жоғары болады. Дұрыс тамақтану, белсенді өмір салты және де темекі шегуден бас тарту арқылы онкологиялық аурулардың 40%-ының алдын алуға болады.
Онкологиялық сырқаттан қайтыс болған науқастар саны бойынша өңіріміз республика деңгейінде 17-орында тұр. Биылғы 11 айда қатерлі ісіктен 530 науқас қайтыс болды (2022 жылы 542 жағдай). Былтырғы жылмен салыстырғанда 2,9%-ға азайған. Қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітім құрылымы республикалық көрсеткішке ұқсас. Яғни бірінші орында өкпе қатерлі ісігі, одан кейін асқазан мен тоқ ішек обыры. Аурудың 0-1 сатысында қатерлі ісіктерді анықтау көрсеткіші 30,5%-ды (2022 ж. – 30,0%) құрады. Ауруға шалдыққандар санын республика бойынша сараласақ, Солтүстік Қазақстан, Костанай, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Абай, Павлодар, Алматы, Қарағанды облыстарынан кейін біздің өңіріміз 9-орында. Облыс бойынша обыр дертіне 8413 науқас (2022 жылы 7932) шалдыққан.
Қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітім көрсеткіші биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша 1,7%-ға төмендеу қарқынымен, 100 мың халыққа шаққанда 85,0-ден 83,5-ке дейін азайып отыр (2022 жылы - абсолютті 485-тен 480-ге дейін болды). Облыста барлығы 23 онкологиялық қабылдау бөлмесі мен 131 тексеру кабинеті бар, оның 97-сі әйелдерге, 34-і ерлерге арналған. Өңірімізде 48 онколог маман қызмет етеді. 12 онколог жетіспейді, яғни онкоуролог, лоронколог дәрігер қажет.
Қатерлі ісікпен күресудің кешенді жоспары аясында медициналық құрал-жабдықтарды сатып алуды жоспарлап отырмыз. Оның ішінде сандық маммографтар (5 бірлік), магнитті-резонанстық томография (МРТ) 1,5 Tesla, сандық рентген аппараты, брахитерапияға арналған және жақын фокусты рентгенотерапияға арналған жабдық, портативті УДЗ, әмбебап рентген ангиографиялық жүйесі бар. Облыстық онкологиялық диспансерді аз инвазивті хирургияға арналған заманауи құрылғылармен (тоқ ішек, гинекологиялық, урологиялық хирургияға арналған лапароскоп) жабдықтау үшін бірқатар іс-шара қолға алынды. «ҚПО б. в». қолдауымен гистерорсектоскоппен гинекологиялық араласуға арналған бейне эндоскопиялық жинақ және хирургия, урология және гинекологиядағы аз инвазивті араласуға арналған бейне эндоскопиялық жинақ, сондай-ақ колоректальды хирургияға арналған лапароскоп пен сандық маммографтар сатып алынбақ.

Ерлан Виленұлы, облыс аумағында ауру-сырқауды алдын ала анықтау үрдісі сізді қанағаттандыра ма?

– Әрине, қанағаттандырады. Дерт меңдемей тұрып, ерте анықтап, оны емдеудің арқасында тұрғындардың ғұмыры ұзаруда. Биыл қан айналым жүйесінің ауруларына скринингтік тексеруден 60 280 адамды өткізу (2022 – 52 042) жоспарланған еді, 99,9 %-ы (60217) тексерілді. Тексерілгендердің 93,4%-ы (5612) әр түрлі сырқат бойынша диспансерлік есепке алынды. Сондай-ақ сүт безі обыры, жатыр мойны обыры және тоқ ішек обырының ісікалды патологиясын ерте анықтайтын скринингтің үш түрі бар. Сүт безі обырына скринингтен өткен 84 әйелде сүт безі обыры, 3807 әйелде қатерсіз ісіктер анықталды.
Жатыр мойны обыры бойынша скринингтен 31 955 тұрғынды өткізу жоспарланып, олардың 97,9%-ы тексерілді (31296). Жатыр мойны обыры 20 әйелде және ісікке дейінгі патологиялар 729 келіншекте анықталды. 41157 адам колоректальды скринингтен өтіп, 19 адамда тоқ ішек обыры ерте сатыда анықталды. 374 тұрғынның ісікке дейінгі патологиясы бар екені белгілі болды. Скринингтік тексерістер аурудың алдын алуда өз нәтижесін беруде.

Аудан-ауылдардағы меди­цина қызметкерлері­нің білімін жетілдіріп, білікті­лігін арттыру мәселесі назарыңыздан тыс қалып жатқан жоқ па?

– Дәрігер мамандардың біліктілігін арттыру бойынша іс-шаралар қарқынды жүргізілуде. Атап айтсақ, биыл облыстағы үш дәрігер шетелде оқып келді (Турция, Беларуссия, Ресей). Бұдан бөлек басқа да дәрігерлер республика көлемінде өткізіліп жатқан біліктілікті арттыру курстарына, халық­аралық конференцияға, оқыту семинарларына қатысуда. Жергілікті бюджет есебінен 535 орта медицина қызметкері кәсіби білімдерін шыңдады.

Облыстың бас дәрігері ретінде және жеке дәрігерлік тәжірибеңізден адамдарға денсаулықты жақсарту бойынша қандай ұсыныс айтар едіңіз?

– Мемлекет денсаулық сақтаудың заманауи инфрақұры­лымын жасайды, кәсіби медициналық кадрларды даярлайды, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді ұйымдастырады және қаржыландырады. Бірақ азаматтың өзі денсаулық сақтау жүйесі мен медицина қызметкерлерінің толық серіктесі болып, өз денсаулығын сақтауға бар күшін салуы керек. Дәрігерлер адам өмірін сақтауда 10 пайыз ғана үлес қосады. Қалғаны адамның өмір сүру салтына, денсаулығын күтуіне, қоршаған ортасына, ішкен тамағына байланысты. Кейде денсаулығына мән бермейтін тұрғындарды көргенде қынжы­­латыным рас. Ауырып, дерті меңдеген кезде ғана саулықтың қадірін түсіне бастайды. Аурудың алдын алайын, дұрыс тамақтанып, салауатты өмір салтын ұстанайын, таза ауада серуендейін дейтіндер бірен-саран. Әр тұрғын профилактикалық тексерістен өтуі қажет. Кей адамдар МӘМС-ке қаржы аударып отырмын, Үкімет медициналық шығындарымның бәрін төлеп, денсаулығымды түзеуге тиіс деп ойлайды. Әрине, мемлекет халықты ауырып қалса, тегін аурухана мен тегін дәрі-дәрмекпен қамтиды. Емханаларда ақысыз қарайды. Облыс тұрғындарына дәрі-дәрмек сатып алу үшін 8,5 млрд теңге қаржы бөлінді. Мәселен, Орал қалалық көпбейінді аурухана барлық заманауи құрал-жабдықтарымен 10 млрд теңгеге салынды. Ауруханалар салынып, заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтылуда. Мұның барлығы тұрғындардың игілігі үшін жасалып жатқан дүние. Қарап тұрсаңыз, дамыған мемлекеттерде адам сырқаттанып қалса, оның барлық шығыны екіге бөлініп, 50 пайызын мемлекет, 50 пайызын тұрғынның өзі төлейді. Қалтасына салмақ түскеннен кейін адамдар ауырмаудың жолын іздей бастайды. Азаматтар тән, жан саулығына жауапкершілікпен қараса екен деймін. Ем-дом қабылдап жүріп, денсаулығы сәл жақсарса, дәрі-дәрмегін әрі қарай жалғастырмайтындар да бар. Бір мысал келтіре кетейін, өткенде денсаулығына шағым айтып, Орал қаласындағы бір келіншек облыс әкімі Нариман Төреғалиұлының қабылдауына кірді. Қан қысымы жоғары екен. Ол төрт айда 78 мәрте «Жедел жәрдем» шақырған. «Мен 78 рет «Жедел жәрдем» шақырдым. Мені ауруханаға жатқызып емдемейді» деп шағымданады. Мен сол кезде «Сізге емханада сырқатыңызды тексеріп, тегін дәрі-дәрмек жазып берді ғой. Сол дәрілеріңізді уақтылы ішіп тұрсаңыз, қан қысымыңыз көтерілмейді. Дәріні неге ішпейсіз?» десем, жауап жоқ. Дәрігер берген тегін дәріні рецептурадан алмаған да. 78 мәрте қоңырау шалып, «Жедел жәрдем» шақырғанда, сол мезетте «Жедел жәрдемге» жүгінген басқа тұрғынның жаны шын мәнінде қысылып жатырғанын ойламайды да. Бұл – бір ғана мысал. Адам, ең бірінші, өз денсаулығына жауапты екенін ұғынуы қажет. Дәрігерлер де қолдан келген көмегін аямайды. Осылайша біріккен жұмыстардың нәтижесінде ғана дені сау ұлт қалыптастырамыз. Ал ұлт саулығы жақсы болса, қоғам орнықты дамиды.

Әңгімеңізге рақмет.

Гүлсезім Бияшева,
«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале