Адам папиллома вирусы (АПВ) – теріні және дененің әртүрлі бөліктерінің шырышты қабықтарын зақымдайтын вирустар тобы. Вирус қауіпті, өйткені ол тез таралады, нәтижесінде папилломалар пайда болады (сүйел өсінділері) және жасушалардың қатерлі ісігінің деградациясы мен жатыр мойны обыры сияқты қатерлі ісіктің дамуына қоздырғыш болады.
Жыл сайын Қазақстанда жатыр мойны обырының 1900-ге жуық жаңа жағдайы тіркеледі, оның ішінде 600-ден астам әйел бір жылда осы патологиядан көз жұмады. Елімізде жатыр мойны обыры – барлық жастағы әйелдер арасында сүт безінің обырынан кейінгі кең таралған обырдың екінші түрі. Адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцина 15 жылдан астам уақыт бойы қолданыста және Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстанды қоса алғанда, дүниежүзінің 135 мемлекеттерінде жасалады.

Фото: istockphoto
ВИРУС ҚАЛАЙ ЖҰҒАДЫ?
Тұрмыстық жанасу жолымен
Адам папиллома вирусы қол алысу, сүйісу, терідегі зақымданулар арқылы берілуі мүмкін. Вирус ылғалды ортада тез таралады, сондықтан қоғамдық орындарға – сауналарға, моншаларға, спорт залдарына, дәретханаларға, бассейндерге барғанда жеке гигиенаны сақтаған дұрыс.
Жыныс жолымен
Вирустардың онкогенді типтері жыныстық жолмен берілгенде жыныс мүшелері аймағында орналасатын ұшы сүйір сүйелдерді тудырады.
Босану кезінде
Вирус анадан сәбиге оның босану жолдарымен өту кезінде беріледі. Сүйелдер көбіне нәрестелерде өмірінің алғашқы жылдарында аузында немесе терісінде пайда болады.
Тазалық сақтамаса
АПВ қырыну немесе эпиляция кезінде дененің бір бөлігінен екінші бөлігіне жиі ауысады.
Бүгінгі таңда АПВ-ны емдеу жолы жоқ, алдын алудың бірден-бір әдісі – вакцинация. Жатыр мойны обырының (ЖМО) дамуына әйелдің АПВ инфекциясын жұқтыруы себеп болатыны ғылыми дәлелденген. 2024 жылғы күзден бастап Қазақстанда 11 жастағы қыз балаларға АПВ-ға қарсы вакцинация жүргізіліп келеді. АПВ-ға қарсы вакцина мектептерде немесе тіркелген мекенжайы бойынша емханалардағы екпе кабинеттерінде тегін егіледі. Сондай-ақ вакцинация ата-аналардың немесе қамқоршысының ақпараттандырылған жазбаша келісімімен жүргізіледі. Екпеге қарсы көрсетілімдер болмаса, дәрігердің қарап тексеруінен кейін 6 ай аралықпен екі рет жүргізіледі.
ЕКПЕ НЕГЕ 11 ЖАСТАҒЫ ҚЫЗДАРҒА САЛЫНАДЫ?
Вакцина адам жұқтырғанға дейін енгізілсе, тиімді болады. Сүйел көбіне 25 жасқа толмаған адамдар арасында жиі кездеседі. Сонымен қатар 11 жастағы ұл-қызға салынатын вакцинация ең күшті иммундық реакцияны қамтамасыз етеді.
АПВ вакциналары қауіпті ме?
– 2006 жылы тіркелгеннен бері АПВ вакциналарының 500 миллионнан астам дозасы таратылды. Тіркеуден кейінгі қадағалау шеңберінде осы уақытқа дейін анафилактикалық реакция туралы сирек хабарларды қоспағанда, қауіпсіздікке қатысты маңызды мәселелер анықталған жоқ. Вакциналар қауіпсіздігі жөніндегі жаҺандық консультативтік комитет (ВҚЖКК) АПВ вакциналарының қауіпсіздігі туралы деректерді үнемі талдайды және қауіпсіздікке қатысты алаңдаушылық тудыратын аспектілерді әлі анықтаған жоқ.
АПВ вакциналары бірқатар елде тиімділігін дәлелдеді. Сонымен АҚШ-та вакцина енгізілгеннен кейін 11 жыл өткен соң, 13-26 жастағы қыз-келіншектер арасында АПВ таралуы 81%-ға төмендеген.
Вакцинация бедеулікке душар ете ме?
– АПВ вакцинасы әйелдердің репродуктивті функциясына әсер етпейді және бедеулікті тудыруы мүмкін емес. Бұл әлемнің дамыған елдеріндегі көптеген жыл бойы жүргізілген клиникалық зерттеулермен дәлелденді. Керісінше, АПВ-дан туындаған қатерлі ісікке шалдыққан адамдарға кейде олардың балалы болу қабілетін шектейтін емдеу қажет болады.
Мысалы, АПВ-ға қарсы вакциналар мен бедеулік арасындағы байланыстың клиникалық дәлелденген фактісі жоқ.
Папиллома вирусы сирек кездеседі, сондықтан АПВ вакцинациясын алудың қажеті бар ма?
– АПВ инфекциясы – ең көп таралған инфекция. Әйелдер мен ерлердің шамамен 80%-ы
өмірінің белгілі бір кезеңінде жұқтыруы мүмкін. АПВ вакцинациясы жатыр мойны обырының даму қаупін азайтады.
Вакцинада обыр жасушалары бар ма?
– Вакцинаның құрамына қатерлі ісік жасушалары да, тұтас адам папиллома вирусы да кірмейді. Вакциналарда вирустың жеке ақуыздары бар, олар ағзаға еніп, иммунитетті белсенді етеді. Өз кезегінде иммундық жүйенің жасушалары адам папиллома вирусымен күресуге бағытталған антиденелер шығарады. Осыған байланысты вакцина қатерлі ісік ауруын тудыруы мүмкін емес.
Айдана Сейітқалиева,
Орал қалалық №6 емхананың гинекология бөлімінің аға мейірбикесі