16.06.2026, 23:00
Оқылды: 50

Ағайынды Оралбайлардың триумфы: Гуйяндағы Әлем кубогының алғашқы күні қалай өтті?

Қытайдың Гуйян қаласында World Boxing ұйымының аясында бокстан Әлем кубогының екінші кезеңі басталды, деп хабарлайды olympic.kz.

1781533197

Фото: olympic.kz

Жарыстың алғашқы күні Қазақстан құрамасының алты өкілі шаршы алаңға шығып, оның бесеуі келесі айналымға жолдама алды. Атап айтқанда 60 келі салмақ дәрежесінде бақ сынайтын Серік Теміржанов алғашқы кездесуінде Германия өкілі Денис Брильден басым түсті. Сондай-ақ Сабыржан Аққалықов (80 келіге дейін) Қытай боксшысы Ван Сяобаоны жеңіп, жарысты сәтті жалғастыруға мүмкіндік алды.

Турнирдің алғашқы күні ағайынды Оралбайлар үшін де өте нәтижелі болды. Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбай (90 келіге дейін) Оңтүстік Корея өкілі Ким Гичэні үш рет нокдаунға түсіріп, төреші екінші раундта-ақ жекпе-жекті тоқтатты. Ал оның ағасы, аса ауыр салмақта (90 келіден жоғары) өнер көрсететін Айбек Оралбай алғашқы кездесуінде АҚШ спортшысы Наджай Райтты айқын басымдықпен ұтты. Әйелдер арасындағы бәсекеде 80 келіден жоғары салмақтағы Дина Исламбекова Ирландия боксшысы Клиона Дарсиді мерзімінен бұрын қапы қалдырды. Тек 75 келідегі Наталья Богданова ғана Қытай спортшысы Бао Цзыиге есе жіберіп, Әлем кубогы кезеңіндегі жарысын ерте аяқтауға мәжбүр болды.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале