20.02.2017, 18:43
Оқылды: 55

Агроөнеркәсіптік кешен бәсекеге қабілетті болуы тиіс

 

Өңірімізге ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Серік Егізбаев бастаған ақпараттық-насихаттық топ Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіруге келді. Облыстық мәслихаттың залында аталмыш топ басшысы агроөнеркәсіп саласының қызметкерлерімен кездесті.


Серік Егізбаев Елбасы Жолдауының басты басымдықтарына кеңінен тоқталып, мемлекеттік қызметкерлердің маңызды құжатты алдымен өздері оқып, түсініп, айналасындағы адамдарға егжей-тегжейлі түсіндіруге міндетті екендігін еске салды. «Елбасымыз Жолдауында «Бұл жаңғыру – қазіргі жаһандық сын-қатерлермен күрес жоспары емес, болашаққа, «Қазақстан – 2050» стратегиясы мақсаттарына бастайтын сенімді көпір болмақ. Ол Ұлт жоспары – «100 нақты қадам» базасында өткізіледі», – делінген. Жолдаудың алғашқы бағытында экономика салаларын жаппай цифрлық модельге көшіру және соған орай Елбасы Үкіметке «Цифрлық Қазақстан» деген бағдарлама әзірлеуді тапсырды. Маңызды құжатта өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, көлік, логистика, құрылыс секторы мен басқа да салалардағы еңбек өнімділігін арттыруға баса мән берілген», - деді С. Егізбаев. Оның айтуынша, Қазақстан - аграрлық ел, сондықтан Елбасы «аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керектігін» Жолдаудың 4-бөлімінде көрсеткен. Бұл ретте АШМ алдына бірқатар міндеттер қойылған және ол міндеттер «Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында іске асырылмақ.

Әзілдеп айтатын болсақ, ауыл шаруашылығы саласының басты түйткілі – қыс, көктем, жаз, күз. Бірақ әзілдің астарында шындық жатыр. Өйткені ауыл шаруашылығы жұмыстары ауа райына, табиғатқа тікелей байланысты. Озық 30 елдің тәжірибесі көрсеткеніндей, жоғары агротехнологиялар, ауыл шаруашылығы жұмыстарын жүргізу мәдениеті, инновацияларды қолдану әлгіндей табиғи факторлардың әсерін төмендетуге мүмкіндік береді, - деді Серік Рахметоллаұлы. Оның айтуынша, Елбасы ауыл шаруашылығын әртараптанды-руды, 2021 жылға қарай азық-түлік тауары экспортын 40%-ға көбейтуді тапсырды. Еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінің бәсекеге қабілетті, сапалы азық-түлік өнімдері өндірісін ұлғайту арқылы елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен экономикалық тәуелсіздігін қамтамасыз ету міндеті қойылған. – Еуропалық стандарттармен үйлестірілген Қытайдың стандарттарының талаптары өте қатаң. Біздің зертханада бір өнім төрт көрсеткіш бойынша, қытайлықтарда 17 көрсеткіш бойынша зерттеледі. Сондықтан бұл бағытта да жұмыс істеуіміз керек. Еліміз ДСҰ-ға мүшелікке өтер кезде, 20 млрд. теңгеге 126 зертхана салдық. Оның 11- і - облыстық, өзгесі аудандық. Солардың жүктемесіз тұрғаны, бұрынғы кездердегідей тек серологиялық зерттеу жүргізетіні ойлантады. Мал азығына зерттеу жасалмайды. Кәсіпкерлер ондай зерттеу жұмыстары үшін Барнаулға, Новосибирскіге, Орынборға барады. Ендеше, ондай зертханаларды неменеге салдық? Осының барлығы біздің бәсекеге қабілеттілігімізге келіп тіреледі, - деді вице-министр.

Басқосуда кәсіпкер Валерий Голоухин Қазақстанды «Джон Дир» техникасымен жабдықтаушы «Евразия» фирмасының сервистік қызметінің тек адам күшімен атқарылатындығын, заманауи технологиясының жоқтығын, қосалқы бөлшектерді ұзақ күтуге тура келетіндігін баян етті. Бұл фирма техниканы мемлекеттің көмегімен өткізеді. Ал кәсіпкер Темірғали Ескендіров ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу жобаларына берілетін екінші деңгейдегі банктердің несиелік қаражаттарының мерзімінің қысқалығын айтып, жаңа технологиялы жобаларға қажетті мамандардың жоқтығын, соған орай сырттан шақырылатын мамандарға жұмсалатын шығынды мемлекет тарапынан өтеу мәселесін көтерді. Ал Қатауолла Ашығалиев Жәңгір хан атындағы агротехникалық университет жанындағы аккредиттелген дайын зертхананы өңірлік етіп ашуды ұсынды. Сонымен қатар мемлекеттік бюджеттен бөлінетін несиелік қаржының қарыз алушыға делдалсыз беру тетігін іске асыру қажеттігін айтты.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»

Суреттерді түсірген Айбатыр Нұраш

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале