18.02.2021, 16:28
Оқылды: 222

«Агрореммаштың» әлеуеті артпақ

Ақпанның 17-сі күні өңірімізге жұмыс сапарымен келген ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин «Оралагрореммаш» АҚ-ға барды. Министр арнайы техниканы құрастыру цехының өндірісімен танысып, зауыт әлеуеті жөнінде құлағдар болды.

IMG-20210217-WA0025

Өндіріс орны Қазақстан мен көрші елдердің нарығын арнайы техникамен, резервуар құю жабдықтарымен, металл құрылымдармен және әртүрлі материалдан жасалған қоршаулармен қамтамасыз етіп келе жатқаны белгілі. Мұнда аутоцистерналар, тіркеме техникалар, жартылай тіркемелер, әртүрлі металл құрылымдарды шығарады. Соңғы жылдары технологиялық жабдықтар паркі жаңарып, көпбағытты коммуналдық және өртке қарсы арнайы техниканың өндірісі жолға қойылды.

IMG-20210217-WA0015

Зауыт басшысы Ғимран Бисеновтің айтуынша, бұл кәсіпорын – елімізде арнайы жабдықтар шығаратын ең ірі өндіріс орындарының бірі. Өндіріс ошағы ТЖМ-ға қажет өрт сөндіру құралдарын сату көлемін кеңейтуде. Қазіргі кезеңде «Агрореммаш» өрт сөндіруге арналған аутоцистерналар (барлығы 38 модель) мен мамандандырылған өрт сөндіру машиналарын (12 модель) шығаруға дайын. Тұтынушылар талаптары толық ескерілетін және сенім үдесінен шыға біле-тін, отандық бәсекеге қабілетті, кепілдендірілген және өте сапалы өнімдерді шығару зауыттың өндірістік қызметінің стратегиялық мақсаты болып табылады.

IMG-20210217-WA0027

– Бұрын Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитеті іске қосқан материалдық-техникалық қамтамасыз ету жол картасы бойынша үш жыл ішінде республикалық және жергілікті бюджет есебінен 480-ге жуық әр түрлі жабдық сатып алдық. Бұл, әрине, біздің министрлік құрылымдарының материалдық-техникалық тұрғыда жабдықталуын жақсартуға мүмкіндік берді. Бірақ материалдық-техникалық базаны 100% қамтудың ауылы алыс болатын. Сондықтан тағы да бұл бағытта жол картасы жасалды. Республикалық және жергілікті бюджет есебінен 500-ге жуық техника сатып алу жоспарланып отыр. Бұл республика бойынша жабдықтарды 80%-ға жаңартуға мүмкіндік береді, – деді Юрий Ильин.

IMG-20210217-WA0017

Төтенше жағдайлар министрі отандық өндірушілерді заманауи технологиялармен жабдықтап, бәсекеге қабілеттілігі мен сапасы жағынан көрші елдердің деңгейіне жеткізе алатынына сенімді. «Біз «Агрореммашта» бес жыл бұрын болдық. Ол кезде техника бағасы бәсекеге төтеп бере алмайтын. Өйткені компанияның бағаны төмендететін мүмкіндігі болмады. Бірақ қазір жағдай өзгерді. Негізгі шасси өндірушілерімен келісім жасалды. Енді салық төлемдерін азайту және қайта өңдеу алымдары арқылы нарықтағы аутокөліктердің құны 44 миллион теңге шамасына келеді. Бұл жағдай оларды бәсекеге қабілетті етеді. Отандық өндірушілер туралы айтып отырғасын, осы кәсіпорын шығарып жатқан жабдықты жетілдіру мақсатында зауыт базасында техникалық қызметкерлеріміздің семинарлар өткізуіне ұйытқы болу мәселелерін қарастырамыз. Мұның бәрі, сайып келгенде, біздің құтқарушылардың жұмысын жеңілдету үшін жасалады, – деп атап өтті министр.

 Өз тілшіміз

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале