12.10.2021, 9:15
Оқылды: 119

Айнұр Кәрібозова, Халықаралық бағдарламалар орталығының президенті: «Болашақта» ауыл жастарының да сыбағасы бар»

WhatsApp Image 2021-10-12 at 08.49.54

 

– Айнұр Бағдатқызы, бүгіндері «Болашақ» бағдарламасына құжат қабылдау жүріп жатқандығынан жалпы хабардармыз. Алдыңғы жылдармен салыстырғанда биылғы құжат қабылдау үдерісінде нендей өзгерістер бар?

– Иә, өзгерістер баршылық. Біріншіден, жаңалық конкурс­­тық іріктеу кезеңіне қатысты. Ағымдағы жылдың 4 мамыры мен 28 қазаны ара­лығында үміткерлерден құ­жат қабылдау жүріп жатыр. 2021 жылы стипендия тағайындауға арналған конкурстық іріктеу маусым, тамыз, қараша айларында үш кезеңде өтеді. Екіншіден, үкі­мет­тің 2020 жылғы 6 мамырдағы №271 қаулысына сәйкес «Болашақ стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу қағидаларына өзгеріс­тер енгізілді. Жаңа ережеге сай енді барлығына тең мүмкіндік беру қарастырылған. Барлық квота санаттары жойылды. 2020 жылдан бастап стипендия тағайындау конкурсына шетелдік жетекші жоғары оқу орындарынан шартсыз шақыруы бар үміткерлер ғана қатыса алады. Жеңілдік тек ауылдық елді мекендерде тұратын үміткерлерге ғана қарастырылған.

– Ауыл жастарына нақты қандай жеңілдіктер бар? Осы жағын тарқатып айтсаңыз, мысалы, ауылда тұратын қыз-жігіттер «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты атана ала ма?

– Ауылдық үміткерлер конкурсқа ауылда соңғы 3 жыл ішінде тұрған және соңғы 2 жыл ішінде белгілі бір мекеме-кәсіпорынның штатында болып, жұмыс істеп, қызмет атқарған жағдайда ғана қаты­са алады. Осыны ескеру керек. Бұл – міндетті шарт. Сондай-ақ ауылдық елді мекендерден үміткерлер үшін бакалавр немесе маман дипломының орташа балы кемінде 2.67 (4.0/4.33-тен) GPA балына сәйкестігі талап етіледі. Алайда «Ауыл» санатына жататын үміткерлерге шетелдік ЖОО-дан конкурсқа шартсыз шақыртуды ұсыну талап етілмейтінін атап өткен жөн. Оларды орналастырумен «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ айналысады. Сонымен қатар олар стипендияға ие болғаннан кейін ағылшын тілінен тіл­дік дайындық курстарынан өтеді. Тілдік дайындық мерзімі Қазақстан Республикасының аумағында 6 айға де­йін «British Council» атты беделді ұйымда өткізіледі. Ерекше айта кететін басты мәселенің бірі, конкурстан сәтті өтіп, стипендия иеге­рі атанған «Ауылдық» санат өкілдері жылжымайтын мүлікті кепіл ретінде ұсыну талабынан босатылған. Яғни сти­пендиат екі кепілгерді ұсынса жеткілікті. Бұл - мемлекеттің ауыл тұрғындары­на «Болашақ» бағдарламасы аясында көрсетіп отырған маңызды қолдауының бірі.

Сондықтан ауыл жастарының талаптанып, «Болашаққа» құжат тапсырып, бақтарын сынап көргені жөн. Өйткені мемлекеттік қолдауға негізделген «Болашақ» бағдарламасында ауыл жастарының да білім «сыбағасы» қарастырылған.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сай қа­зақстандық 500 ғалым әлемнің үздік университеттерінде тағылымдамадан өтуде екендігін естідік. Бұл қалай жүзеге асуда?

– Иә, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың пәрменімен ғалымдарымызды әлемнің жетекші университеттері мен ғылыми орта лықтарында тағылымдамадан өтуге жіберу үдерісі жүріп жатыр. Бұл – үлкен мүмкіндік.

Біріншіден, осы санат бойынша кез келген білім саласының ғалымдары тағылымдамадан өте алады. Екіншіден, «Ғалымдар» санаты бойынша үміткер шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының тізіміне кіретін орындарда, мәселен, әлемдік ғылыми-зерттеу орталықтарында, зерттеу мекемелеріне қатысты  ғылыми ұйымдарда, салалық және өндірістік, технологиялық ұйымдарда тағылымдамадан  өте  алады.

Үміткер тағылымдамадан өту үшін ұйымды (мекемені) таңдау кезінде өзінің ғылыми мұрат-мақсатының бағытын, оны ұйымдастырудың ғылыми байланыстарын және таңдаған мамандығын басшылыққа алуы қажет. Та­ғы айта кететін жайт,  «Ғалымдар» санаты бойынша тағылымдамадан өтуге үміткер­лер мынадай талаптарға сәйкес келуі тиіс: жалпы жұмыс өтілі кемінде 3 (үш) жыл, оның ішінде соңғы 12 (он екі) айы өзі таңдаған мамандығының саласына қатысты болуы керек. Тағы бір ескерер жайт, «Болашақтан» үміткер зейнет жасына толмаған болуы шарт. Тағылымдамаға қабылдайтын шетелдік ұйымның шартсыз шақыртуының (қаржы шарттарын қоспағанда) болуы жә­не В1 (KazTest) деңгейінен кем емес нәтижесі бар мемлекеттік тіл бойынша емтихан тапсырғаны туралы сертификаттың болуы шарт. Ал бакалавр немесе маман дипломының орташа балы есепке алынбайды.

Ауыл жастарын мемлекет басшылығы жасап отырған зор мүмкіндікті пайдаланып, «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелге оқуға шақырамын. Егер қандай да бір сұрақ-сауалдар туындаса, Bolashak.gov.kz сайты немесе халықаралық бағдарламалар орталығының әлеуметтік  желідегі парақшалары арқылы мәлімет алуға болады.

Сұхбаттасқан:

Беркін Салықұлы,

Нұр-Сұлтан қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале