15.04.2021, 22:53
Оқылды: 259

«Ақ билетпен» майданға аттанған

От-жалынға шарпылып өскен ұрпақтың тағдыр-талайы да сан қилы. Есімдері тарих тақтасына жазылып қалғандары да, ерліктері ескерусіз қан майданда хабарсыз кеткендері де аз емес-ау, сірә. Кіндік қаны тамған өңірден мүлде жыраққа ауып, өзге жерде тіршілік көшіне ергендер қаншама?! Соғыс және еңбек ардагері Макар Дорошенконың маңдайына да Жаратқан иесі сондай «сыйын» тарту еткен. Ол 1922 жылдың 1 қаңтарында Украинаның Чернигов облысы, Холмск ауданы, Старая Гудка ауылында өмірге келіпті. 

 дорошенко макар1

Бұла күші бойын кернеген бозбала жеті сыныпты бітірісімен, тау өндірістік училищесіне оқуға түсу үшін Донбасқа аттанады. Оны ойдағыдай аяқтағаннан кейін «Снежнянск» шахтасына слесарь болып жұмысқа тұрады. Аз уақыт ішінде қалаған мамандығын ұршықша иіріп, еңбекқорлығымен көпке танылып үлгереді. Бір жылдан соң әскер қатарына шақырылып, денсаулығындағы кінәратқа байланысты оған «ақ билет» табысталады. Содан 1943 жылға дейін жау басып алған өзінің туған ауылы Старая Гудкада қиын күндерді бастан кешіп, көппен бірге таң атырып, күн батырады. Неміс әскері толық шегініп, қауіп-қатердің беті сейілгеннен кейін тірі қалған ауыл адамдары Днепрден өтеді.

Иә, аштық пен азапқа толы ауыр күндер осылайша өз жалғасын табады. Ел-жұртты титықтатқан сұрапыл соғыстың соңғы жылдары «ақ билетіне» қарамай, оны да майданға алады.

– Қарғыс атсын соғысты! Қару асынып, ұрыс даласында шейіт болған боздақтарды айтпағанда, қаншама бала-шаға жазықсыз мерт болды. Жауыздар түн жамылып келіп, бірнеше елді мекендерге өрт те қойды ғой. Ендігі жерде тірі пенденің басына ондай азапты күндерді бермесін, - деп әңгімесін сабақтаған майдангер  өзі ұрысқа бірінші Украина майданының 188-атқыштар полкі құрамында кіргенін айтты. Әсіресе, Днепр өзенінен өту өте ауыр болғанын, жарылған снарядтардан өзен беті тулап, қан аралас ақ көбіктер аспанға атылып жатқанын қынжыла баяндады. Осы жерде ауыр жарақат алып, Брянск облысына госпитальға жіберілгенін де естіп-білдік. Жауынгер ерлігі де ескерусіз қалмай, артынан ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталыпты.

Ал Жеңіс жалауы желбіреп, туған топырағына оралысымен өзінің сүйікті кәсібіне қайта кірісіп, еңбек майданына араласады. Шаруашылықтың қай саласына жұмсаса да, тиянақтылығымен һәм іскерлігімен танылған электромеханик Макар Макарович ауылдастарының орынды сый-құрметіне бөленеді. Жастық оты жалын атқан жиырма бес жасында Галина есімді аруды кездестіріп, екеуі төрт перзент сүйеді. Кіші қызы әлі күнге сол Украина  жерінде тұрмыс кешіп жатқан көрінеді. Өзі сүйікті жары қайтыс болғаннан кейін араға бірқыдыру уақыт салып, Қазақстанда тұратын үлкен қызы Марияның қолына көшіп келіпті. Қарт майдангер келер жылы өзінің ғасыр тойын тойламақ. Сол қуанышты күнді көріп, шаңырағы шаттыққа кенелуіне біз де тілектеспіз.

 

Биылғы 9 мамыр – Жеңіс күнінің қарсаңында «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінен арамыздағы жеңімпаздардың өмір дерегін, қан майдандағы жанқиярлық ерлігі мен бейбіт күнгі жасампаз еңбегі жайлы оқи жүріңіздер. газеттерімізге ардагерлер жайлы мақалалар мен құттықтаулар берулеріңізге болады.

 

zhaikpress

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале