21.11.2023, 12:45
Оқылды: 102

Ақ Жайығына қадірлі азамат

Жуырда қоғам қайраткері, ҚР Парламенті Мәжілісі VII шақырылымының депутаты, «Парасат» орденінің иегері Мәлік Құлшардың мерейлі 63 жасы атап өтілді. Жиынға облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, әр саланың ардагерлері, бірге қызмет атқарған әріптестері қатысты.

IMG_7979

Құттықтай келген әріптестерін, әсіресе, бала күнінен бірге өскен досы, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, физика-математика ғылымдарының докторы Мирболат Сиховты көргенде мерейтой иесінің көңілі бір көтеріліп қалғандай болды. Жиын басында облыстық мәслихаттың төрағасы Мұрат Мұқаев өзінің ізгі тілегін айтып, иығына шапан жапты.

Айта кетейік, Мәлік Иман­құлұлы 1960 жылы 18 қарашада дүниеге келген. 1982 жы­лы С. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін аяқтап, алғаш еңбек жолын Жәнібек ауылындағы Абай атындағы мектеп-интернаттан бастаған. Кейін Мәлік Иманқұлұлының қабілеттерін ескере отырып, аудан басшылығы партиялық жұмыстар ұсынды. Ол әр уақытта облыстағы түрлі жауапты қызметті абыроймен атқарған.

Осынау салтанатты іс-шараға қатысқан азаматтар өз кезегімен ақ тілектерін ақ­тарып, сый-құрметтерін көрсетті. Облыстық Қоғамдық ке­ңестің төрағасы Ербол Салықов Мәлік Иманқұлұлымен араласып жүргеніне 40 жылға жуықтағанын айтты.

– Қызметке жаңа келген жастау кезімізден бір-бірімізбен жақсы таныспыз. Одан бері қарай әр салада қатарласа жүріп қызмет етіп келеміз. Мен үшін Мәлік Иманқұлұлының достық, жолдастық деген ұғымдарға ерекше қарауы үлгі болды. Әр адам зейнет жасына келген кезде бір сәт кешегі күніне көз салатын шығар. Бұл ретте өңір жұрты үшін ағамыздың еткен еңбегі орасан. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген сөз бекер айтылмаса керек. Сондықтан да бүгін жиналғандар өнегелі істерін, адами қасиеттерін айтатыны анық. Мұның бәрі ізінен келе жатқан кейінгі буынға үлгі, – деді Ербол Ғұмарұлы.

Әрі қарай қалалық мәслихат төрағасы Есентай Қалиев мерейтой иесіне жүрекжарды лебізін білдіріп, шаһар басшысы Миржан Сатқановтың тілегін жеткізіп, сый-сыяпатын табыстады. Сондай-ақ облыстық тексеру комиссиясы төрағасының міндетін атқарушы Батыржан Хамидуллин мекеме басшысының құттықтауын айтып, шапан кигізді.

Одан әрі қарай ізгі тілектер легін Алматы қаласынан келген сыныптас-досы Мирболат Сихов жалғастырып, естеліктерін ақтарды.

– Мәлік екеуміз кішкентай кезімізден көрші болдық. Мектеп табалдырығын бірге аттап, балдәурен шақты бірге өткердік. Кейін Алматыда бір университетте оқып, бір бөлмеде бес жыл бірге тұрдық. Сондықтан да біз адам болып қалыптасу жолымызда бір-бірімізге айтарлықтай әсер еттік. Жалпы адам баласының өмірінде ортаның, достардың ықпалы зор деп есептеймін. Қарапайым, ісіне адал азаматтың досы болғаныма қуанамын. Өзімізден кейінгі жастарға осындай достық тілеймін. Бәріңіздің шаңырақтарыңызда береке болсын, қызметте абыройлы болыңыздар, осы өңірдің гүлденуіне үлес қосып жүре берейік, – деп ағынан жарылды Мирболат Бақытжанұлы.

Жиын соңында Мәлік Иман­құлұлы қатысқан азаматтардың бәріне алғысын айтып, алдағы күндерде де қоғамның игілігі үшін еңбек етуге дайын екенін жеткізді.

Аманжол Исламғали,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале