3.07.2026, 16:30
Оқылды: 9

Ақ Жайық өнерінің алтын қазығы

Облысымыздағы іргелі оқу ордасы – Құрманғазы атындағы саз колледжі 1944 жылы Орал саз училищесі болып ашылған болатын. Республика бойынша екінші ашылған (Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясынан кейін) кәсіби музыкалық оқу орны өңіріміздегі мәдениет пен өнер саласының мамандарын даярлауға үлес қосып келеді.

фото Сертеков.jpg

80 жылдан астам тарихы бар колледждің бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында аталмыш оқу орнының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері Нұржан Сертековпен емен-жарқын тілдесіп, сүбелі сұхбат құрудың сәті түскен еді.

Қандай мамандықтар бойынша білім береді?

«Елу жылда ел жаңа» демекші, бүгінде іргелі оқу ордасы – Құрманғазы атындағы саз колледжінің шығармашылық, материалдық-техникалық әлеуеті ұлғайып, музыка өнерін оқытудың заман талабына сай жаңаша үлгілерін қолданысқа енгізген. Колледж директоры Нұржан Орынғалиұлының айтуынша, мұндағы «Халық аспаптар» бөлімінде домбыра, қыл қобыз, альт қобыз, прима қобыз, баян, аккордеон, прима аспаптары, «Оркестрлік аспаптарда» (Үрмелі аспаптар және ішекті аспаптар) флейта, гобой, кларнет, труба, саксафон, тромбон, туба, скрипка, альт, виолончель, контра-бас класы бар. Сондай-ақ «Хорды дирижерлау және ән салу» мамандықтарында оқытушы-хормейстер, академиялық ән салу әртістері, ал «Музыка теориясы» мамандығында балалар саз мектебіне мұғалімдер даярланады. «Әлеуметтік-мәдени қызмет және халық көркем шығармашылығы» мамандығында мәдениет және қызмет көрсету саласының болашақ мамандары білім алуда. Яғни «Хореографиялық ұжымның жетекшісі, оқытушы», «Халық аспаптар оркестрінің  /ансамблінің/ жетекшісі, оқытушы», «Театр ұжымын ұйымдастырушы, оқытушы»,  «Кітапханашы»  сынды біліктілігі бар мамандар даярланады. Бұған қоса колледжде «Сәндік қолданбалы өнер және халықтық кәсіпшілік өнері» мамандығы бойынша «Суретші» және «Шағын кескіндеу суретшісі», сондай-ақ «Дизайн» мамандығы бойынша интерьер дизайнері мен киім дизайнері біліктілігі берілетін мамандықтар бар. Мұндағы музыкалық пәндік кабинеттер жаңа заманауи құрал-жабдықтармен, ыңғайлы шеберханалармен қамтамасыз етіліп, көрнекті әдістемелік материалдармен жабдықталған.

Колледж жанынан құрылған халық аспаптар оркестрі, би, хор, домбырашылар, қобызшылар секілді ансамбльдер бүгінде облыс көлемінде ғана емес, республикалық деңгейдегі көптеген мәдени іс-шараға, байқауларға қатысып, оқу ордасының  мерейін үстем етіп жүр.

саз колледж

Осы орайда айта кетсек олқы болмас, бұл оқу орнының түлектері арасында әлемдік сахналарда өнер көрсеткен КСРО халық әртісі Роза Жаманова, «Парасат» орденінің иегері, ақын әрі әнші, жыршы Қатимолла Бердіғалиев, Қазақстанның еңбек сіңірген  қайраткерлері Нұрлан Бекмұхамбетов, пианист және композитор Саида Халықова сияқты өнер қайраткерлері бар. Оған қоса, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, үрмелі аспап – гобойдың шебері Тимур Ткишев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, күйші Айтжан  Тоқтаған. Сондай-ақ есімі елге танымал Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері  Нұрғиса Дәуешев, Тимур  Урманчеев, Батыржан Мықтыбаев, Медет Қуанышев т. б. секілді азаматтар да Құрманғазы саз колледжін тәмамдаған.

Музыка зерттеушілері елімізде тапшы

– Студенттердің білімі мен кәсіби деңгейлерінің жоғары болуы оқытушылардың мықтылығынан дер едім. Саз колледжінде білікті, санаттары жоғары ұстаздар қызмет етеді. Биыл колледжді 117 студент тәмамдады.  Олар мамандықтары бойынша жоғарғы оқу орындарына тапсыруды жоспарлап отыр. Оқу ордасында 100-ден астам педагог еңбек етеді. Олардың қатарында ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Ы. Алтынсарин атындағы төсбелгінің иегері, ҚР Мәдениет саласының үздіктері, шебер деңгейін қорғаған педагогтар бар. Мұндағы  музыкалық пәндік кабинеттер жаңа заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Былтыр студенттердің алаңсыз білім алуы үшін қосымша  30 компьютер сатып алынды.

«Қандай мамандықтарға сұраныс басым?» деген сауалыңызға тоқталсам, қазақ, орыс ұлт аспап-тар оркестрінің мамандарын даярлайтын мамандықтарға сұраныс жоғары. Өйткені бұл мамандықтар бойынша қос оркестрге де қызметке орналасуға болады және саз мектептерінде де жұмыс табылады.

Студенттер оқу үдерісінде халық аспаптар, симфониялы және үрмелі аспаптар  оркестрлеріне қатысады. Сондай-ақ қобызшылар, домбырашылар, дәстүрлі ән секілді ансамбльдер бар. Іс-шара ұйымдастырылатын болса, ән сағатта топ құрай алады. Талант пен кәсіби білімдерінің  арқасында бәрі шеттерінен өнерлі,  –  деді Нұржан Орынғалиұлы.

«Кадр тапшылығы мәселесі бар ма?» деген сауалымызға колледж директоры музыка  зерттеушісі, пианист мамандарының жетіспейтінін айтты. Колледж бітірген соң түлектер Астана, Алматы қалаларындағы өнер академияларына, консерваторияға оқуға түсіп, сол жақта қызметке қалып қоятын көрінеді. Себебі бұл мамандар бас қаланың өзінде де тапшы екен.

Құрманғазы атындағы саз колледжіндегі «Мұхит» сыныбы студенттердің дәстүрлі ән өнеріне деген қызығушылығын арттырып, кәсіби білім деңгейін жетілдіруге үлес  қосуда. Нұржан Орынғалиұлы дәстүрлі ән өнеріне бет бұрушылардың қатары жылдан-жылға артып келе жатқанына, сондай-ақ кейінгі жылдары домбыра асынып жүретін мектеп оқушыларының көбейгеніне қуанатынын жеткізді. Құрманғазы саз колледжі Орал қаласындағы орысша білім беретін мектептерге халық аспаптар оркестрімен барып, концерт қоюды дәстүрге айналдырған. Әсіресе Құрманғазы  күйлерінің тарихын айтып, нақышына келтіріп орындағанда, «Ғаламат екен! Бұрын  тыңдап көрмеппіз» деп мұғалімдер таңданысын жеткізіп жататын көрінеді.

  «Педагог киім киісімен, жүрістұрысымен де үлгі болуы шарт»

Сұхбатымыздың соңында «Ұжым  қызметкерлеріне қояр басты талабыңыз қандай?» деген сауалымызға Нұржан Орынғалиұлы бастысы – тәртіп, кәсіби білім және жұмысына адалдықты талап ететін айтты.

– Кез келген ұжым тәртіпке бағынуы керек. Педагог уақтылы жұмысына келіп, студенттерге кәсіби білім беріп қана қоймай, киім киісімен, жүріс-тұрысымен үлгі болуы керек. Қызметке қабылдағанда да мамандардың ұлтына, жынысына, мінезіне қарамаймын. Жоғарыда айтып кеткен талапқа сай болса, болды. Студенттерге жанашырлықпен қарап, олардан кәсіби маман даярласа деймін. Маған қарсы сөйлегені немесе басқаға көңілі толмағаны маңызды емес. Студенттерге де  «Сендер өзге колледждердегі студенттерден бір саты жоғары тұрасыздар. Өйткені сендерге Құдай талант пен өнер берді. Кез келген отырыста бір ән салып жіберсеңіздер, абырой-беделдеріңіз артады. Сондықтан өнерлеріңді шыңдап, үйлесімді, қарағанда көз тоятындай киініп жүріңдер деп айтамын,  - деді колледж директоры.

саз колледж2

Тарихы сонау Ұлы Отан соғысының отты жылдарында Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы қазақ  ұлттық консерваториясымен  қатар қалыптасқан аталмыш колледжден әлемдік сахналарда өнер көрсететін әлі талай талант шығарына дау жоқ. Өйткені оның басшылық құрамының талабы мен оқытушылардың білім-білігінің арқасында оқу ордасындағы шәкірттердің жеткен  жетістіктері аз емес.

Еліміздегі бірқатар өнер майталмандарынан «Қазақстанда талантты жастар көп. Соның ішінде Құрманғазы атындағы саз колледжі өнерпаздарының орны бір төбе» деген баға алып, Ақ Жайық мәдениеті мен өнерінің алтын қазығына айналған іргелі оқу орнының алар асуы биіктей берсін деп тілейміз.

Гүлсезім Бияшева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале