5.05.2023, 10:30
Оқылды: 59

Әкемді айтып мақтанамын

Осы мақаланы жазуды әкемнің алдындағы парызым деп есептеп, қолыма қалам алып отырмын. Соғыстың отты жылдарында қан кешіп, азаматтық борышын абыроймен атқарған әкемді мақтан етемін.

d1608dcf-1fd4-499e-b41d-2ea499f9bfdc

Әкем Эльменов Қайырғали 1909 жылы туған. Сұрапыл соғысқа бастан-аяқ қатысты. Майданға Сырым ауданынан шақырылып, жаумен шайқасты Сталинград түбінен бастаған. 1942 жылы қыста Сталинград аумағында қоршауда қалып, немістердің қолына тұтқынға түскен. Қыстың ішінде тұтқындарды Сталинград  қаласынан Ганомр қаласына дейін жаяу айдаған. Сол қалада сегіз ай тұтқында болған.  Ганомрды Англия әскері бір түнде бомбалап шыққан. Содан қайта Кеңес әскерінің құрамына кіріп,  жаяу әскер қатарында соғысқан.

Соғыс бітіп, елге қайтар алдында әкемнің жау тұтқынына түскендігі тексерілген. Егжей-тегжейлі тексерістен соң ақталды. Бірақ екі жыл Сталинградты қалпына келтіруге қалып,  1947  жылы  ғана  елге  оралған.

«Соғыста жүргенде жалғыз ғана тілегім болды, елге аман-есен жетіп, елден бір уыс топырақ бұйырса, арманым жоқ дейтінмін. Сол арманыма жеттім, енді өлсем де, ризамын. Қаншама қанды көйлек жолдастарыма сонау жат жерде бір уыс топырақ бұйырмай қалды» деп мұңаятын.  Әкемнің ұлы жоқ еді, екі қызы болатын. Ол 1963 жылы 54 жасында қайтыс болды. Мен онда 13, сіңлім 10 жаста еді. Әкемнің әскери билеті, Сталинградты қорғағаны үшін медалі болатын. Анамыз қайтыс болғаннан кейін қайда қалғанын білмеймін. Әкем жаны жұмсақ, балажан кісі болатын. Қазіргі таңда ардагерлерге бар жағдайды жасап жатыр, бұған  өте ризамын. Олардың еңбегі қадірлеуге тұрады. Тек әкемнің  ардагер ретінде кішкене де болса қолдау көрмей кеткеніне  өкінемін.Әкем екі ағайынды, өзінен үлкен  ағасы болған. Ол атамыз да соғыста  хабарсыз кетті.

 

Сара Қайырғалиева,

Орал қаласы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале