27.09.2021, 11:36
Оқылды: 399

Әкімшілік сот ісін жүргізудегі талап қою түрлері

Елімізде жаңа әкімшілік әділеттің қалыптасуының алғышарттарының бірі ретінде Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің қабылдануымен қатар әкімшілік істер бойынша сот төрелігін жүзеге асыратын арнайы мамандандырылған әкімшілік соттардың құрылуын айтуға болады.

555

Конституцияда еліміздің сот жүйесінің заңдылық нормаларына сәйкестігін қамтамасыз етуге бағытталған нормалар мен принциптер шоғырландыырлған. Ата Заңда Қазақстан құқықтық анықтаманы талап ететін қазіргі заманғы көптеген маңызды мақсаттары бар құқықтық мемлекет ретінде анықталды.

Құқықтық мемлекеттіліктің тарихи дамуы аясында құқықтық мемлекеттілікті барынша сипаттайтын белгілер ретінде сот жүйесінің қалыптасуын талдау бізге мыналарды ашуға мүмкіндік береді: біріншіден, өзара сәйкес құқықтар мен міндеттердің нормативтік бекітілуі, азаматтар мен мемлекет, олардың құқықтары мен бостандықтары мен азаматтардың заңды мүдделерін қамтамасыз ететін және қорғайтын олардың біртұтас жүйесі; екіншіден, жеке және заңды тұлғаларды құқықтық қорғауды қамтамасыз ететін әділет жүйесінің болуы.

Қазіргі құқықтық мемлекеттегі сот билігі заң шығарушы және атқарушы билікпен қатар мемлекеттік билік құрылымының маңызды элементтерінің бірі болып табылады және сот төрелігі түрінде ресімделеді.Сот атқарушы билікке тиесілі функцияларды жүзеге асыру үшін заң шығарушы билікпен белгіленген шекараларды сақтаудың кепілі болып табылады.

Сот билігін арнайы мемлекеттік қызмет ретінде жүзеге асыру кезінде адам құқықтары, тәртіп пен құқық қолдану элементтері билік мазмұнынан көрінеді, әрбір азаматтың заң мен сот алдындағы нақты және құқықтық теңдігінің негіздері анықталады. Сондықтан сот билігінің оңтайлы құрылымы мен қажетті мамандануы болуы керек. Әкімшілік әділет органдарының болуы-бір елде сот төрелігін жүзеге асырудың әр түрлі формаларының дамуы. Сайып келгенде, құқықтық мемлекеттің маңызды белгісі – азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ететін бекітілген әкімшілік құқықтық рәсім.

Жария-құқықтық даулар ұғымы жария құқықты қолданудан туындайтын құқықтық салдары даулы болатын барлық жағдайларды біріктіреді.

Сонымен қатар, мемлекеттік биліктің тасымалдаушысы ретінде кем дегенде бағыну субъектісі бар әрбір құқықтық норма жария құқық болып саналады. Жария-құқық дауы, ол әрқашан мемлекеттік билікті жүзеге асыру аясында туындайтындығымен сипатталады.

Әкімшілік іс жүргізу «инквизиция» процесс принципіне негізделген, яғни сот (судья) әділ, объективті және заңды шешім шығару үшін, дәлелдерді дербес және өз бастамасы бойынша жинауға міндетті.

Әкімшілік сот ісін жүргізу негізі талап қою болып табылады. Кодекс талаптардың дау айту, мәжбүрлеу, әрекет жасау, тану туралы, т.б. бірнеше түрін ажыратады. Олар талапкердің құқықтық қорғанысының талаптарына байланысты және де сот ісін жүргізу нәтижесі бойынша қабылданатын шешімдердің өзгешелігімен ерекшеленеді.

Дау айту туралы талап қою дегеніміз – ауыртпалық түсіретін әкімшілік актіде талап қоюшының құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайда, ол әкімшілік актінің толық немесе оның қандай да бір бөлігінің күшін жою талабымен дау айту туралы талап қою беруге құқылы.

Ауыртпалық тұсіретін әкімшілік акті-кімшілік рәсімге қатысушының құқығын іске асырудан бас тартатын, шектейтін, тоқтататын немесе оған міндет жүктейтін, сондай-ақ оның жағдайын өзгеше түрде нашарлататын акт. Мұндай акт мысалы ретінде қосымша жер учаскесін беруден бас тарту немесе тұрғын үй кезегінен шығарып тастау туралы жергілікті атқарушы органның қаулыларын атауға болады.

Аталған талап қою түрі бойынша сот егер талап қоюшының құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын, ауыртпалық түсіретін әкімшілік актіге дау айту туралы талап қою негізді болып табылса және сот оның заңсыздығын таныса, онда ол толық немесе қандай да бір бөлігінде оның күшін жояды.

Мәжбүрлеу туралы талап қою бойынша талап қоюшы қабылдануынан бас тартылған не әкімшілік органның, лауазымды адамның әрекетсіздігі себебінен қабылданбаған қолайлы әкімшілік актінің қабылдануын талап етуі мүмкін. Мысалы, тұрғын үйді жекешелндіруден бас тартылса,сотқа қолайлы акт қабылдану үшін мәжбүрлеу туралы талаппен жүгіну қажет. Мұндай жағдайларда бас тартуға дау айту туралы жеке талап ету қажет етілмейді.

Әкімшілік актіні шығарудан бас тартудың не жауапкер әрекетсіздігінің нәтижесі болып табылатын әкімшілік актіні қабылдамау заңға қайшы келетін немесе талап қоюшы құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына себеп болған жағдайда, сот әкімшілік органға әкімшілік актіні қабылдау міндеттемесін жүктейді.

Сот жауапкерге ауыртпалық түсіретін әкімшілік актіні қабылдамау міндетін жүктеуге құқылы.

Әрекет жасау туралы талап қою бойынша талап қоюшы белгілі бір әрекеттер жасауды немесе әкімшілік актіні қабылдауға бағытталмаған мұндай әрекеттерден қалыс қалуды талап етуі мүмкін. Аты айтып тұрғандай талаптың бұл түрі тек әрекетпен байланысты. Әрекет жасау туралы талап қою бойынша талап қоюшы заңда белгіленген мерзімде әкімшілік актінің қабылданбауы салдарынан әкімшілік акт қабылданды деп танылған жағдайда заңда көзделген сол нысана бойынша тиісті құжатты беруді де талап етуі мүмкін. Бұндай талап бойынша мысалы жол жүру ережесінің белгісін қою немесе жылдамдықты шектеу белгісін алып тастау туралы талап қойылуы мүмкін.

Сәйкесінше бұл талап қою бойынша сот шешімде егер әрекет жасау туралы талап қою негізді және заңды деп танылған кезде сот жауапкерді нақты әрекеттер жасауға міндеттейді және оларды орындау үшін мерзім белгілейді.

Тану туралы талап қою бойынша талап қоюшы, егер ол Кодексте көзделген өзге талап қоюды бере алмаса, қандай да бір құқықтық қатынастың бар немесе жоқ екенін тануды талап етуі мүмкін.Тану туралы талап қою бойынша талап қоюшы бұдан былай заңды күші жоқ, ауыртпалық түсіретін әкімшілік актіні заңсыз деп тануды талап етуі де мүмкін.

Тану туралы талап қою қанағаттандырылған кезде сот, егер мұндай талаптар дербес талаптар ретінде мәлімделген болса, қандай да бір құқықтық қатынастың болуын немесе болмауын немесе оның мазмұнын таниды. Сот, сондай-ақ, егер тану туралы талап қою негізді және заңды болса, ал осы мән-жайды тану талап қоюшының бұзылған құқықтарын қалпына келтіру үшін қажет болса, бұдан былай заңды күші жоқ, ауыртпалық түсіретін әкімшілік актіні заңсыз деп тануға құқылы. Талап қоюшының талап етуі бойынша, егер ауыртпалық түсіретін әкімшілік актінің күші жойылса немесе оның қолданысы өзге тәсілмен, оның ішінде оның қандай да бір бөлігінде күшін жойса, ауыртпалық түсіретін әкімшілік актіні заңсыз деп тануға құқылы.

Әрине, Кодекс бойынша  талап қоюдың нысанасын айқындау кезінде сот талап қою талаптарының тұжырымдамасымен, талап қою мәтінімен және оған қоса берілген немесе кейін ұсынылған құжаттармен байланысты болмайды. Сонымен қатар сот құқықтық салдарды алдын ала түсіндіре отырып, тарапқа талап қою талаптарын тұжырымдауда және (немесе) өзгертуде жәрдем көрсетуге құқылы.

Бірақ талаптарды осылайша саралаудың халықаралық тәжірибесі стандарт болып табылады және егер азамат әкімшілік соттың көмегімен уәкілетті органның іс-әрекеттерінің кез-келген түрін тексеруге мүмкіндігі болса, бұл әкімшілік және соттық қорғаудың тиімді жүйесін куәландырады.

 

                   Шынаргүл Шайдиева,

Батыс Қазақстан облысының

мамандандырылған ауданаралық

әкімшілік сотының судьясы 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале