24.04.2020, 13:30
Оқылды: 185

Ақпараттық ашықтықты тиімді пайдаланып жүрміз бе?

2007 жылы алғаш рет ел-жұртпен онлайн байланысқа шыққан ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жуық арада республикамызда «Электронды үкімет»деген жаңа жүйе құрылатынын айтқан болатын.Соның негізіндееліміздеақпаратты қоғам қалыптастыруға, өмірдің барлық саласында инновациялық технологияларды дамытуға күш салынатынында мәлімдеді. Сөйтіп,  Қазақстан жаңа ақпараттық дәуірге қадам басатынына сенім артылды.

Бес институционалдық реформаны жүзеге асыруға бағытталған«100 нақты қадам»сол сенімнің ақталуына негіз қалады. Яғни аталмыш бағдарламаның соңғы 10 қадамы «Есеп беруге міндетті үкіметті қалыптастыруға» арналды.
Атап айтқанда, 94-қадамға ашық үкіметті қалыптастыру, ал 96-қадамға орталық, жергілікті мемлекеттік құрылымдардың статистикалық деректер базасына онлайн-қолжетімділікті жүзеге асыру міндеттері жүктелді. Соған сәйкес«Ашық үкімет» порталы жасақталып, қолданысқа енді.

Халық алдында есеп беретін мемлекетті құру, азаматтардың мемлекеттік басқару саласындағы құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуді мақсат тұтатын интернет-ресурстың тиімді тұсы көп. Ол жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуді және жаңа технологиялар арқылы мемлекеттік басқару тиімділігін арттыруды  да көздейді. Яғни бұрын қолжеткізу қиын, әрі біраз уақытты қажет ететін көптеген мәліметті, құжатты ешқайда бармай-ақ, тез арада алуға, беруге мүмкіндік туды. Қарапайым халық осындай игілігі көп интернет-ресурсты қаншалықты пайдаланып, мемлекеттік істерге араласып жүр? Нақтылап айтқанда, ел игілігі үшін қабылданып жатқан заң, қаулы, шешім сынды құжаттармен таныс па? Оларды онлайн талқылауға қатысып жүр ме? Түрлі түйткілдерге байланысты билікпен ашық диалогқа шыға ма? Бұл мәселелерде батысқазақстандықтардың белсенділігін қарау үшін «Ашық үкімет» порталына біраз уақытымызды жұмсадық. Сонымен...

 

Қаулы-қарардың сапасына көңіл тола ма?

Әуелі аталмыш порталдың «Ашық НҚА» деген бөліміне (компонент) кірдік. Нормативтік-құқықтық актілер жобаларының мемлекеттік және жергілікті атқарушы құрылымдарда мақұлдау сәтіне дейінгі талқылау алаңы ретінде құрылған бұл порталдан көп нәрсе табуға болады. Яғни мұнда кіру арқылы әрбір азаматтың қажет құжаттармен танысуына мүмкіндік бар. Сонымен қатар осынау құжаттардың қатесі болса түзетіп, артығы болса күзетіп дегендейсапасын, мазмұнын жақсарту бойынша ұсыныстарын енгізе алады. Нақтылап айтқанда, заң, жарлық, қаулы, өкім, бұйрық, шешім, есеп, ереже сынды құжаттар жобаларына қатысты қандай да бір ескерту-пікірлерін қосуына болады.

WhatsApp Image 2020-04-23 at 17.19.19

Мамандар «Ашық НҚА» порталы арқылы орталық, жергілікті мемлекеттік құрылымдар тарапынан дайындалған құжаттарды қарайтындар да, пікір білдіретіндер де көп емесін айтады. Біздің облысымызда да сондай жағдай байқалады. Мысалы, биылғы жыл басынан 15 сәуірге дейін облыстық, қалалық, аудандық деңгейдегі қаулы, шешім сынды 72 құжат көпшілік талқылауына шығарылыпты.Орта есеппен әрқайсысын 60-70 шақты адам қарағанымен, көпшілігінде ешқандай пікір жоқ. Ал кейбіреулеріне мәтіндегі қателіктерге байланысты (https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=2996551) бір ғана азамат қана үн қосып отырған. Андрей Суханов деген бұл азаматтың заңгер әрі осы салада тәжірибесі бар жан екенін бағамдауға болатындай (https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=2905094). Оның ескертпелері құзырлы құрылымдар тарапынан мақұлданды.

Өңірімізде, соның ішінде Оралда азаматтық қоғам өкілдері белсенді. Түрлі жиындарда, БАҚ, әлеуметтік желі арқылы өзекті мәселелер бойынша ұсыныс-пікірлерін баяндап жатады. Биыл "Бейбіт жиналыстар туралызаң жобасы ел-жұрттың ашық талқысына шығарылды. Оны дайындаған ведомство басшылығы өңірлерде болып, халықтың пікірлеріне құлақ түріп қайтқаны белгілі. Батысқазақстандықтардың пікірін білу үшін наурыз айының басында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің орынбасары Данияр Есин келді. Вице-министрдің азаматтық қоғам өкілдерімен кездесуі кезінде осы заң жобасына орай ұсыныс пікір, сын-ескертпе аз болған жоқ. Мұны айтып отырған себебіміз,  биылғы 16-30 қаңтар аралығында «Орал қалалық мәслихатының 2016 жылғы 20 сәуірдегі №3-5 «Орал қаласында жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер мен демонстрациялар өткізу тәртібін қосымша реттеу туралы»шешіміне өзгеріс енгізу туралы» деп аталатын шешіміне онлайн талқылау (https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=2908952) ұйымдастырылды. Алайда мұны бар болғаны 31 адам қарап, бір кісі ғана қолдаған, ешкім  пікір қалдырмаған.Соған қарағанда бұл онлайн талқылау жөнінде көпшілік білмегенге ұқсайды. Әйтпесе, облыстағы саяси партия, қоғамдық ұйым өкілдері бұған қатысты өз ойларын білдіретініанық.

Порталды  «ақтарып» отырып, биылғы наурыз айының басында Оралда техногендік сипаттағы төтенше жағдайды жарияланғанынкөзіміз шалды. Көпшіліктің есінде шығар, ақпан айының соңында Орал қаласындағы Шолохов айналма жолының бойындағы су коллекторы жарылған еді. Соның нәтижесінде 70 мыңнан астам тұрғын сусыз қалды. Бұл туралы БАҚ арқылы ақпараттар берілгенімен, Орал қаласы әкімімен «Жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдайды жариялау туралы» шешім (https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=3289484) алынғаны жөнінде хабарланған жоқ. Аталмыш оқиға туралы материалдар дайындаған кейбір әріптестерімізден сұрап қарағанымызда, мұндай шешім жөнінде естімеген (оның ішінде өзіміз де бармыз). Тіпті қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі де бейхабар. Жалпы,Орал қаласы әкімінің аталмыш шешімін портал арқылы 96 адам қарап, бір адам ғана қолдау білдіргенімен, ешқандай пікір айтылмаған.

-Кейбір қабылданған заңнамаларға, жергілікті жердегі шешімдерге көпшіліктің көңілі толмай жатады. Ол құжат сапасының тиісті деңгейде еместігіне бұқара халықтың аз да болса,кәнісі барын жоққа шығаруға болмайды.  Өйткені соңғы кезде әрбір заңнама, қаулы, шешімдердің жобасы «Ашық үкімет» порталына орналастырылады. Көпшілік тарапынан жөнді ұсыныс-пікір немесе ескертпелер айтылмаған соң, оларға көп өзгеріс енгізілместен қабылданып кетеді. Жалпы, мұндай құжаттар халық игілігі үшін тиімді жүзеге асуымен құнды екенін ескерсек, олардың толыққанды, сапалы болуына баршамыз да үлесімізді қосуымыз қажет. Яғни қалың бұқара елдің, соның ішінде облыс, қала, аудандағы әлеуметтік-экономикалық дамуға, қоғамдық-саяси жағдайға байланысты алынып жатқан іс-шаралардан барынша хабардар болып,  қабылданып жатқан құжаттардың көпшіліктің ойынан шығуы үшін белсенді болуы керек,-дейді Қазақстандағы мемлекеттік құрылымдардың ашықтылығын зерттеп жүрген «Zertteu Research Institute» қоғамдық қорының жетекшісі Шолпан Айтенова.

 

48 интернет-конференция, 74 сұрақ...

Кезінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев билік пен халықтың арасын жақындата түсу үшін үкіметке, жергілікті атқарушы билік құрылымдарына интернет-конференциялар өткізуді тапсырған еді. «Еститін мемлекетке» айналудың маңыздылығына тоқталған ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевбұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыру халықтың мұң-мұқтажын дер кезінде естіп, кері байланыс орнатуға мүмкіндік беретінін айтқан болатын.

Мемқұрылымдар мен  қоғам арасындағы тиімді кері байланыс орнатуға арналғанаталмыш порталдағы «Ашық диалог» деп аталатын жүйенің бір бөлімі- «Интернет-конференциялар». Ақ Жайық өңіріндегі тұрғындар мен шенеуніктер арасындағы мұндай байланыс қаншалықты дамыған? Енді бір сәт соған тоқталайық.

Аталмыш портал арқылы облыста алғашқы интернет-конференция 2017 жылдың 29 тамызында сол кездегі облыс әкімі Алтай Көлгіновтің қатысуымен өткен екен. Тақырыбы – «БҚО елді мекендерін сумен қамтамасыз ету». Сағат 10-00-ден 16-00-ге дейін болған шараны 4606 адам қарап, төрт адам сұрақ қойып, тиісті жауаптарын алған (https://dialog.egov.kz/conference/277). Сол жылдың соңына дейін жол, мемлекеттік қызмет істері сынды салалар басшыларының қатысуымен бес осындай конференция ұйымдастырылған. Жалпы, саны 26 мыңнан астам кісі қарап, 15 сұрақ жолданыпты. Орта есеппен әрқайсысына үш сұрақтан келіп тұр. Бір қызығы, ол кезде жиын саны аз болғанымен, оны қарағандар мен сұрақ қойғандар бойынша өзге жылдармен салыстырғанда, ең көбі сол 2017 жылға тиесілі екенін көре аламыз (https://dialog.egov.kz/conference/all?page=9&govAgencyId=34).

2018 жылы 12 интернет-конференция өтіпті. Бәрі де жылдың соңында, яғни қазан айының 17-30-ы аралығында ұйымдастырылған. Мұнда ауыл шаруашылығы саласы, соның ішінде егін және мал шаруашылықтарындағы жаңа технологиялар, агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру туралы болған шараны 685 адам қарап, екі сұрақ жолданған екен (https://dialog.egov.kz/conference/511). Ал бұл жылы болған конференцияларды 6 мыңға жуық адам қарап, тоғыз  сұрақ қойған (https://dialog.egov.kz/conference/all?page=7&govAgencyId=34).

Облыста интернет-конференцияның ең көп өткен уақыты – 2019 жыл.  11 сәуірден 10 желтоқсан аралығында 26 шара ұйымдастырылған. Оны бар болғаны 3 мыңнан астам кісі қарап, 13 сұрақ берілген. Кейбір мемқұрылым ол сұрақтарға жауап та берілмеген (https://dialog.egov.kz/conference/951). «2019 жылдың 22 қазаны күні «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласына көрсетілген қолдаулар туралы» тақырыбында бізде интернет-конференция болды. Сағат 9-00-ден 18-ге дейін өткен бұл шара барысында түскен екі сұраққа басқарманың бөлім басшылары жауап берді. Бірақ «жауаптар» деген ұяшық ашылмаған соң, жауаптарды «түсініктемелер» деген ұяшыққа орналастырдық» дейді БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз хатшысы Нұргүл Мұқанова.

Ал биыл 28 қаңтар – 13 наурыз аралығында бес конференция өтіп, оны 353 адам қарағанымен, бірде-бір сұрақ жолданбапты (https://dialog.egov.kz/conference/all?page=2&govAgencyId=34).

Егер 2017 жылдан қазіргі кезге дейінгі аралықты шотқа соғатын болсақ, 48 интернет-конференция ұйымдастырылып, 35 мыңның үстінде адам қарап, 74 сұрақ жолданғанын байқаймыз.

-Мемлекеттік қызметтің тиімділік әлеуетін, олардың экономикалық дербестігі мен жауапкершілігін арттыруда «Ашық үкіметтің» маңызы зор. Үкімет тарапынан мемлекеттік құрылымдардың есеп беруін, қоғамдық бақылаулардың күшеюін, азаматтық қоғамның араласуын қамтамасыз ету бағытында көп жұмыстар атқарылуда. Енді қарапайым халық осындай игі өзгерістерге бейімделіп,«Ашық үкімет» порталындағы «Ашық деректер», «Ашық бюджеттер», «Ашық диалог» сияқты компоненттердің қызметін кеңінен пайдаланып, азаматтық белсенділігін танытып отырса, нұр үстіне нұр,-дейді БҚО ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер және архивтер басқармасының бөлім басшысы Лилида Сайнова.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

«Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале