24.09.2024, 12:30
Оқылды: 93

«Ақшаны игермеген аудандарға келесі жылы қаражат берілмейді» – БҚО әкімі

Облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің төрағалығымен аппарат кеңесінің кезекті отырысы өтті. Облыс әкімдігінде ұйымдастырылған аталмыш жиында күн тәртібі бойынша егін жинау науқаны  туралы  есептік баяндамалар тыңдалып, аутомобиль жолдарын жөндеу мәселесі қаралды.

ЖП АҚША

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллиннің айтуынша, бүгінде 292 мың га дәнді дақыл орылған. Бұл – жиналуға тиіс алқаптың 98 пайызы. Облыста орташа 9,8 ц/га өнімділікпен 287 мың тонна астық жиналған. Сондай-ақ 17 мың га майлы дақыл орылып, орташа 8,5 ц/га өнімділікпен 14 мың тонна майлы тұқым алынған. Сонымен қатар, 6,5 мың тоннадан астам картоп, 14 мың тонна көкөніс, 18 мың тонна бақша өнімі жиналып, егін ору жұмыстары жалғасуда.                                                                                                

– Маңызды міндетіміздің бірі – егін орумен қатар, күздік дақылдар егісін аяқтау. Бүгінде облыста 64 мың га күздік дәнді дақыл егілді. Жалпы күздік егіс бойынша жоспар 65,4%-ға орындалып тұр. Егіс жұмыстары жақын күндері аяқталады. Күзгі далалық жұмыстарға 8,3 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Жеткізуші оператор – «Нэфтек» ЖШС. Дизель отынын Орал қаласындағы мұнай базаларынан, жанар-жағармай құю стансаларынан аудан орталықтарына дейін жеткізіп беру бағасы – 250 теңге/литр.

Облыс бойынша биыл тыңайтқыштар көлемін 36 075 тоннаға дейін жеткізу жоспарланған. Өңір диқандары жаздық және күздік егіске 7 219 тонна тыңайтқыш сатып алды. Демеуқаржы беру бағдарламасы бойынша осы жылы жергілікті бюджеттен 709 млн теңге бөлініп, қазіргі таңда шаруашылықтарға 391 млн теңге демеуқаржы төленді. Облыс шаруаларымен және аудандағы әріптестерімізбен бірлесіп атқарған жұмыстардың нәтижесінде, тыңайтқыштарды енгізу көлемі 2023 жылмен салыстырғанда екі есеге жуық артты, – деп атап өтті Жасұлан Халиуллин.

Аграрлық несие корпорациясының басшысы Марат Ермекұлының берген мәліметі бойынша, «Кең дала-2» бағдарламасы арқылы егіс және егін ору жұмыстарын 5%-бен қаржыландыру үшін 12,0 млрд теңге бөлінген. Бүгінде шаруаларға 2,4 млрд теңге беріліп,  қосымша 500 млн теңгеге өтінімдер қаралуда. Биылғы жиналатын өнімді сақтау үшін облыста арнайы лицензиясы бар 8 астық қабылдау кәсіпорны бар.

Өсімдік шаруашылығын демеуқаржыландыруға 1,7 млрд теңге бөлініп, оның 780 млн теңгесі төленген. Демеуқаржы беру жұмыстары жыл соңына дейін жалғаспақ.  

Облыстық жолаушылар көлігі және аутомобиль жолдары басқармасының басшысы Марат Қуаншәлиевтің айтуынша, облыстағы жолдардың жалпы ұзындығы 6183 шақырымды құраса, оның 1421-і республикалық маңызы бар жолдар. Биыл облыста 143 жобаға 91,6 млрд теңге бөлініп, оған 642 шақырымнан астам жолды жөндеу жоспарланған.

– 2019-2023 жылдары облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды жөндеуге 87,3 миллиард теңге жұмсалып, 1059,1 шақырым жол жөнделді.   Биылғы жылы су тасқыны кезінде құм-қиыршық тас шұңқырларын су басты. Жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан жол учаскелеріндегі жұмыстарды дер кезінде бастап, жалғастыру үшін бізге құм-қиыршық тас қоспасы жетіспейді. Мұндағы құм-қиыршық тас қоспасының 67 пайызы жыл басындағы алдын ала төлемнің нәтижесінде дайындалған. Биылғы жылы барлық мердігерлерге жол құрылысы жұмыстары сәуір айынан қыркүйек айының соңына дейін аяқталуы тиіс екені ескертілді, алайда өткен су тасқынына байланысты кейбір аудандарда құрылыс жұмыстары кеш басталды, – деді Марат Қуаншәлиев.

Биыл облыстық маңызы бар 11 жолды жөндеу жоспарланған. Қазіргі таңда үш нысан қайта жаңғыртылып, екі жобада күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Облыстық жолаушылар көлігі және аутомобиль жолдары басқармасы басшысының берген мәліметіне сүйенсек, Ақсай-Приуральный тас жолын күрделі жөндеуге екі рет конкурс жарияланғанымен, мердігер компания табылмаған. Федоровка-Ақсай тас жолы бойынша жоба сараптаманың оң қорытындысын алып, қазір құзырлы құрылымдар конкурсқа құжаттама дайындауда.

Облыс әкімі жол жөндеу жұмыстарының қарқыны төмен деңгейде жүріп жатқанын сынға алып, жұмыс жасамайтын мердігерлерді сотқа беруге немесе келісімшартты біржақты бұзуға кеңес берді. Сондай-ақ облыс әкімі жаңадан төселген асфальтпен жүріп, оны бүлдіріп жатқан көліктерді мысалға келтірді.

«Біз өткенде жаңадан төселген асфальттың үстінен өткен көліктерді көрдік. Ол жолда қандай сапа болады? Жолшыларды жіберген кемшілікті түзетуге мәжбүрлеуіміз керек. Талапқа сай келмейтін аумақты бұзып, қайта жасасын. Жолдың сәйкес келмейтін бөлігін белгілеп, асфальтты толығымен алып тастап, қайта салсын. Сонда ғана олар сапаға мән беретін болады», - деді облыс әкімі.

Аппарат кеңесінде белгілі болғанындай, жол жөндеу жұмыстарын мерзімінен бұрын  орындау бойынша Ақжайық, Бәйтерек, Жәнібек аудандары көш бастап тұр. Ал Бөрлі, Жаңақала, Казталов, Сырым, Тасқала аудандарында жұмыс қарқыны 50-70 пайыз аралығында, яғни орташа деңгейде. Бөкей ордасы, Қаратөбе, Шыңғырлау аудандары бойынша жол жөндеу жұмыстары көш соңында тұр.

«Келесі жылы жол жөндеуді ұйымдастыра алмаған, ақшаны игере алмаған аудандарға қаражат берілмейді. Басқа жерлерде жол жасалмай жатыр. Сіздер берген ақшаны игере алмайсыздар. Сондықтан халық алдында өздеріңіз жауап бересіздер!», – деді облыс әкімі жиында.

Аппарат кеңесін түйіндеген өңір басшысы Нариман Төреғалиев күзгі жиын-терімді шашау шығармай уақытында жинап алуға, жол жөндеу жұмыстарын ширатуға қатаң түрде тапсырма берді.

Гүлжамал Жолдығали

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале