12.02.2019, 16:50
Оқылды: 40

«Ақжайық» Түркиядағы алғашқы жаттығуын аяқтады

Маусым алдындағы дайындық жұмыстарын Түркия жерінде бастаған «Ақжайық» футбол клубын алғашқы оқу-жаттығу жиынын аяқтады. Ұзақ уақыт демалыста болған ойыншылардың физикалық күш-қуатын қалпына келтіріп, команда құрамын жасақтауды мақсат еткен жиын барысында оралдық клуб бірнеше жолдастық кездесулер өткізді.

Алғашқы ойынды Сербия елінің «Спартак» командасымен өткізген Сергей Зайцев шәкірттері 3:1 есебімен жеңіске жетті. Ойындағы голдардың барлығын командаға келген жаңа ойыншылар соқты. Кейін болгариялық «Ботев» Враца және өзбекстандық «Металлург» командалармен ойнаған желестеріміз жеңіліс тапса, ресейлік «Урожай» командасымен болған матч 1:1 есебімен тең аяқталды. Ол ойында біздік команда сапында көзге түскен жас шабуылшы Ержан Ибрагимов. Жаттығудағы соңғы ойынын тағы бір өзбекстандық «Андижан» клубына қарсы өткізу керек болған едік. Аяқ асты оңтүстік көршілеріміз матчтан бас тартып, оның орнын Грузия елінің «Дила» командасы басты. Ол ойын грузиндердің пайдасына шешілді.

Оқу-жаттығу жиындары барысында жас ойыншалардың шама-шарқы байқалып, жаңа ойыншалар да бапкерлер құрамына өздерінің жақсы қырларын көрсетуге тырысты. Қорытындысында бірнеше ойыншымен еңбек келісімі ұзартылды. Атап айтар болсақ тәжірибелі қақапашы Сергей Ткачук келер маусымды команда сапында өткізетін болды. Сондай-ақ Бауыржан Омаров, Руслан Хаиров пен Владимир Покатилов сынды жергілікті ойыншылар да команданы Премьер Лигаға өткізуге бар күштерін салмақ. Олар да келісім-шарт мерзіміз ұзартты.

- Демалыстан кейін бас қосқан команда алғашқы жиынын аяқтады. Меніңше біз өте үлкен жұмыс атқардық. Әсіресе жеке жаттығулар өз әсерін береді деген ойдамын. Ойыншылардың командаға үйренісіп, физикалық күшін қалпына келтіру сияқты ойға алған жоспарларымыз түгелімен орындалды. Біраз жаңа ойыншылар келді, оларды байқап қарадық. Әзірге команда алпыс пайызға жасақталды деуге болады. Алдағы күндері тағы бірнеше ойыншы келетін болады. Өте қиынға соққан алғашқы жиынның бар ауырытпашылығын көтерген жігіттерге алғыстан басқа айтарым жоқ. Кейбір жас ойыншылар алғаш рет толыққанды жиынға келгеніне қарамастан,  барлық сынға төзе білді. Басқа елдің командаларымен күш сынасқан кезде кеше ғана жастар футболынан келген өрендерге тәжірибе жетіспейтіні байқалды. Бірақ, ешкім алған бетінен қайтпады. Жастарымыз алдағы уақытта қай бағытта жұмыстану керек екенін ұқты деген ойдамын. Әлі екінші оқу-жаттығу жиынымыз бар. Ол кезде де бірнеше жолдастық кездесу өткізуді жоспарлап қойдық. Жұмысымыз да қыза түседі. Сол жиын барысында команда құрамын жасақтауымыз керек. Жиында болған әр ойыншы – жеңімпаз. Жас болса да, команда алға қарай үлкен қадам басты деп ойлаймын,-деді соңғы ойыннан соң бас бапкер Сергей Зайцев.

IMG_8186-Алғашқы оқу-жаттығу жиынымыз аяқталды. Соңғы ойынды Грузия елінің командасымен ойнап, өкінішке орай жеңіліс таптық. Бірақ, біздің ең басты мақсатымыз Қазақстан чемпионатының Бірінші Лигасының ойындарын ойдағыдай өткізіп, Премьер Лигаға шығу. Жолдастық кездесу болған соң жеңіс те жеңіліс те болады. Біздің жеңістеріміз әлі алда. Команда сапын жас ойыншылар толықтырды, енді сол жігіттерге жол сілтеп, алға қарай бағыттайтын боламыз. Алғашқы оқу-жаттығу жиыны осылай аяқталды. Мықты тұстарымызды да осал тұстарымызды да көрдік. Енді келесі жиындарда тынбай еңбек ететін боламыз-деді команда капитаны Бауыржан Омаров.

«Ақжайық» ФК баспасөз қызметі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале