20.07.2026, 17:30
Оқылды: 43

Ақжайық ауданындағы айшықты істер

Облыстың өзге аудандарындағыдай Ақжайық ауданында да біраз жоба-жоспар жүзеге асып, жергілікті жұрттың ортақ игілігіне айналуда. Солардың бірқатарын біз бүгін аталмыш ауданға арнайы барған іссапарымыздан фотофакт-фоторепортаж жанрында оқырман  қауымның назарына ұсынып отырмыз.   

DSC01336

Үштөбеде мектеп  салынуда

Үштөбе – Жамбыл ауылдық округіне қарасты елді мекен. Жетпіс түтінді үшбу ауылда күні бүгін 315 тұрғын бар. Бір сүйсінерлігі халық саны бойынша Үштөбеде жыл сайын табиғи өсім тіркелуде. «Елге ел қосылса – құт» дегендей, оң қабақ танытарлық осы жайт 60 орындық жаңа мектептің құрылысы басталуына негіз болды. Жаңа білім ұясын «Астана Сапа Құрылыс» ЖШС салуда. Жобалық құны 850 млн теңге, ал жалпы аумағы 12 000 шаршы метрді қамтитын болашақ білім ошағында алдағы оқу жылы алғашқы қоңырау соғылуы үшін бүгіндері 25 құрылысшы еселі еңбек етуде.

DSC01181

Көсегесі көгерген  Көнеккеткен

Соңғы 10-15 жылдың бедерінде Көнеккеткен ауылдық округінің орталығында біраз жақсылық жүзеге асты. Мәселен, 2012 жылы жалпы орта білім беретін мектептің жаңа ғимараты салынса, 2013 жылы ауылға таза су мен көгілдір отын құбыры қатар тартылып, инфрақұрылымдық қос қуаныш көрініс тапты. Ал былтырғы жыл көнеккеткендіктер үшін әлгіндей қуаныштарға жүдә жомарт болды. Атап айтқанда, ауылдың үлкен-кішісін түгел қуантып, су жаңа сыңғырлаған Мәдениет үйі мен еңселі фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды.

DSC00761

Оның үстіне мүмкіндігі шектеулі жандар мен табыс-кірісі аз отбасылар үшін қос пәтерлі жаңа үй салынды. Ал биыл 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Көнеккеткенде кіндік қаны тамған мемлекет қайраткері Ораз Исаев атындағы мектептің 2006 жылғы түлектері туған ауылының балдырғандарына ойын-спорт қалашығын  сыйға  тартты.

– Біздің ауыл-аймақтың ендігі бір арманы – дене шынықтыру-спорт кешені. Көптің тілегі қабыл болып, оның да бір реті келер, – дейді Көнеккеткен ауылдық округінің  әкімі  Ұлдаш  Қадірғалиева.

Білім ошағы бой көтерді

Кеңсуат – Есенсай ауылдық округіне қарасты 72 түтінді елді мекен. Осы 400-ге жуық тұрғыны бар ауылда былтырғы қараша айында 60 оқушыға арналған жаңа мектептің құрылысы басталған болатын. Бүгіндері сол жұмыс негізінен тиянақтала келді. Мердігер мекеме «ДокаСтройКом» ЖШС-ның құрылысшылары қазіргі уақытта мектептің ішкі әрлеу және жаңа мектептің айналасын абаттандыру жұмыстарын жүргізуде. Учаске басшысы Максим Есжановтың айтуынша, 15 тамызға дейін барлық жұмыс түгелдей түбегейлі тындырылмақ.

DSC00700

Ал бізбен әңгіме барысында Есенсай ауылдық округінің әкімі Парасат Тасқалиев «Мектеп құрылысына 15 жергілікті тұрғын жұмысқа тартылып, бір жылға жуық ырыс-ырыздығын  тауып  келеді»  деді.

Бір  атаның  баласындай,

Бір  қолдың  саласындай!

1916 тұрғыны бар Ақжол ауылдық округінің құрамына Ілбішін, Қабыл, Тінәлі, Битілеу елді мекендері кіреді. Аталмыш ауыл-аймақтың «астанасы» 363 түтінді Ілбішінді бүгіндері 1223 тұрғын мекендеулі. Бұл – береке-бірлігімен, жарасты тірлігімен жақсаты шыққан ауыл. Біздің бұл уәжімізге ілбішіндіктердің бір атаның баласындай жұмыла  атқарған  ортақ  істері  дәлел.

DSC01187

Мысалы, Ілбішіннің 1969 жылы жарық дүниеге көрінген перзенттері ауылдық әкімдік пен мәдениет үйінің арасына 3,5 миллион теңгеге ені 160 сантиметр, ұзындығы 151 метр тротуар төсеп берген. «Орынғали» шаруа қожалығының қожайыны Иманмәлік Жұлқашев пен 1984 жылғы құрбы-құрдастар  850 000 теңге шығарып, Мәдениет үйі мен мешіттің арасын тротуармен жалғаған. Ал 1964 жылы өмірге келген ілбішіндіктер 2 млн 250 мың теңгеге ауылдағы әлеуметтік-мәдени нысандардың арасына қатынайтын жалпы ұзындығы 178 метр тротуар тартқан. 1979 жылғылар «Еркем-ай» балабақшасының бір бөлмесін жөндеп берсе, 1989 жылғылар 1 млн 600 мың теңгеге көше тренажерлерін орнатқан. «Сыйқуат» шаруа қожалығының егесі Асхат Омарғалиев 1 млн теңге жеке қаржысына 6 көше жарығы мен 6 баған орнатып, туған ауылының жарқырай түсуіне айтулы үлес қосты. Бұған қоса Асхат бауырымыз сонау сұрапыл соғыс жылдары ауылдың азаматтары сапқа тұрып, қан майданға аттанған жерге 2,5 миллион теңгеге ескерткіш орнатып берді. Бұл да бір өшпес ерлікке тағзымның айқын дәлелі, айшықты  мысалы.

DSC01340

1998 жылғы түлектер Қаршы мектебінің терезелерін жаңартып берсе, 1993 жылғылар ауылдарына 1 миллион 300 мың теңгеге киізүй сатып алып беріп, ұлттық рухты асқақтатты. 1992 жылы өмір есігін ашқандар өткен жылы мешітті қоршап, сауапты іс атқарды. Қазіргі ауыл тұрғындарының үлкенкішісі былтыр 1,6 млн теңге жиып, спорт алаңын жаңалапжаңғыртса, тура осындай қаржыға 1968, 1978 және 1988 жылы туғандар Ілбішіннің кіреберісіне  әдемі  арка орнатты.

DSC01179

Бізге осынау қарайған керемет фактіні жіпке тізген моншақтай қылып, Ақжол ауылдық округінің әкімі, танымал айтыскер әрі жазба ақын Бекболат Қаленов жанарында ауылдастарының бір атаның баласындай ұйымшылдығына деген мақтаныш нұры жарқырап айтып берді.

Жақсылық жалғасты һәм жұғысты болсын, бауырлар!

Файзолланың Бауыржаны,

«Орал өңірі»

Ақжайық ауданы

DSC00750  DSC01281 DSC01189 DSC00390 DSC01284 DSC01243 DSC00765 DSC00631 DSC01300 DSC00702

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале