22.11.2020, 22:05
Оқылды: 181

Ақжайық ауданындағы жеті елді мекенге газ тартылды (СУРЕТ)

Биыл Ақжайық ауданындағы Алғабас ауылдық округіне қарасты Жаңажол, Тегісжол, Қарағай, Тоған ауылдарына және Жамбыл ауылдық округіндегі Жамбыл, Үштөбе, Бітік елді мекендеріне газ тартылды.

Облыс әкімі Ғали Есқалиев іссапары кезінде Жаңажол ауылына тұрғындармен кездесіп, көгілдір отынның алауын жағу салтанатына қатысты.

84b56851-8044-4be7-8638-7970815b4bf3

«Біздің жұмысымыздың басты бағыттарының бірі – ауылдық елді мекендерді газдандыру. Өздеріңіз жақсы білесіздер, тоқсаныншы жылдарға дейін елді мекендерімізде газ болмады деп айтуға болады. Елбасының бастамасымен «Қарашығанақ» кен орнына шетелдік инвесторлар тартылып, инвестициялардығ арқасында көптеген ауыл аймақтарымыз газбен қамтылып отыр.Сонғы он-он екі жылдың ішінде шамамен 200-дей елді мекен газбен қамтылып, бұл жұмыстарға 30 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Биылдың өзінде облыс бойынша 1 млрд 300 млн теңгедей қаражат қарастырылып, 164 шақырымға газ құбырлары тартылды. 21 ауылға газ жеткізілсе, сіздің ауданда 11 елді мекен көгілдір отынның игілігін көруге мүмкіндік алды.. Газ бар жерде бизнестің те өркендейтіні анық. Кәсіппен айналысамын деген жастарымыз ауылда тұрақтап, осы игіліктердің жемісін көрсін деген тілек бізде. Бүгінгі қуаныш құтты болсын, ел жұрт аман болып, жақсылықтарымыз еселене берсін», - деп ақжарма тілегін арнаған облыс басшысы көгілдір отынның алауын тұтатты.

3341e106-78c1-4899-8120-e1be3900c8ce

«Бүгін біздің ауылда үлкен қуаныш. Табиғи көгілдір отынд – біздің ауылдастардың көптен тілегі. Сондықтан ел болып қуанып жатқан жайымыз бар. Барлық атсалысқан жандарға, ауқымды шаруаларды еш іркіліссіз атқарған құрылысшыларға алғысымыз шексіз. Аудан орталығынан шалғай орналассақ та, ауылымыздың іргесі сөгілген жоқ. Енді міне, аналарымыз, жар, қарындастарымыз ошақ жағып, күл шығарудың машақатынан құтылды. Бұл да болса, тәуелсіздігіміздің жемісі», - дейді ауыл тұрғыны Ерболат Есболсынов.

e84a2454-4fbc-40a5-abd5-233028c34b4f

Ғали Нәжімеденұлы сонымен қатар Алғабас ауылдық округіне қарасты «Сәбит» шаруа қожалығына ат басын бұрды. Осында сапалы өнім беретін малды асылдандыру ісімен дәйекті шұғылданудың ұтымдылығын, бұл үшін мамандардың мүдделілігі жайында жан-жақты әңгімеленді. Қожалықта 900 бас қазақтың ақбас сиыры, соның ішінде 451 бас аналық өсірілуде. Шаруашылықта 20-дан астам адам жұмыспен қамтылған. Жер көлемі – 13594,9 га. Жетекшісі Мирболат Құрманғалиев –шаруақорлығымен аймағымызға танымал азамат. Іргелі шаруашылықта соншама малдың қысқы-жазғы бағым-күтіміне барлық мүмкіншілік жасалған.  «Сәбит» шаруа қожалығы мал асылдандыру жұмыстарымен айналысатын бірқатар ғылыми орталықтармен тығыз байланыста. Шаруашылық соңғы жылдары асыл тұқымды бұқашықтарды өз өнімділігі бойынша бағалауға арнайы станция салып, оның негізінде бірнеше мәрте халықаралық, республикалық және облыстық деңгейде семинарлар ұйымдастырылды.

cac87fd3-796a-4646-8fb7-61a4ab616ed1

Асыл тұқымдылығы бағалануы тиіс бұқашықтардың генетикалық әлеуетіне тез жетуі үшін бұл шаруашылық «GrowSafe» қондырғысын орнатқан. Бұл құрылғы азық қабылдау мөлшерін, жануарлардың салмағын автоматты түрде өлшейді және мал азығының тиімділігін болжап, асылдандыруды оңтайландырады. Ағымдағы жылы өз өнімділігі бойынша 4-бас асыл тұқымды бұқашық Нұр-Сұлтан қаласындағы «Асыл түлік» акцонерлік қоғамына берілді. Жылма-жыл су қоры азайып келеді, жайылмаларға мүлдем су көтерілмейді. Осыны ескерген шаруашылық иесі мал азығын қамтамасыз ету мақсатында екпелі шөптер егуді де қолға алмақшы. Көктемде 200 гектар танапқа дән сеппек. Қазіргі таңда жаңбырлатып суару жүйесін сатып алу үшін ресейлік «Eurasia GROUP» компаниясымен келісімшарттар жүргізуде.

742b7206-7858-47dc-be4d-ed1fdac894a7

Осындай ауқымы кеңіген қожалықтың жұмысымен кеңінен танысқан облыс әкімі Ғ.Есқалиев шаруашылықтың алдағы жоспарларымен танысып, сәттілік тіледі. «Етті тұқымды бұқашықтарды өз өнімділігі және ата-тегінің сапасы бойынша бағалауды тексеруді ұйымдастыру жақсы жолға қойылған. Осындай еңбеккерлердің арқасында саланың әлеуеті артары, экспорт көлемі мен экономикамыздың дамуына серпіліс берері сөзсіз. «Сәбит» шаруа қожалығының нағыз озат тәжірибе мектебі болып отырғанын мақтан етуіміз тиіс. Жаңа дәуірдің бір үлкен талабының үдесінен көрінген еңбектеріңіздің жемісі мол болсын» деді облыс басшысы.

0399df8e-5568-4468-a537-c4d05c08bc27

Әсет Бисенғалиев

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале